Өңір үшін экология мәселесі өзекті. Облыстағы 147 полигонның екеуінің ғана рұқсат құжаттары бар. Жер мәселесіне қатысты дау көп. Ірі шаруа қожалықтары 1 миллион гектардан астам жерді өз мақсатына пайдаланбай отыр. Өндіріске жақын жерлерде көпқабатты тұрғын үй салу да қоғамның наразылығын тудырады. Мал тұқымын асылдандыру үшін мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, сатып алынған асыл тұқымды ірі қаралардың сақталуы мен пайдасын да ешкім бақылауға алып жатқан жоқ.
Отырысқа қатысушылар ұсынылған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына қолдау білдірді. Кеңес мүшесі Бауыржан Ахметжан «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірдегі өкілі ретінде Антикормен бірлесе жұмыстанып жүргенін жеткізді.
Тұрғындар ең әуелі әлеуметтік мәселелерді шешіп бергенді қалайды. Мысалы, аялдамалардың аздығы, жол сапасы, спорт алаңдарының жетіспеушілігі, интернет сапасы, тағы сол сияқты түйткілдер көп айтылады. Аудандардағы жер комиссиясы құрамына қатысты да жергілікті халық жиі шағымданады. Құрамында тәуелсіз азаматтардың аздығын айтып, әділ шешім боларына күмәнмен қарайды, — деген Бауыржан Закиұлы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін мемлекеттік органдардың өздерінен ұсыныстар болуы қажеттігін, сол арқылы бірқатар нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу керектігіне тоқталды.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов айтылған ұсыныс-пікірлердің орынды екеніне тоқталды.
Кейбір нормативтік актіге өзгерістер енгізу туралы көптен айтып-ақ жүрміз. Ұсыныс ең әуелі мемлекеттік органның өздерінен болуы керек. Көптің аузында жүрген Шаған жағасындағы құрылыстың жыры да бітер емес. Естеріңізде болса, он жылдан астам уақыт бұрын қаланың шеті, бау-бақша серіктестіктері суға кеткенде, Шаған жағасындағы заңсыз құрылыстардың судың табиғи жолын тарылтып, бітеп тастағаны апат себебі ретінде айтылды. Су қорғау аймағында кәсіпкерлер он жерден жақсы жоба жүзеге асырса да, біз бірінші кезекте халықтың қамын күйттеуіміз керек, — деді Ербол Ғұмарұлы.