Аяулым (есімі өзгертілді), журналист:

«Сұхбатқа жалғыз бармайтын болдым»

Бір танымал адамнан сұхбат алуға бардым. Интервью сол кісінің өмір жолы туралы еді, кабинетінде өтті.

Сұрағыма жауап беріп отырып, «қандай әдемісің, анау-мынау» деген сөздер айта бастады. Онысын байқамағандай болып, әңгімеге қайта айналып келемін. Бір кезде сұхбат бітті. Енді мақалаға салатын сурет таңдау қажет. Ана кісі телефонынан қай суретті алуға болатынын көрсетіп жатып, қымбат жиһазы бар үйін, көлігін, шетелде қыдырып жүрген суреттерін көрсетіп әуре болды. Ол фотолардың әңгімемізге еш қатысы жоқ еді. Өзімді жаман сезіндім. Енді қайтайын деп рақмет айтып жатқанымда құшақтап алды. 1-2 секунд не істерімді білмей қалдым. Сосын бірден есімді жидым да, дереу кетіп қалдым.

Ғимараттан шыққан соң аяқ-қолым дірілдеп, көзім қарауытып, өзіме әрең келдім. Аялдамаға зорға жеттім. Біреу артымнан қуып келе жатқандай болды. Осы жағдайдан соң ешбір сұхбатқа жалғыз бармайтын болдым. Фотограф ертіп аламын, сосын оны сұхбат біткенше күттіріп қоямын.

Арада 2-3 ай өткен соң бір бейтаныс нөмір хабарласты. Ойымда ештеңе жоқ, ала салдым. Сөйтсем, сол кісі екен. «Нөміріңді үстеліме жазып кетіпсің» деді. «Жоқ, мен ешқандай нөмір қалдырмадым, шатастырдыңыз» деп телефонды қоя салдым.

Психолог Әлия Четиннің айтуынша, Аяулымның басында мұндай жағдай бұған дейін де болған. 

Аяулым әлгі кісінің әрекетінен қатты үрейленіп қалған. Бұлай дейтінім, оның денесі оқиғаға сондай реакция беріп тұр. Немесе Аяулымның бала шағында осыған ұқсас жағдай болуы мүмкін. Қазір сол қайталанып тұр. Аяулымның не сезінгені, аяқ-қолының дірілдегені, бұл оқиға туралы не ойлайтыны жайттың қайталанғанын көрсетеді. Балалық шағында зорлық, харассмент көрген адам өзіне біреудің жақындағанын қаламайды. Әлгі адам Аяулымның жеке шекарасын бұзды, ал қыз бұған қалай жауап беру керек екенін білмеді. Өйткені сұхбаттарға жалғыз баруға қорқу, одан қашу қатты үрейленгенін білдіреді. Мұндай үрейден құтылу үшін Аяулымға психологқа баруға немесе одан консультация алуға кеңес береміз.

Нартай (есімі өзгертілді):

«Ол қыздар неге өйтеді?»

Харассмент дегенді қыздар ғана көреді деу қате. Өмірімде екі рет қыздардан харассмент көрдім. Біріншісі оқушы кезімде, екіншісі студент күнімде болды. Жатақханада өзім қатарлы қыз тиіскен. Не істегенін тәптіштеп айтпай-ақ қояйын, екі оқиғада да қашып кеттім. Қашып шықпасам, әрі қарай не болатыны белгілі еді. Ауылдан шыққан, үлкен кісілердің тәрбиесін көрген соң, оның үстіне ар-ұятты біліп өскен соң ондайдың дұрыс емес екенін түсінетінмін.

Негізі ондай қыздар ұялшақтау, көп адаммен аралас-құраласы жоқ жігіттерге тиіседі. Ұялшақ жігіттер не болғанын ешкімге айтпайды, қыз туралы жұртқа жаймайды. Мұндай жағдайдан соң қандай да бір қорқыныш қалмады. Бірақ менің орнымда басқа жігіт болса, қыздарға сенуден қалар ма еді, кім білсін.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Бұдан соң жалпы қыздарға қатысты көзқарасым өзгермеді. Әлгі маған тиіскендер жайлы «өмірде сондай қыздар да бар» деп қана деп түсіндім. Басқаларға мейіріммен қарасам, бұларды қыз ретінде, әйел ретінде көрмедім. Шынымды айтсам, әлі күнге екеуін жезөкшедей қабылдаймын.

