Еңбекшіқазақ ауданындағы еңбегі жанған Мәншүк

Жаңғақ өсіруге топырағы құнарлы әрі қолайлы өңір ретінде Түрген ауылы таңдап алынған еді. Содан бергі 5 жыл ішінде Мәншүк Жексембекова жетекшілік ететін шаруа қожалығында грек жаңғағы мен бадам, фундук жемістерінің көшеттері көбейтіліп, өткен жылдан бастап алғашқы өнімін бере бастады.

Шаруа қожалығының жетекшісі Мәншүк Абыханқызы ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге, оны асылдандыруға айрықша назар аударады. Ғылым мен еңбекті ұштастыру нәтижесінде ол «Дива», «Умай» атты жаңа бидай сорттарын өсіріп, мол өнім ала бастайды. Ғылыми жобаларды жетілдіру мақсатында Орта Азия елдерінде сирек кездесетін грек жаңғағын өсіруге бет бұрады.

5 жыл бұрын елімізде алғаш рет грек жаңғағының көшеттерін өсіруді қолға алып, Италиямен бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірістік. Экспериментке алынған 50-ден аса сорттан іріктелген фундуктың – 3, грек жаңғағының – 3 және бадамның 2 сорты жерсінді. Жеміс бергенге дейін айрықша күтім мен табандылықты қажет ететін бұл өнім түрлерін өсіре алатынымызға көз жеткіздік. Алғашқы өнім қазіргі уақытта арнайы лабораториялық сараптамадан өтуде, – дейді Мәншүк Жексембекова.

Ауыл шаруашылығын субсидияландыру тізімінде жоқ бұл өнім түрін өсіруде үкіметтен ешқандай қолдау таппай отырғаны жаңғақ өсіруге ниетті шаруа қожалықтарын қынжылтуда. Сондықтан қазақстандық фермерлер мұндай сирек кездесетін әрі сұранысқа ие құнды жемісті өсіруде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуін сұрайды.

Нарықта бағасы аспандап тұрған грек жаңғағы мен бадам, фундук жемісін үзбей жыл сайын беретінімен ерекшеленеді. Алынған өнімді сақтау мен сатуда да аса қиындық болмайтыны зерттелген.

Мәншүк Абыханқызының айтуынша, әр гектарға 625 түп көшет отырғызып, одан 4 тоннаға дейін өнім алуға болады. Бұл жеміс ағаштары кемінде 35 жыл үздіксіз өнім беретін көрінеді. Яғни, ауыл шаруашылығындағы бұл жаңашылдық – табыстың қайнар көзі саналады. Түрген шаруашылығын түрлендіріп тұрған бұл жеміс ағаштарына қазірдің өзінде алыс-жақын шетел фермерлерінен сұраныс артып келеді.