«Мен бұл шаққа шейін мол Нью-Йоркке бірнеше күн көргендердің аттарын атап өттім. Енді осы көру, кездесу, кейбір кеңесулердің ішінен ерекше боп ойда қалған біздің оқушыға керек боларлық кейбір жайларға қайта оралайық. Рас, бұл қалада көргеніміз көп болғандықтан, аз да болса рет қатары кезектессін деп бірнеше топ тақырып атайық. Соның бірі – Нью-Йорктегі көркем өнер орындары, екінші – ғылым тәрбие орындары. Үшіншісі – жазушылар ортасы, төртінші – журналистер топтары болсын.
Көркемөнер, сурет өнерінен зор, мол қазынасы жиылған Американың атақты Метрополитен-музей, Нью-Йорк театрлары, Нью-Йорктегі кино, телевизор өнерлерінің бізге көрінген көріністерін еске алайық.
Ең алдымен көркем сурет, живописьтің мол ортасы – Метрополитен-музейге біз тек қана жаңа суретшілер үлгілерін, туындыларын ғана көруге бекіндік. Ескі классикалық сурет, скульптура қазыналарының нелер сирек, бай үлгілері бұл музейде мол екені күмәнсіз. Себебі ол бұл дүниежүзіндегі ең бай музейдің бірі. Ал, жаңа сурет өнері десек, оның да бар дүниедегі нелер ірі суретшілері өздерінің неше алуан жаңа туындыларымен, әрқилы ізденулермен сол музейдің жаңа бөлімінде мол көрсетіледі. Біз мұнда, мысалы, Роденнің көп еңбегін — эскизін көрдік.
Нью-Йорктің көркемөнер қатарының бірі, тағы бір молы театрлары. Әдетте кино көбейгелі театр азая түсті дейтін жалпы бір сөздер қай жақта болса да естіле жүретіні мәлім. Ал Америкада осы күнде киноның өзіне де зәулі шыққан, ол – телевизор. Бірақ осыларды айтумен қатар Нью-Йоркте театрлар аз емес екенін арнайы атай кету керек. Бір күнгі кешкі газеттегі жарнамаларға қарағанда, Нью-Йорктегі жалпы театр саны отыздың ішіне жететінін оқыдым.
Дәл осы күндердің кештерінде мен Бродвэйдегі белгілі екі театрдың биылғы сезонда аса өнімді даңқты боп тұрған екі спектаклін көрдім. Тобымызбен жүріп Вашингтонда бастағандай тек Американың өзінде ғана көруге болатын өткен жолда біз атаған Американың кейбір сорақы суреттерін де көре жүрдік.
Ал Бродвэйдің бір өзінің бойында талай белгілі театр бар көрінді. Жазушылар мен сыншыларға сұрақ беріп байқағанда, биылғы жыл репертуарында талантты, көркемдік қасиетімен тартымды жаңа пьесалар жоққа тән дескен еді. Сонда да Бродвэйдегі театрлардың ішінде биыл халық әсіресе, көп баратын екі спектакльді екі театрдан өзім көрдім. Біреуі былтыр Совет Одағына келіп қайтқан Америка сценарист-драматургі Пади Чаевский жазған «Оныншы адам» атты пьеса. Екінші – «Ғажайып жасаушы» деп аталатын Гипсонның пьесасы.
Осы екі спектакльге де халық аса мол барады екен. Бродвэйдегі өзі атақты театрлар болса да, мұнда театр үйлері үлкен емес. Залдары драма театрларының ықшам залдары. Сыртқы киімді көпшілік қолдарына ұстаған бойда орындарына ала отырысады.
Нью-Иорктегі көркемөнерден енді бір мол көргеніміз, әрине, кино мен телевизор экрандары. Америка киносында, әрине, «Жағада» атты дүниежүзілік бейбітшілік үшін күресудің жолында туған атақты зор жаңа фильм бар. Осындай бірен-саран өзге де халықтар достығына демократиялық сарындағы өз идеясы әсерлерін қосатын аздаған санаулы суреттер жоқ емес. Сонымен қатар ескі дінге байланысты әсіресе, христиан дінінің аңыздарынан, яһуди дінінің аңыздарынан алып жасалған мол-мол суреттер бар.