Оқушы кездегі қыз әке-шеше тәрбиесін көрмеген, бірақ ата-әжесінің қолында өскен, еркетотай еді. Студент кездегі қыздың отбасы туралы білмеймін. Өздерін неге олай ұстағанын түсінбедім. Ол қыздар неге өйтеді?

Әлия Четин «жоқ» дей алмайтын адамдар жеке тұлға шекарасын білмейтін отбасында көбірек өсетінін айтады. 

Нартайдың анасы отбасын басқарған, бәрі соның айтқанымен жүрген сияқты. Ол да адамның жеке шекарасын жиі бұзған болуы мүмкін. Нартай да «жоқ» деп айта алмайды. Олай деу үшін балаға кішкентайынан «оның жеке өзіне тиесілі дүниелер» бар екенін айту қажет. Балада өз-өзімен қала алатын жеке кеңістігі болуы керек. Дауыс көтеріп сөйлесуге болмайды. Алкоголизм, ұрып-соғу кездесетін отбасында жеке шекара бұзылады. «Жоқ» дей алмайтын жігіттер мен қыздар шекараны білмейтін отбасында көбірек өседі. Нартайға тиіскен қыздардың да отбасында шекара сақталмаған болуы мүмкін. Соның кесірінен өзгенің жеке шекарасын бұзбау дегенді білмейді, білсе де мән бере бермейді.

Мадина (есімі өзгертілді):

«Ауылға жеткенше зорға шыдап бардым»

6-7-класта оқитын кезім. Туыстарым көрші ауылдан өз ауылыма баратын таксиге мінгізіп жіберді. Жолдың ұзақтығы – 2 сағат. Таксиде жүргізушімен қосқанда төрт ер адам болды, бесінші жолаушы болып мен міндім. Ортаға отырып қалыппын, бірақ ештеңе ойламадым. Жолдан бір тоқтағанда жанымдағы адам «ортаға отырып қалдың ғой, оң жаққа ауыс» деп орын ауыстырды. Өзі ортаға отырса да, қолымен есікті ұстап отырды. Сосын ешкім көрмейтіндей етіп оң жақ төсімді сипады. Мен алға қарай жылжып, қозғалақтап қоям. Бар қарсыласқаным — сол. Біресе иығымнан, біресе қолымнан ұстады. Көлік ішіндегілерге айтуға қорықтым. Сөйтіп, ауылға жеткенше зорға шыдап бардым.

Одан бұрынырақ болған мына жағдай есімде. Әке-шешем бір жаққа кететін болды да, мені көршінің үйіне қонуға қалдырды. Ол кезде тіпті кішкентаймын, 7-8 жаста болуым керек. Төсек салынды. Көрпе жамылып, ұйықтауға ыңғайландым. Бір кезде сол үйдің баласы көрпемнің сыртынан құшақтады. Ол 15-16 жаста. Көрпемді ашпақшы болды, санымнан сипады, белімнен ұстады. Дірілдеп, теріс қарап жаттым. Қорыққанымнан қимылдай алмай қалдым. Сосын ол баланың анасы келіп қалды да ұйықтап қалдық.

Осындай жағдайлардан соң ба екен, ер адамдардың жанында қалуға, оларға жолауға қорқатынмын. Тіпті жездеммен бір бөлмеде отырмауға тырысатынмын. Еркек болса болды, кішкентай қыз ба, үлкен бе, қарамайды, жақындасқысы келіп тұрады деп ойлайтынмын.

Жұмыстағы бастығымның көзқарасы ұнамайтын. Үсті-басыма қатты қарайтын, көзімен түгел шолып шығады. Кабинетіне шақырғыш. Бір іс-қағаздар болса, орындықты өзінің жанына қойып, әлгі құжаттарды бірге қаратқызатын. Ол кісімен де жеке қалуға қорықтым. Мүмкін болса, алыстан сөйлесіп, жауап беремін. Қасына бармауға тырысам, әлгіндей үсті-басыма қарағыштағанын байқағанда қабағымды түйіп алам. Өзімше қарсыласқан түрім.

