«Бір кезек біз Вашингтон қаласын араладық. Вашингтонда толып жатқан министрліктер үйлері бірінен-бірі басымдай түскен әралуан архитектурамен жасалған. Бір көшелер тегіс, тұтас шетелдер елшіліктерінің ғана көшесі. Америка президенті тұратын «Ақ үй» айналасындағы паркімен оқшауланып тұр. Бұл үй-ымырттардың бәрінен биік шаншыла біткен ақ обелиск – президент, ертеде болған, осы астана соның атымен аталған. Американың атақты президенті Вашингтонға арналған ескерткіш. Вашингтонда үйлер көбінше төрт-бес этаждан артық емес. Үйлер арасында дуал, бөлік, жік жоқ. Бір үйге бір үй өзіне бөлек қайталамайтын қызық іздену бойынша қалыптасқан стилі, архитектура өрнегімен қатарласа, жалғаса тұра беріседі.
Вашингтонда ағаш та, көк те мол. Ағашының дені зәулім биік, мол бұтақты, тармақты, алып платан ағаштары тәрізді. Сырт шолып, қаланы аралап танысуда біз Вашингтон Нью-Йорктен мүлде бөлек екенін аңғардық. Бұл және өзінше өте сұлу қаланың бірі. Ал Нью-Йорк екеуін ешбір жағынан салғастырып, қатарластыруға келмейді. Және екеуі де мүлде екі, бөлек-бөлек басқаша мемлекеттердің бірінен-бірі аулақ, ала-бөтен екі астанасы тәрізді.
Вашингтонда мұсылман елдерінің елшіліктері көп болғандықтан, мұсылман мешіті де бар екен. Жұма намазына 17-18 мемлекет елшілері, елшілік қызметкерлері осы мешітке келеді екен. Вашингтонның өзінде де шамасы 500-дей ұдайы тұрғын мұсылмандар бар десті. Мешіттің имамы Мысырдың арабы екен. Мен мұнаралы мешіт болғандықтан, мұның мәзіні азанды қалай шақырады екен деп сұрағанымда, мешіт адамы күлді де: ол жөнінде қазіргі радиотехниканы пайдаланамыз, – деді. Азанды запасқа шақыртып, пластинкаға түсіріп алады екен де, бес уақыт намаздың азанын Вашингтон мешітінің мұнарасынан радиорепродуктор арқылы қышқыртып шақыртып алады екен.
Вашингтонды аралау үстінде мұндағы мәдениет ескерткішінің ең зоры дерлік екі жайда болдық. Біреуі – Конгресс кітапханасы, екіншісі – Шекспир кітапханасы. Конгресс кітапханасының аты болмаса, іс-заты жағынан Америка конгресіне байланысы жоқ кәдімгі мемлекеттік кітапхана. Бірақ дүниедегі ең бай кітапхананың бірі деседі. Мұнда он бір миллион кітап бар екен. Ішінде 21 оқу залы бар. Жалпы құрылыс жағынан Англиядағы атақты Британский музей үлгісінше қалыптасқан. Сұраған кітапты ең ұзағанда 20 минут ішінде әзір етеді.
Мұнда славян бөлімі деген бөлім бар. Ол өзіне бөлек мол ғимарат. Кітапхананың үлкен үйінен славян бөліміне жер асты көркем туннельмен қатысады. Бұл бөлімдегі орысша кітаптың саны екі жүз мың десті. Осы күндерде жылына сегіз мыңдай кітапты Совет Одағынан алдырып тұрады екен. Сол қатарда Украинадан жылына бес жүздей, Қазақстаннан қазақ кітабынан жылына елу шамасын алдырып тұрады екен. Кезектескен кітап ауысу әрекетінде Тбилисимен байланысымыз айрықша мол деседі.
Осы кітапхана ішінде төрт жазушы біздің төртеуімізге де өз кітаптарымыздың конгресс кітапханасындағы бар тізімнен каталог жинап берісті. Менің кітабым орыс, ағылшын тілінде болумен қатар сол менің еңбегім туралы жазылған Кедрина, Айқын Нұрқатов еңбектері де бар.
Вашингтондағы екінші бір ерекше мәдениет орны дегеніміз Шекспир кітапханасы, Шекспир заманы мен еңбектеріне арналған кітапханалар ішіндегі дүниежүзіндегі ең бай кітапхана осы десті. Бұған дүниежүзінің шар тарапынан Шекспирді зерттеушілер көп келеді екен. Көбінше сол келгендердің жол қаражаттарын да бұл кітапхана өзі төлейтін дәстүр бар екен. Мұнда жалпы Британия тарихының XVI–XVII ғасырларынан да көп деректер бар. Кітапхананың ішінде тап ортада атақты Шекспир театрының өзін де қаз-қалпында орнатып, музей етіп қойған. Бұл театрда сахна екі этажды. Шымылдығы да екеу. Әрине, мұндағы айырмасы – Шекспирдің өз театрында төбесі ашық, шатыр болмаған болса, мұнда төбесі жабық, шатырлы. Осы кітапхана мен театр да түгел бір ғана адамның – Фоулджер деген кісінің жеке бас өз қаражатына салынған. Қазіргі салт дәстүрі бойынша Шекспир кітапханасы баяғы Шекспирдің өзі заманынан бастап бүгінге дейін қай жерде Шекспир спектакльдері қойылса, қай тілге аударылып, қай мемлекетте ойналса, соның бәрінен суреттер, документтер, деректер жинап отыруға құмар екен.
Мен «Асауға тұсауды» қазақ сахнасында қою үстінде Шәкен Аймановтай СССР халық артисінің, Хадиша Бөкеевадай Қазақ ССР халық артисткасының үлкен даңққа ие болғанын айтып ем, кітапхана директоры «Асауға тұсау» туралы менің көп мәлімет суреттер жіберуімді талап етіп қалды.
Вашингтондағы мақтаулы өнер орны – ұлттық галерея. Біз онда тек жаңа сурет-живопись бөлімін толық қараған едік. Америка мүмкіншілігі бұл галерея қолына ескінің де, жаңаның да көп қызықты, елеулі үлгілерін мол жиған. Сондықтан жаңа сурет өнерінің шеберлері деп саналатын Сезан, Ренуар, Моне, Яманэ, Поль Гоген бәрі бар. Мұнда өзгеше бір үлгіні танытады деп санашылдық жолдағы Мексиканың күшті шебер суретшісі Сальвадор Дали салған «Тайная вечеря» діншілдік нанымның бір сәтін баяндайды. Мұнда Ғайсаның екінші тірілуінің символы буалдыр-бұлдыр қалыпта бейнеленген, Америка буржуаздық эстетикасы ұнататын суреттің тағы бір алуаны осындай мистикалық ізденгіштік болса керек. Бай галереяда, әрине, Пикассо да бар. Атақты француз шебері Жан Люрса кездеседі. Сол қатарда Матис Маркей, Андре Дерен тәрізді көп бір арадан қатарымен сирек ұшырайтын көп суретшілер еңбектерін көрдік.
Вашингтонда көрген, естіген, түйген жайларды әзірше осымен аяқтай отырып, енді Нью-Йоркке аттанайық».
Тағы оқыңыз: «Аса зор ұлы мемлекет» — Әуезов. «Америка әсерлері»
Нью-Йорктен Калифорнияға дейін. Әуезовтің Америкадағы сапарының бағыты