Цифрландырудың қай кезеңіндеміз?

Цифрландырудың бұқараға таныстыру, жаппай компьютерлік сауат кезеңі әлдеқашан өтті. Құжат алу жөніндегі мәселелер бірнеше күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды. Қатардағы қолданушылар комфортқа әбден үйренді, тіпті мезетте анықтама беруді талап етушілер бар.

Әрине, электрон үкімет — «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жұртшылыққа әбден таныс өнімі болғасын, тақырып көбіне осы өнімнің жетістіктерімен өлшенеді. Бірақ аталған бағдарлама 5 басты бағыт пен 17 нақты тармақтан тұратын үлкен жоба екенін және биыл – соңғы жылы екенін естен шығармайық. Бағдарламада азаматтар мен үкіметтің қарым-қатынасынан басқа — өнеркәсіпті, сауданы, көлік логистикасы мен білім беруді қамтитын кешенді бағыттар бар. Биыл осы бағдарламаны іске асырудың соңғы жылы екенін ескеріп, цифрландыру бойынша атқарылған барлық жұмысты бір шолып өтсек дейміз.

Бағдарлама қабылданған 2018 жылдан бері 101 жоба жүзеге асқан. Олардың кейбірі нақты шешімдер болса, кейбірі кешенді жобалар. Мысалы, қазір сәби дүние келе сала мәліметтері бірден электрон құжат айналымына енеді. Мұның ата-ана үшін қандай көмек екеніне қазақстандықтардың көзі жетіп үлгерді. Сол сияқты азаматтардың электрон үкіметтегі профайлына еңбек кітапшасындағы жазбалар жазылатын болды. Бұлар – жүзеге асқан нақты шешімдердің бір мысалы ғана.

Ал кешенді жобалардың ішінде заңдардан бастап, құжатттарды өзара растау жүйелеріне дейін бар. Мысалы, 2018 жылы IT-индустрия үшін өте маңызды «Венчурлық қаржыландыру туралы» заң қабылданды. Бұл венчурлық инвестиция нарығына кәдімгідей серпін берді. Тек 2020 жылдың өзінде 12 миллиард теңгенің венчурлық келісімдері жасалды. Qazinnovation басшысы Ілияс Оспанов Kapital.kz басылымындағы пікірінде, бұл заң ең болмаса венчурлық қаржыландыру бағытын дербес айқындап берді деген. Ендеше, әдетте үркек келетін hi-tech пен IT саласының бизнес-ангелдері үшін қазақстандық стартаптарды қаржыландырудың жолы нақты айқындалды.

«Банкаралық есеп айырысу жүйесінің модернизациясы» да, азаматтарымыз әсіресе – COVID-19 індеті кезінде айқын сезінген жұмыс. Транзакциялардың әрі кеткенде 1 минутқа дейін қысқаруы (бірақ өзіңіз байқап жүргендей – мезетте жүзеге асады) жүздеген есеп айырысу жүйелер мен онлайн форматтағы сауданың әрі қарай дамуына түрткі болды.

Ауылшаруашылық саласындағы цифрлық жобалардың нәтижесі қазірдің өзінде тура дастарханымыздан көрініс тауып отыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының 17 сүт өндірісі кешенінде ірі қараның сүттілігіне байланысты дербес жұмыс істейтін, жем-шөпті ұтымды салатын, есепке алу және мониторинг үшін чиптеу жүйелері жасақталды. Фермерлер үшін бұл — әрі қаржы үнемдейді, әрі сүт өнімдерінің сапасын жіті қадағалап отырады. Ауылшаруашылық саласын цифрландырудағы тағы бір жетістік – еліміздің 24 миллион гектардан астам егіс алқабының цифрлы картасы жасалды. Бұл жағдайда ауылшаруашылық техниканың жүріс-тұрысы оңтайланып, егіс алқаптарын қайтымы бойынша жіктеу арқылы мейлінше тиімді болатындай егін салу мүмкіндігі пайда болады.

Техникалық реттеудің 66 ұлттық стандарты бекітіліп, енді отандық софт-девелоперлерде – ақпараттық қауіпсіздік, ақпарат алмасу, софттың құжаты, тағы сол сияқты айқын талаптар пайда болды. Бұл регламенттер бұрын түрлі бақылаушы органдар бойынша жеке-жеке болатын. Сонымен бірге аса маңызды нысандардың тізімі жасалып, олар кибершабуылдар мен басқа да қастандық түрлерінен қорғауға алынды. Елімізде алғаш рет цифрлық стратегиялық нысандар пайда болды.

COVID-2019 пандемиясы кезінде білім саласынан бастап, еңбек нарығына дейін жылдам интернетке қандай деңгейде тәуелді екені айқын көрінді. Бұл жолы ауылдық жердегі интернет мәселесі айқын көрінген еді. Бірақ байланыс желісін тарту жөніндегі мәселе үнемі тығырыққа тіреліп келген. «Цифрлы Қазақстан» жобасының аясында бұл мәселе кешенді шешімін тапты, «Қазақтелеком» мен тағы екі операторды біріктіретін консорциум енді байланыс желісін тартуға мемлекеттік-жекешелік әріптестік форматы таңдалатын болды. Бұл – ірі операторлардың ірі магистральдарына дейін оптикалық талшық кабельдерін жеке кәсіпкерлердің тартуына мүмкіндік береді.

Осы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында дүниеге келген Astana Hub технопаркін ерекше атап өтуге болады. Бұл қазақстандық IT-стартаптарды нақты қолдайтын, қаржыландырудан бастап, ең маңызды – инкубация және акселерация кезеңдерін жүзеге асыратын орталық. Орталықта, бәсекенің арыны қатты бұл нарықта бастапқы кезде ауадай қажет мамандардың қызметін алуға болады. Шынымен, жаңадан бастаушы стартапер үшін бизнесінің алғашқы кезеңінде жоба жетекшісін өз бетінше жалдау тиімсіз болар еді.

Аталған жобалар мен шешімдер «Цифрлы Қазақстан» аясында осы уақытқа дейін жүзеге асқан 101 жобаның бірсыпырасы ғана. Бұларға қоса медицина, ғарыш, BigData бағыттарындағы жобалар бар. Олардың кейбірі пилоттық жоба болса (мысалы, мемлекеттік қызметті биометрия бойынша алу), кейбіреулерін инженерлік зерттеу (мысалы, робот-хирургтың клиникалық сынағы) деуге болады.

Биыл — «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының соңғы жылы. Тек былтырғы есеп бойынша, осы бағдарлама аясында жүзеге асырылған жобалардың арқасында Қазақстандағы интернетпен қамту 81%, бұқараның цифрлық сауаты 81,5% болған. Мемлекет басшысының баяндамалары мен мәлімдемлеріне қарағанда, бұл бағдарлама жалғасын табатын сияқты.