Қазақстанда Аризона университетінің филиалы ашылады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куомен білім саласындағы ынтымақтастық басымдықтарын талқылады.

Жастардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, жоғары оқу орындарында тиімді ғылыми орта құру үшін озық әлемдік тәжірибені енгізуіміз керек, — деді министр.

Саясат Нұрбек 500 қазақстандық ғалымның әлемнің үздік университеттеріне тағылымдамадан өтуге жіберілуін және Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ЖОО-ның 5 филиалының ашылуын атап өтті.

Осындай жобалардың бірі – Петропавлдағы Аризона университетінің филиалы қыркүйек айында алғашқы студенттерді қабылдайды.

Фулбрайт бағдарламасының Қазақстанда жүзеге асырылуын талқылау үшін Қазақстан мен АҚШ өкілдерін қамтитын жұмыс тобын құруды ұсынамыз, — деді Джуди Куо.

Фулбрайт бағдарламасы 1946 жылы Америка халқы мен дүние жүзіндегі адамдар арасында өзара түсіністікке жәрдемдесу үшін құрылған. Ол мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға, студенттермен алмасу бағдарламасына, жоғары сынып оқушыларының жаратылыстану, инженерия және математикаға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ студент жастар арасында әйел көшбасшылығын дамытуға бағытталған.