Алматыда су басу қаупі бар аймаққа 2 есе кеңейтілген құбыр орнатылды

Судың жайылуынан көбірек зардап шеккен 56 аумақта апаттық-қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Райымбек даңғылының солтүстік бөлігіне диаметрі 1 метрлік 2 су өткізгіш құбыр орнатылды, бұл Яссауи мен Б.Момышұлы көшелерінен келетін еріген суды өткізеді. Осы аумақта, Райымбек даңғылының жолды бөлу жолағына қабылдағыш камералар орнатылады. Сонымен қатар Яссауи көшесінің құбыр өткізгіші бұрыннан бар су өткізгіш коллекторға жалғанады, ал Б.Момышұлы көшесінің құбыр өткізгіші бұрыннан бар Райымбек-Момышұлы айрық жүйесінің өткізгішіне қосылады.

Экология және қоршаған орта басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінде қала бойынша диаметрі 500 мм-лік су өткізгіш құбырлар бар, бұлар қаладағы су ағынына төтеп бере алмайды. Сондықтан судың өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін диаметрі 1 метрлік құбыр өткізгіштер орнатылуда. Осылайша қаладағы құбырлардың су өткізгіштігі 2 есеге ұлғаяды.

Қала басшысының тапсырмасы бойынша біздің басқарма Алматының су жайылатын аймақтарына мониторинг жасады. Нәтижесінде 102 аумақ және 12 істен шыққан коллектор анықталды. Солардың ішінде 56 аумақ судың жайылуынан қатты зардап шегетінін, сондықтан тез арада биылдан қалдырмай апаттық қалпына келтіру жұмыстары қажет екені анықталды, — деді Мұрат Жексембаев.

Мониторинг барысында 12 коллекторға тазалау мен қалпына келтіру жұмыстары қажет екені және 4 су өткізгіш канал салу қажеттігі анықталды.