Біз көре алғанымыз жоқ, бірақ естуімізше «Сүлеймен пайғамбар мен патша қыз Савская» жайындағы сурет мол болып жасалған деседі. Ал біз көрген сондай суреттің бірі «Бенгур» – Римнің Палестинаны өзіне бағындырған отаршылдық, басқыншылдық дәуір тартысын көрсетеді. Бұл суретте Ғайсаның пайғамбарлығы, кейін көрген ғажаптары, жарымжандарды жазған мұғжидалары және өзінің дарға асылуы да баяндалады. Сурет үш жарым сағат жүреді. Мұнда ескі Рим әдеті бойынша қос дөңгелекті Рим күймесіне төрт-төрттен жегілген бәйге аттардың Рим циркінің аренасында кеп қатарлармен жұмыла жарысқан өте қызық бәйгесі көрсетіледі. Жиырма минуттай созылатын осы жегулі бәйге аттар жарысының үстінде кейбіреулер күйме астына түсіп күйрей құлап қан болып жатса, суреттің бас геройлары қатты жаулық бәсекеге түсіп, жарыс үстінде қан төгіседі.
Сөйтіп діншіл тақырып діндар көңілмен жасалған қалпында кейбір бүгінгі заманның отаншылдық, отаршылдық сияқты бүгінгі адамға түсінікті әсерлі қалыптарында да уақиға арқауына араласады. Суреттің аса мол шығын шығарылып, қымбатқа түскен сурет екені байқалады. Осындай ескі тақырыпта діншілдік қалыпта жасалған суреттер Американың қай зор қаласының болса да үлкен экрандарын, үлкен залды кинотеатрларын ұзақ мекендейтін көрінеді.
Сонымен қатар енді, әсіресе, мол және өте бір залалды ықпалы көп Америкадағы жас буын атаулыны анық, айқын жаман аздыратын мол бір суреттер тағы бар. Олар бұзықтыққа, қан төгуге, адамды адам иттей талауға арналған және сол жайлар өзінше көрер көзге қызық, қыздырмалы оқиға болып қалыптанатынын көресіз. Бұлар нағыз Американың көп айтылатын «Комиксы» дейтін кино суреттерінің, телефильмдерінің (телевизор) мол-мол тобына жатады.
Сахнада бір сұмдық болып жатса, залда отырған балалар мінездері мен қылықтары одан да өткен сұмдық тәрізденді. Бұл балалар толған зал әрбір өлім тұсында шулап, мәз бола күлісіп, қол соғып, аяқтарымен тақтай тепкілеп, өлтірушінің ісіне қызығып, кәдімгі қоянға тазы итін қосып айтақтатқан аңшылардай болысты.
Барлық өлім оларға киносуреттің тапқызбас қызығындай қызу әсер етті. Ірку, іркілу, қорқу-жирену жоқ, қызығу да қызықтау – жас балаларға бүгінгі Американың көп кино суреттерінің беріп жатқан жан жемі осындай болды да, оны қабылдау да жаңағыдай. Және балаларға сол кинодағы жаңағы суретке билет арзандаған бағамен сатылады.
Бұл көргеніміз, мұндағы еріксіз сезгеніміз бүгінгі Американың бүгінгі бар мәдениетінің сыртқы көркі, техникасы, барлығы, байлығы қатарында мынадай жас буынды жабайылық, қанқорлық, жыртқыштық бағытта баулығандай сұмдық аңғарылады. Солай болмасқа, ойламасқа шара да жоқ. Өйткені бұл біздің көргеніміз бір суреттің тұсында, бірер кинотеатрда ғана емес, ол Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анжелос, Бостон сияқты үлкенді-кішілі қалалардың бәрінде, барлық кино мен телеэкранның бәр-бәрінде жүріп жатқан күндегі көптен-көп шығармалар. Оларды жасаушылар арасында үлкен конкуренция – бәсеке де бар. Сондай суреттерді туғызумен үлкен капиталдар құрап жатқан компаниялар да бар. Олар Америкада не жазса да болады, не туғызса да болады, қандай кино жасаса да бөгет жоқ, цензура жоқ деген сымақтарды сылтау, арқа тіреу етеді. Сөйтіп, жас буынды жаман, сұмдық, бұзықтық, жыртқыштыққа көзін үйретіп, көңілін көндіріп, әдейілеп бастай баулиды.
Міне, Америка көркемөнері аталатын әлемнің ішінен осындай да өнер болмыстың пішінін көрдік».
Тағы оқыңыз: «Аса зор ұлы мемлекет» — Әуезов. «Америка әсерлері»
Нью-Йорктен Калифорнияға дейін. Әуезовтің Америкадағы сапарының бағыты