Ғылым-тәрбие орындарының Нью-Йорктегі тобынан біздің ерекше көңіл бөлгеніміз, арнайы танысқанымыз Колумбийский университет болды. Бұл – Американың ең даңқты үлкен ғылым ордасының бірі. Бұл университет 1754 жылы екінші король Георг заманында әуелінде колледж болып құрылған.
Алғашқы ашылған жылында сегіз студент оқыған екен. Бүгінде отыз жеті мың студент бар деп саналады. Мұның негізгі тұрақты тобы жиырма мың студент көрінеді. Америкада студенттердің бір қаладан бір қалаға ауыса жүріп оқитын дағдысы бар екен. Ол студенттердің өз бетімен жеке тұрар тұрмысқа дағдылануы үшін кірген әдет көрінеді. Жалпы студенттер бұл университетте жылына оқудың өзіне 500 доллар төлейді. Жатақханаға 475 доллар төлейді екен. Бұл үлкен университет тегінде мемлекеттік емес, жай адамдар меншігіндегі университет саналады. Студенттердің біраз тобы ерекше жақсы оқыған үздік бағаларына қарай стипендия алатыны да бар. Университеттің кітапханасында үш миллион кітап бар деп саналады. Мұнда әр ғылым саласына арналған факультет саны мол. Әр факультеттің үй-жайлары бөлек-бөлек болғанда Колумбийский университет қаланың көп аумағын алады екен.
Мұндағы ғылым дәрежесі – бакалавр, магистр, доктор. Профессорлық өзі үш саты. Толық профессор кітаптар, еңбектер шығарған соң берілетін атақ көрінеді. Тегінде профессорлық үш саты дәреженің әрбір төрт жылда ауысып отыратын өзгерістері бар.
Филология тарауын алған көп тілдер оқылатын көрінеді. Сонда славян бөлімінде орыс, украин тілінен басқа да біздің Одақ елдерінің бір топ тілдері оқылады. Өзбек, азербайжан, армян тілінің курстары оқылады екен. Бұл университетте монғол тілінің, жалпы тюркологияның, аравистиканың, угро-фин тілдерінің белгілі мамандары бар.
Орыс әдебиеті үш сала курстарға бөлінеді. Олар екі семестр бойында XIX ғасыр әдебиеті, содан кейін XX ғасыр әдебиеті және өзіне бөлек совет әдебиеті оқылады екен. Осы бөлімді басқаратын профессор Стильман славян тілдері мен әдебиеттерінің тобын басқарады. Ол бізге осы бөлім студенттері сіздермен ұшырасуға аса құмар, кездестір деп маза бермей жүр десе де, кейін дәл студенттермен кездесетін сағатта сол студенттер жиылмады, біздің байқауымызша, бұл бөлімдер студенттерінің біздермен ұшырасуын факультет басшылығы онша тілемеген сияқты. Ал, кездескен аз ғана топ ішіндегі студенттері қияс сұрақ болмаса, совет әдебиетінің бүгінгі шындық табыс, өріс өсуін біле қойғысы келген жастарға ұқсамайды.
Жалпы университеттен, әсіресе, славян факультетінен алған аз әсерлерге қарағанда Одақтың бүгінгі әдебиет табыстарын, түрлерін арнаулы славян бөлімдерінің өзінде де ойдағыдай деуге болмайды. Оқушылары орыс тілін жақсы білетін тәрізді. Әсіресе, өткен дәуірлер әдебиеттерін және тыңғылықты танып білетіндей. Ал совет әдебиетін бірен-сарандаған адамдар жайлы болмаса, көпшілік шындықты біле қоймайды. Бұған екі түрлі себеп бар сияқты: ең әуелі Америка жоғары оқу орындарында славян мәдениетін, соның ішінде бүгінгі Одақ мәдениетін, әдебиетін оқытатындар көбінше ертелі-кеш мезгілдерде Россиядан ауып кеткен ауғын-көшкін адамдар көрінеді.
Олардың көбі ерте кеткені, кейін кеткені бар – бәрі де біздің Отан жаңалықтарына, әсіресе, социалистік әдебиет, мәдениет табыстарына қиғаш қарайтын адамдар. Олардың аузымен айтылған социалистік совет әдебиеттері жөніндегі шындықтар Америка студенттеріне оншалық қызықты, тартымды, қымбат дүние боп аталмайтын болу керек.
