«Кез келген зорлық-зомбылыққа төзбе» дейді қолданба авторлары. Tozbe авторлары — 16-17 және 19 жастағы қыздар.
Жобаны әзірлеушілердің бірі Мира Оңғарованың айтуынша, қолданбада SOS дыбыстық функциясы жұмыс істейді. Агрессор құрбаны «көмектесіңіз» деп айтқанда, қолданба бірден оның туыстарына хабарлама жіберіп, көмекке шақырады. Қолданбаның 20 метрге дейінгі қашықтықтағы дыбыстарды жазуға мүмкіндігі бар екен.
Ең әуелі қолданушы қолданбаны смартфонына жүктеуі және онда өзі туралы деректерді, сенімді және көмек бере алатын жақындарының байланыс нөмірін енгізуі қажет. Көмек керек кезде хабарлама сол кісілерге жіберіледі. Хат телефон нөміріне жіберілгендіктен жақын адамыңыздың ол қолданбаны жүктеуі міндетті емес. Әрине, сіз SOS функциясын өшіріп қоюыңызға болады, дегенмен онда оның еш мәні қалмайды. Ал қолданушының жеке мәліметтері құпия қалатынына кепілдік береміз, — дейді ол.
Жоба әлі қолданысқа енбеген, дегенмен қыздар жыл соңына дейін оны жасап бітетінін, кез келген адам емін-еркін пайдаланатынын айтады. Сонымен бірге мұнда нұсқаулықтар, заңгерлер мен психологтардың байланыс нөмірлері де бар. Жоба қазақ және орыс тілінде жұмыс істейді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасам, не істеймін?» немесе «Зорлыққа ұшыраған адамды көргенде қалай көмектесу қажет?», «Полиция арызды қабылдамаса, не істеймін?» деген сияқты сұрақтардың жауабы жазылған чек-листер болады. Оны жасауға білікті мамандар ат салысты, — дейді жоба авторы.
Tozbe-нің тағы бір ерекшелігі — жасырын сипаты. Бір көрген адамға оның ішкі функциясы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты емес, кәдімгі ойын-сауық қолданбасы сияқты көрінеді екен.
Кейбір агрессор құрбанның смартфонын ақтаруы мүмкін. Сол кезде тұрмыстық, отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қолданбаны көріп, оны одан әрі қинауы мүмкін. Сол себепті қолданушының қауіпсіздігі үшін жасырын қолданба форматын жасауды жөн көрдік, яғни агрессор немесе басқа бір адам қолданбаға кіргенде ішінде сән журналы, кітаптар топтамасы сияқты ақпараттар тұрады. Бастапқыда «Бұл туралы ашық жария етсек немесе Tozbe туралы көп айтсақ, агрессорлар да оны біліп алады ғой» деген уайым болды. Кейін біз зәбір көрсетушіден қорқуды емес, құрбанға жәрдемдесуді бірінші орынға қою керек екенін түсіндік, — дейді Мира Оңғарова.
Мираның сөзінше, алғашында жоба «Әйел» деп аталыпты. Дегенмен кейін олар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тек әйелдер емес, басқа отбасы мүшелері де ұшырауы мүмкін екеніне ескеріп, атауын өзгертуді жөн көріпті. Сөйтіп қолданбаны Tozbe, ал өз командасын Shuaq деп атайды.
Командадағы қыздар — мектеп оқушылары. Сәния жобаның техника бөліміне жауап береді. Аружан — интерфейс дизайнері. Сонымен бірге екеуі қолданбаны бағдарламалаумен, түрлі грантқа өтініш берумен айналысады. Бизнес жоспар құру, веб-сайт жасау, дағдарыс орталығы және баспаналармен байланыс орнату — Селиннің жауапкершілігі. Дана — SMM-менеджер, материал жазады, пост дизайнын әзірлейді, оған қоса гранттар мен конкурстарға видеолар түсіреді. Ал деректер жинау, сұхбаттасу, сарапшылармен жұмыс істеу Аликсенияның мойнында. Жобаны әуеліде конкурс үшін жасағанбыз. Қолданбаны жасамас бұрын қыздар маған ментор болуды ұсынды. Қуана келістім. Сөйтіп осы жобаны жасап, халықаралық Technovation girls, İnformatrix Asia байқауларына қатысып, жүлделі орынға ие болдық. Кейін бұл жобаның қоғам үшін маңызды екенін түсінген соң сыртқа шығаруды дұрыс деп есептедік. Қазір ментор емес, әлеуметтік бөлімнің басшысымын. Медиамен байланыс орнату, әлеуметтік желілерде бөлісумен айналысамын. Ал командамыздың атауын Shuaq деп атауымыздың өз себебі бар. Кез келген оқиға, кез келген қиындықтың артынан күн шуағы шашылатынына, жарқын күндер болатынына сенімдіміз. Сол сияқты бұл жоба қолданушыларымызға сол шуақты күнге жетуге көмектессе екен дейміз, — дейді Мира Оңғарова.
Мира Қазақстанда зорлық жасағандар үнемі жазалана бермейтініне, ал полиция барлық кезде зәбір көрген адамға көмектеспейтініне қынжылады.
Туыстарымның басынан өткен оқиғалардың куәгері болмадым, бірақ бірде көшеде харассментті байқадым. Бірден смартфоныма түсіріп, полицияға арыз жаздым. Алайда құқық қорғау органдары арызымды қабылдамады. Міне, осындай мәселе де бар. Сонымен қатар әйелдер күйеуінен зәбір көретінін айтуға ұялады, қысылады, бірақ біз бұл проблемамен күресуіміз қажет. Оған біздің қолданба көмектеседі деген үміттеміз, — дейді автор.
Мира Оңғарова және команда мүшелері қазір жобаны толықтырып жатыр. Жоспарда қолданбаға геолокация функциясын қосу, жобаның веб-сайтын жасау бар. Дегенмен мұның бәрін жүзеге асыру үшін қаражат керек. Сол себепті қыздар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне бей-жай қарамайтын демеушілерді іздейді.