ХҚКО мен полиция қызметкерлері көлікті сыйақыға заңсыз тіркеген

Нұр-Сұлтан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері мен полиция қызметкерлерін мемлекеттік тіркеуден өткен көлік құралдарын тіркеу кезінде заңсыз баюдың қылмыстық схемасын әшкерелеп, жолын кесті.

Антикордың хабарына қарағанда, тергеу барысында Нұр-Сұлтанның №2 арнаулы халыққа қызмет көрсету орталығының маманы – «Т.»-ның және Алматы облысы бойынша ДПП процессинг орталығының мемлекеттік автоинспекторының заңсыз әрекеттерге қатысы бар екені анықталған.

Аталған тұлғалар жүйелі негізде көлік құралдарын, оның ішінде шет мемлекеттерден әкелінген көлік құралдарын кәдеге жарату төлемін және бюджетке көзделген басқа да төлемдерді төлемей, жүйелі түрде ақшалай сыйақыға заңсыз тіркеген. 2022 жылғы 14 таызда тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.

Тергеудің осы кезеңінде республика бойынша көлік құралдарын заңсыз тіркеудің 500-ге жуық фактісі анықталып, осыған байланысты арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің және басқа өңірлерден полиция қызметкерлерінің қатысып-қатыспағаны тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша барлық қатысы бар тұлғаға құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесін көздейтін басқа ақпарат жария етілмейді.