Сондықтан бір Колумбийский университет емес, кейін біз ұшырасқан Лос-Анжелос университеті, Бостон университеті (Гадвард университеті), Фреснодағы колледж – бәр-бәрінде де тіпті, славян бөлімінде оқып жүрген американ студенттерінің де көптен-көбі білсе орыстың ескі әдебиетін біледі, ал совет әдебиетінен, совет жазушыларынан білетіндері өте аз аңғарылды. Оларға совет жазушыларының шығармалары ұдайы біріне-бірі ұқсас және тек соғыс пен колхозды ғана айтатын сұрқай, бірыңғай іш пыстырар әдебиет деп танылатын көрінеді. Әрине, бұл жаулық тілмен баяндалатын өте қияс, теріс мінездемелер біздің әдебиет өрнектерін танытуға көмекші емес, кедергі. Кепіл емес, кесір, совет әдебиетінің Америка оқушысына жету жолындағы кедергі, кесірдің бір үлкені.
Сондай негізгі қаскөй көзқарас бір бұл жер емес, идеология жағын билейтін баспа, ғылым, зерттеу орындарының көбіне тараған әдіс-тәсіл болғандықтан, совет жазушыларының шығармалары Америка тіліне аударылып, басылып та шыға бермейді.
Бұл – екінші кедергінің бір түрі. Әрі кітаптың өзі жетпейді, әрі оның жөніндегі дұрыс әділ таныту, талдау білімі жетпейді. Сондықтан Американың бүгінгі студент жастары ғана емес, көптен-көп оқушы қауымы да совет әдебиетінің табыстарын, түрлерін, жазушыларын танымайды екен.
Біздің көп атақты жазушыларымыздың аттарын алғаш қана естіген құлақпен одырая, жатырқай қарасады. Ал сонымен қатар бұрынғы әдебиеттерімізді, өткен дәуірлер жазушыларын едәуір жақсы біледі деуге болады. Сондықтан да өзге-өзге емес, сол Колумбийский университеттің өзінде жоғарыда біз атап өткендей, өзбек әдебиеті мен қазақ әдебиетінің ауызша үлгілері, ескі эпостары туралы екі американ жастары ғылым дәрежесін ала диссертация қорғасыпты. Бұл жай бір ғана осы әдебиеттер емес, туысқан азербайжан, армян, грузин әдебиеттері туралы да болатыны күмәнсіз.
[…] Студенттерге кездестік те университеттің бірнеше көрнекті жайларын көп араладық. Сол қатарда оқытушы, профессорлар демалатын клубтары бір алуан көрінді. Сонда ас ішетін залдары, демалыс жайлары көп екен. Профессорлар кей орындарда биллиард, тағы бір жерінде шахмат, енді бір бөлмелерінде карта мен бридж ойнайды екен. Ол ауыр, қиын ойынның бірі саналады. Ермек үшін аз-аздап ақша салысып та ойнайды екен.
Ендігі бір айтатын дәл деректі әңгімелеріміз Америка Құрама Штаттарының бірнеше жоғары оқу орындарында болатын кейбір қолайсыз, ерсі мінездер жайынан білгеніміз жөнінде болсын. «Нью-Йорк таймс» газетінін 26 февральда шыққан санында Солсбери Харисон жазған жоғары оқу орындары жөніндегі бір мол мақала шықты. Мақаланың аты – «Жасырын жазушылар әшкереленуі». Мұнда Солсбери бір аудандық прокурор Френк-Хоган өзі әшкерелеп тапқан бір топ жұмыстар жайын баяндайды, прокурордың анықтауы бойынша, жоғары оқу орындарында студенттер үшін емтихан беріп, жас ғалымдар үшін диссертация жазып қорғайтын бірнеше топтар болады. Олар өзі төрт агентствоға бөлінеді.
Магистрлік диссертация үшін үш мың доллар алып жазатын болады. Студент үшін емтихан тапсырған ақысына елу доллардан бес жүз долларға дейін алатын болады. Кейбір сондай жалдамалар емтиханды студенттер үшін бір емес, бірнеше университеттерде беріп жүреді. Сол қатарда Колумбийский университетте, оқытушылар колледжінде емтихан табыс еткен жалдама адамдар жайы аталады.
Бір газет тілшісі прокурор Хоганның рұқсаты бойынша өзі қырық долларға келісіп, студент үшін емтихан өткізіп, кейін сол ақшаны прокурор Хоганның конторына қайырады. Солсберидің жазуында оқытушылар колледжінің президенті доктор Кэсуэлдің бұл жөнде көп қынжылып сөйлегенін келтіреді.
Сандары көп болмаса да, бұндайлардың оқытушының құлық-тәрбиеге адамгершілікке жат мінез екенін айта кеп, өз колледжінде мұндай мінездерді жоюға серт бергенін айтады.