Бұл жайттарды 23 жасқа келгенше ешкімге айтпадым. Сосын психологқа басқа проблемамен барғанда осы көрген харассментті айттым. Мұндайды айтуды жаман, ұят нәрсе деп ойлайтын едім. Ол кезде «жоқ» деп айта алмадым. Қазір қарсыласа аламын, ондай нәрсенің дұрыс емес екенін білемін.

Маман Мадинаның 7-8 жасында көргені «психологиялық және сексуал зорлық» деп аталатынын айтты.

Бұл жыныстық қатынас болмаса да, зорлық көрсету деп саналады. Бала Мадина секс, зорлық дегеннің не екенін мүлдем білмеген. Сондықтан әлгі жігіттің әрекетіне қарсы тұра алмаған, не істеу керек екенін түсінбеген. Бала үшін ол білмейтін дүние көбіне «жарақат» болып қалып қояды. Әлдебір әрекеттің не үшін жасалып жатқанын түсінбейді. Әдетте әлдене қолынан келмесе, бала әрдайым өзін кінәлайды. «Бұл жағдайдың болғанына мен кінәлімін» дейді. Мадинаның ойында 7 жасынан бері дене, денеге жақындау, қол тигізуге қатысты сұрақтары жауапсыз қалып келген. Ал бұл оқиға 6-7-класында қайталанғанда, Аяулымдағыдай триггер пайда болған, яғни қатты үрейден қарсыласа алмаған. Дене балалық шақта болған оқиғаны жадында сақтап қалады да, соған ұқсас жағдай болғанда бірдей реакция беріп отырады.

Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ата-ана ұлына, қызына адамның жеке шекарасы деген ұғымның бар екенін айту керек. Одан бәрі бірдей аттап кете алмайтынын түсіндіруге тиіс. Балаға тәптіштеп түсіндіруден қашпау да, ұялмау да керек. Керісінше, жеке шекара туралы айтылмай қалса, бала есейген соң секске, ер адамға, әйелдің нәзік болуына қатысты қате түсінік, ұстаным қалыптастырып алады. Бұл оның өміріне кері әсер етеді.

***

Анықтама. Харассментке мынадай іс-әрекеттер жатады:

  • дене тұрғысынан — адам қалап тұрмаса да оның денесін ұстау, сүю, шымшу және тағы басқа.
  • вербал түрде — сұрамаса да айтылатын және адамның намысына тиетін қошемет сөздер, сексуал қатынасқа ишара білдіру, ысқыру және тағы басқа.
  • виртуал түрде — кез келген әдепсіз қошемет сөз, жақындасуды тұспаладу, сырт келбетке және тағы басқаға қатысты балағаттау және тағы басқа.

Харассментке қай жерде ұшырассаңыз да, «жоқ» деп кесіп айту қажет. Күш танытып, қарсылық көрсетіңіз. Айналадағылардан айқайлап көмек сұраңыз. Сізге тиісіп тұрғанын айтыңыз, фотоға-видеоға түсіріп алыңыз. Болған оқиғаны полицияға хабарлаңыз. Есіңізде болсын, харассмент жағдайында зәбір көруші емес, зәбір көрсеткен адам кінәлі.

Қазақстанда харассмент туралы заң жоқ. Әдетте, мұндай әрекеттер «ұсақ бұзақылық» саналады (5 АЕК ретінде айыппұл салынады немесе 10 күнге түрмеге жабылады), сондықтан оны Қылмыстық емес, Әкімшілік кодекс реттейді.

Дегенмен Қылмыстық кодексте жыныс харассментіне қатысты 123-бап бар: Біреу жыныстық қатынасқа, төсектес болуға, жыныстық сипаттағы басқа әрекеттерге мәжбүрлесе, ол адам сотталады. Жаза — 3000 АЕК-ға дейінгі айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын 3 жылға дейін шектеу немесе одан айыру.

* * *

(Басты иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)