Тұрмыстағы зорлықтың артуына карантин де әсер етті

Ішкі істер департаменті хабарлауынша, отбасындағы қылмыстың артуына карантин мен оқшаулану әсер етті. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндердің 50%-і — әйелдер, 6,4%-і — кәмелет  жасқа толмағандар. Зорлықшылардың жартысы мұндай қылмысқа, әдетте мас күйінде барады. Жауапкершілікке тартылғандардың 81%-і еш жерде жұмыс істемеген.

Мұндай қылмыскерлерге ықпал ету үшін Ішкі істер департаменті зорлықшыларға көбіне қорғау нұсқамасын жаздырады. Ол бойынша, зорлық жасаған адамға зардап шегушіге 1 айға дейін жолауға болмайды. Былтыр 78 мың қорғау нұсқамасы жазылған.

Қазір Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға көмектесетін 40-қа жуық дағдарыс орталығы бар. Олардың 30-ында зардап шегушілер тұра алатын баспана қарастырылған. Былтыр осы оралықтарға 11 мыңнан астам әйел хабарласқан, ал сенім телефоны арқылы 8 мың рет консультация берілген.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрген адам не істеуі керек?

Қазақстанда карантин кезінде «Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған іс-қимыл алгоритмі» жасалды. Отбасында зорлық болса, мынадай әрекет жасау керек:

  1. Бірден 102 нөміріне хабарласып, полицияға ауызша зорлық көргені туралы арыз беру немесе Qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн-өтінім беру қажет. Зорлық көрген адамның полицияға дереу жетіп, құқық бұзушыға шара қолдануын талап етуге құқы бар.
  2. Зорлық көрген адам жарақат алса, 103 нөміріне хабарласып, жедел-жәрдем шақырғаны дұрыс. Содан кейін полиция қызметкерлерінен сот-медициналық сараптамаға жолдама алуы керек.
  3. Тегін 150 нөміріне хабарласуына немесе +77081060810 (WhatsApp) нөміріне, www.telefon150.kz уеб-сайтына жазуға болады. Бұл — зорлық-зомбылық жағдайындағы балаларға, жастарға және өзге де адамдарға арналған Ұлттық сенім телефоны. Сенім телефоны тәулік бойы істейді. Олар психологиялық және құқықтық көмек береді, учаскелік инспектордың, дағдарыс орталықтары мен басқа да қажет ұйымдардың байланыс нөмірін береді. Хабарласқан адамның аты-жөні жарияланбауына және өтінімнің құпиялығына кепілдік беріледі.
  4. Қазақстанның барлық аймағында тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары бар. Өмір мен денсаулыққа қауіп төнсе, осы орталықтарға хабарласып, сонда тұруға болады.
  5. Әр аймақта әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмыс істейді, олардан кеңес алып, қолдау табуға болады.

2020 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет үшін заңда не өзгерді?

Былтыр отбасындағы зорлыққа қатысты 1071 қылмыс жасалған. 2020 жылы бұл салада заңға мынадай өзгерістер енді:

  • Тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін зорлықшылды (Әкімшілік кодекстің 73-бабы) қамауға алу мерзімі 3 күннен 5 тәулікке дейін ұзарды.
  • Қылмыстық кодекстің «Қинау» деген 110-бабы жеке айыптау істерінен жеке-мемлекеттік істерге ауыстырылды. Бұл дегеніміз отбасылық дау-дамай кінәсі дәлелдерін жинау міндеті бұрынғыдай жәбірленушіге емес, полицияға жүктелетін болды.
  • Кәмелетке толмағандар дәрменсіз жағдайда жүкті әйелдерге қарсы осы «Қинау» бабы бойынша қылмыс жасағандарды бас бостандығынан айырудың төменгі шегі 3 жылдан 4 жылға дейін ұлғайтылды.
  • Елімізде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің штат саны 129-ға, ал кәмелетке толмағандар ісі және балаларды қорғау бөлімі саны 448-ге артты.

Тағы оқыңыз:

Тұрмыста зорлық көрген әйелдер қайда жүгіне алады?