Колумбийский университетте Елизавета дәуіріндегі драма жайлы диссертация жазып, екі мың долларға жалданып, сол ақшаның жарымын алып, кейін қашып кеткен бір жасырын жазушыны еске алады. Иешив университетінің профессоры доктор Самуэл Белкин сол университетке докторлық диссертацияны жалданып жазып берген адам жайын айтады. Бірақ диссертацияның қорғалған, қорғалмағанын атап айтпайды, деп осындай дәл айқын анық өрескел фактілер жайын Американың ең мол тарайтын газеті «Нью-Йорк таймстың» бетінде сол газеттің жауапты қызметкері Солсбери жазды. Әрине, бар университет тәрбиесі бұл емес те, барлық ғылым дәрежесін қорғаушылар бұл аталғандар емес, бірақ сонымен қатар Америка жоғары дәрежелі оқу орындары мен ғылым ордаларында кейде осындай да сорақы мінездер сойдия, жарыққа шыға жүретіні бар көрінеді.
Нью-Йорктағы ұшырасулардың бірқатары жазушылармен кездесу түрінде болды. Мол бір кездесу Пенклуб одағының мол тобы – көп жазушылар жиылған бір жайда болған еді. Онда жеке-жеке әрқайсымызбен топ-топ жазушылар әр жайларды сұрастыра әңгімелесті. Мұндайда біз әрқайсымыз өзді-өз әдебиетіміздің, республикамыздың табыстарын, жазушыларын, шығармаларын айтуға арнаймыз. Пенклубтың қатарында әралуан, әр жасты және әр ұлтты жазушылар бар көрінеді. Сол қатарда біздің досымыз негр ақыны Ленгстон Хьюз да болды.
Мұнда үлкен газеттердің сын бөлімдерінен кейбір бастықтары ұшырасты. Сол күні кешке белгілі жазушы әйел, бірнеше романы бар Женуэй дейтін жазушы әйелдің үйінде қонақта болдық. Мұнда күндізгі жазушылардан, журналистерден, сыншылардан көп адам жиналды. Жиыны үш жарым сағаттай отырысқан ұшырасуларда көп әңгімелер сөйленді. Кейбір сұрақтарда сырты аңқаулау көрінгенмен, іштей дау, сын – бізге арналған сын – аңғары да танылмай қалған жоқ. Мысалы, «тақырып бәріңе ортақ болғандықтан, барлық әдебиеттеріңіз біріне-бірі ұқсас емес пе?» – деген тәрізді дау сұрақ болды. Оның ар жағында «барлық советтік туысқан ұлттар әдебиеті бір ғана озғын әдебиетке еліктеуші емес пе» – деген де дау, күдік сезілуші еді.
«Сіздің әдебиетіңізде психология бола ма, терең бе?» – деген сұрақ та болды. «Журналдарыңыздың бәрі бір-ақ орталықтар тілі емес пе?» – дейтін де сұрақ болған еді.
[…] Нью-Йорктегі журналистер, жазушылар топтарымен ұшырасудың молырақ бір кездері «Сатердэй-Ивнинг» журналының басқарушысы – редакторы Норман Казинс ұйыстырған шақтарда болды. Жексенбі күні біз қала сыртында алпыс миль жердегі Норман Казинстің өз үйінде қонақта болдық.
Тоғай ішіндегі үлкен оңаша үйге жиылған қонақ көп екен. Бұлардың арасында журналдың жауапты қызметкерлері және көркемөнер қайраткерлері, әр сала мамандық адамдары, осы үйдің көршілері, достары да жиылған екен. Мұнда күні бойы болған шақта көп жайлардан алма-кезек сұрасу, білісу мол болды. Осы ұшырасуда да біздің әрқайсымыз, әр бөлек топ американ адамдарының ортасында болып, өзді-өзі тұсымызда әралуан әңгімелер жүргізген едік.
[…] Норман Казинс тегінде біздің Отанда бұрын болып қайтқан адам. Өзі бірнеше негізгі ойлары, ізденулері, еңбектері жәнінде біздің салт-санамыздан, философиямыздан шет шалғай ойлайтын адам болса да, екі ұлы мемлекет арасындағы қарым-қатынас татулық шеберінің ішінде қалыптасса екен деп шын тілейтін, едәуір әрекет ететін де адам көрінеді.
Ол өзінің серіктері атынан сөйлеген жауап сөзінде едәуір дұрыс пікірлер таратты. Бүгінгі күн мен болашақ туралы да біздің бәріміздің екі жақты жауаптылығымыз мол екенін, татулық үшін әрекет ету бар әрекеттің зоры екенін кең таратып айтты.
Өзінің үйінде болған мәжілісте Леонов пен менің айтқан кейбір пікірлерімді де еске алды. Жалпы «Сатердэй Ивнинг» журналының осы екі ұшырасуда болған адамдарының аңғарында біздің екі мемлекеттің ара қатынасына татулықты өткел ету мақсатын көбірек ойлайтын адамдар тәрізденді.
[…] Нью-Йорктегі күндерде біз әрбір күндізгі сағатты, кешкі шақты не қылса да үлкен Нью-Йорктің мол жаңалықтарының, оқшау өзгешеліктерінің әр бөлігімен танысуға арнаған едік.
