Қазақстанда азаматтығы жоқ 9 мыңнан астам адам анықталды

Азаматтық алмай жүргендердің барлығы құжаттандырудың халықаралық кампаниясы аясында анықталған болатын. Құқық қорғаушылардың айтуынша, барлық аймақта үкіметтік емес ұйымдар, көші-қон қызметі мен әділет министрлігі арасындағы жұмыс күшейтілді.

Соның нәтижесінде 500-ден астам адам азаматтығын алды. Бүгінде тағы 490 адам құжаттарын рәсімдеуге кірісті.

Ал салалық ведомстволар шетілдік әріптестерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – Қазақстанның БҰҰ-ның азаматтықтығы жоқтығы туралы конвенцияларына қосылу.

Айта кетейік, БҰҰ-ның азаматтығы жоқ адамдардың санын қысқарту туралы конвенциясы 1961 жылы қабылданған болатын. Оған қосылған мемлекеттер азаматтығы жоқ адамдарды қысқартуға міндетті.