Қазақстанның аэроғарыш өнеркәсібі. Бүгінгі ахуал

Қазақстан үшін ғарышты игеру тек бейбіт әрі практикалық мақсатта екенін атап өтейік. Сондықтан бұл салада әдетте бұқара сүйіп оқитын «барлау» немесе «Марсқа қону» сияқты амбициямыз жоқ. Аэроғарыш саласы нақты төрт бағытта жұмыс істейді, олар: жерді қашықтан зондтау, радиотелебайланыс, аэроғарыш технологиялары және Байқоңыр айлағындағы шаралар.

Жерді зондтау жұмыстары — осы бағыттардың ішіндегі ең көрнектісі. «Цифрлы Қазақстан» жобасының ірі модулі ауылшаруашылық жерлерді цифрлау болатын. Бұрын франциялық Theia және америкалық Maxar коммерциялық негізде ұсынатын цифрлық карталарды қолданып жүрсек, енді еліміз мұндай мәліметтермен өзін өзі қамтуға тырыспақ. «Карта» сөзінің бұл жерде ауқымы кең: оның ішінде егін салуға жарамды жерлерді айқындау да, пайдалы қазбаларды мониторинг жасайтын геологиялық мәліметтер жүйесін жасау да, ауа райын болжау да бар.

Бұл жұмыстардың барлығын Қазақстанның дербес KazSat жерсеріктер тобы атқарып келеді. Жерді қашықтан зондтау жүйесін KazEOSat-1 және KazEOSat-2 жерсеріктері құрайды. Қазақстанның жер ресурстары осы жерсеріктер арқылы толық цифрланып, қазір ауылшаруашылықтан бастап, экологиялық мәселелерге дейін осы мәліметтердің негізінде шешіліп жатыр.

Ал KazSat-2 және KazSat-3 жерсеріктері Қазақстанның ғарыштық байланыс пен телевизия мұқтаждығын толық қамтып тұр. Соның өзінде бұл жерсеріктердің әлі де бос 25%-ке жуық ресурстары бар. Бұл артылған қуат Орталық Азия елдеріне қызмет көрсетуге бағытталды. Биыл Тәжікстанның «Исател» компаниясы мен «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамы арасында келісімшарт жасалып, KazSat-3 жерсерігі транспондерінің қуатын Тәжікстанның сигнал нашар жететін таулы аудандарына байланыс жеткізілетін болды.

Ғарыш — әлдемдік ғылым-білім жүйесіне, технологиялық тізбекке әбден интеграцияланған сала. Оны жабық, дербес жүйеде дамыту мүмкін емес. Қазақстандық ғарыш мамандары үшін ESA, NASA сияқты ұйымдардың тәжірибесін игеру маңызды. Ол үшін ұдайы жаттығатын алаң керек. Осы мақсатта 2018 жылы KazStSat және KazSciSat жерсеріктері ұшырылды. Бұл қазақстандық ғалымдардың өз зерттеулерін жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге білігін ұдайы шыңдап отыратын алаңға айналды.

Шынын айтқанда, Қазақстан өзінің жерсеріктерін ұшыра бастаған кездерде еліміздің ғарыштағы әлеуетіне қоғам тарапынан сенімсіздік басым болды. Бастапқыда жерсеріктер Ресейдің ұшуды басқару орталығына тәуелді болды. Әрі салада штатты жағдай болып есептелгенімен, азаматтарымыз үйренісе қоймаған – жерсерікпен байланыстың үзілуі сияқты оқиғалар туралы хабарлар да көп болды. Қазір жерсеріктерді басқару толық дерлік Қазақстанға көшірілді. Ол үшін 2005 жылы Нұр-Сұлтан маңындағы Ақкөл мекенінде ғарыштық байланыс орталығы салынған болатын. Қазір қазақстандық жерсеріктерді кем дегенде 15 отандық ұялы байланыс операторы пайдаланып отыр. Жерсеріктер сол операторлардың ел аумағындағы 13 мың станциясына қызмет көрсетеді. Бұған қоса, әдетте ұзақ мерзімде қайтымсыз шығын болып есептелетін жерсерік пайда әкеле бастады. 2020 жылы KazSat жерсерігін пайдаланудан 1 миллиард теңгедей пайда түсіп, ол республикалық бюджетке аударылды. Орталық Азия аумағындағы жерсеріктері бар жалғыз мемлекет екенімізді және Азия-Тынық мұхит аумағын қамту әлеуетін ескерсек, бұл жетістікті үстеулей берген дұрыс. Сондықтан 2013 жылы «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығына қоса функционалы ұқсас Көктерек ҒБО салынған еді. Ғарыштық технологияда функционалдың дублін жасау өте маңызды. Бірі істен шықса, екіншісін пайдалану мүмкіндігі жерсеріктермен үздіксіз байланысқа кепіл болады. Бұл ретте жабдықтардың диверсификациясын да атап өту керек. Ғарыштық байланыс орталығы ғарыштық технология саласындағы әлемдік алпауыт, француз-итальян Thales Alenia Spase компаниясының жабдықтарымен жұмыс істейді. Халықаралық формат болашақта жер жүзіндегі әріптестермен «бір тілде» ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Ғарыш технологиялары тым жедел дамып отыратын сала. Мұнда жаңа ғана қабылданған шешімдердің сол мезетте ескіріп қалуы ғажап емес. 2021 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салалық министр Бағдат Мусиннің есебін тыңдаған болатын. Сол кезде министр KazSat-2 жерсерігінің қызметін күшейтуге арналған KazSat-2R жобасының жабылатынын, оның орнына инновациялық шешімдер табылғанын мәлімдеді. KazSat-2 жерсерігі құпия байланысқа, яғни мемлекеттік органдардың байланысын қамтамасыз етіп келеді. Енді оның барлық жүктемесін KazSat-3 жерсерігіне ауыстыру көзделіп отыр.

Жерсеріктерді ғарышқа жеткізу де экономикалық шындықты ескере отырып жүзеге асырылып келеді. «Қалай болса да, өз зымыранымызды жасау» деген ұстаным жоқ. Жеткізу құны барған сайын арзандап бара жатқан шартты бір килограммның айналасында бәсеке қатты. Әбден жарнамаланған Илон Масктің қайта пайдалануға жарайтын зымыран гильзасынан бөлек, француздың Arianesapce көрсететін қызметі де ресейлік зымырандардан арзан. Сондықтан отандық «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешеніне байланысты жоспарлар да қайта қарастырылуы мүмкін. Соның арасында осы кешенді құру кезінде отандық ғалымдар мен инженерлеріміз баға жетпес тәжірибе жинағаны сөзсіз.