Сол қатарда Нью-Йорктің атақты Уоллстрит көшесіндегі құмырысқадай қайнап жатқан бәсеке, жанталас, әралуан тайталас үстіндегі доллар табу қызу базары аталатын «Нью-Йорк» биржасында да болдық.
[…] Нью-Йорктегі тағы бір еске алатын ұшырасу «Жиырма бірінші клуб» аталатын Нью-Йорк адамдарына аса мәлім қонақжай бір клубта болған еді. Онда жоғарыда аталған «Сатердэй-Ивнинг» журналының бас қызметкерлері, атақты «Нью- Йорк таймс» газетінің Солебери сияқты ірі журналистері, әлгіде аталған Пенклуб мүшелері, жазушылардың америкалық лигасының мүшелері тәрізді көп адам жиылған еді. Сонда бір кезек Совет Одағынан келген жазушы қонақтардың сөйлеуін талап етісті. Біздің Америкадан алған әсерімізді сұрасқан еді. Мен өз кезегімде Нью-Йорк қаласы турасындағы ойға келген бір теңеуді таратып айтып шықтым.
[…] Нью-Йорктей қаланы сыпаттағанда, біз өзіміздегі осындай сыпаттарымыздың да баршасын еске ала, бұлар да XX ғасыр ортасындағы адамзат цивилизациясының сан алуан сеңгірлері деп танимыз.
Нью-Йорктегі ұшырасулардың тағы бір өзгеше есте қалған сәті Американың атақты қарт ақыны Карл Сэндбергке ұшырасу болды. Жасы сексен екіге келген, әлі қапсағай бойы тік, сергек келген қызыл жүз, ақ шаш, ақ мұртты қарт сырт пішіні жағынан өз Отанымызда ұшырасатын кейбір әдебиет, ғылым адамдарына ұқсайды. Бұл кісі өткен жылы біздің Отанымызға келіп қайтқан. Москвада болған, ауыл шаруашылық көрмесінен қазақ, өзбек павильондарын жақсылап аралағандарын да айтады. Бұған Щипачев орыс тіліне аударылып, басылып шыққан қарт ақынның кітабын бәріміздің атымыздан тарту етті. Аға ақын үлкен ырзалықпен қабыл алған еді. Ол өзіне сүйікті кейбір өлеңдерін орыс тілінде сыртқы дыбыс жағынан қалай шығатынын аңдамақ боп, Щипачевқа әдейілеп оқып беруді тапсырған еді.
Щипачев оқып шыққан соң ол орыстың тілінің естілуі үнге сұлу тіл боп шығатынын айтты. Дыбыс үйлестері күйлі тілдің бірі, өзім мағынасын білмесем де, орысша сөйлеген сөздерді үйлесімді дыбыстар келісіміндей тыңдаймын дей отырып, Москвадағы бір сәл жайды еске алды. – Мен «Москва» гостиницасында этаждағы кезекші әйелдің қасына кеп отырғанда, кейбір қызметкер күтуші әйелдер соның қасына кеп сөйлеседі. Сонда бір жиі естілетін «ага-ага-ага» дейтін демеу, леп дыбыстарының өзі де сол әйелдер сөздерін әнге айналдырғандай болады, – деді…
Біздің Отанымыздың американ халқы арасындағы тұрақты, сенімді досы қарт ақын Карл Сэндбергтің қасында болып, дос-жар ұзақ әңгімелерін тыңдап өту бізге Америкадағы ұшырасулардың ішіндегі ең бір қымбат сағаттардың бірі болды.
Осындай танысу, кездесу, білісу, ұшырасулар үстінде біз Нью-Йоркті бір жұмадай аралаған едік. Ендігі біздің сапарымыз Құрама Штаттың екінші шет жақ шегі – Тынық мұхит жағасына қарай беттейтін болды. Біз қарлы, жауын-шашынды, әлі қысы аяқталмаған Вашингтон, Нью-Йорк тұрған Атлантик теңізі жағасынан бұл мемлекеттің маужыраған жылы жағы – Тынық мұхит жағасындағы Калифорния штатына ұшуға беттедік. Алдымыздағы ендігі біздің көңіл қиялымызды тартқан үлкен қала – Лос-Анжелес.
Тағы оқыңыз: «Аса зор ұлы мемлекет» — Әуезов. «Америка әсерлері»
Нью-Йорктен Калифорнияға дейін. Әуезовтің Америкадағы сапарының бағыты
Вашингтондағы жұма намаз — Әуезов. «Америка әсерлері»
Әуезов Нью-Йорк туралы: Бұл қалада адасу мүмкін емес
«Сахнадағы сұмдық». Әуезов Америка театры мен киносын неге сынады?