Жетісай базарындағы өртке байланысты комиссия құрылды

Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Өрт түнгі сағат 03:00-дің кезінде басталған. Оқиға орнына 47 өрт сөндіруші 16 көлікпен барған. Желдің салдарынан өртті сөндіру қиынға соқты. Осылайша құтқарушылар үш сағаттай тілсіз жаумен арпалысты. Өрт таңғы сағат 05:20-да ауыздықталып, 07:35-те толғымен өшірілді.

Базар аумағында ауданы 500 шаршы метр болатын жеке тұрған бір қабатты ғимараттан және ауданы 400 шаршы метр қалқаның астында орналасқан аумақтан өрт шықты. Базардың жалпы ауданы – 2 500 шаршы метр. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, — дейді мамандар.

Облыс әкімі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсететін комиссия құруды тапсырды. Оған әкім орынбасары Сәкен Қалқаманов жетекшілік етеді.

Комиссия алдымен зардап шеккендердің санын, одан кейін материалдық залалды есептейді.