Президент: Еліміз криптоактивтерді шығару бойынша екінші орында тұр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергия тасымалдаушы жаһандық нарықтардың және әлемдік азық-түлік орталықтарының трансформациялануы кезінде Қазақстанның рөлін күшейту маңызды екеніне назар аударды.

Қазақстан үшін сенімді әрі бәсекеге қабілетті инфрақұрылымы бар биржа нарығы жөнінде мәлімдеу өте маңызды. Бұл аймақтық және жаһандық саудада көшбасшылыққа ие болу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Үкімет осы мәселені жан-жақты пысықтауы керек, – деді президент.

Мемлекет басшысы криптоиндустрия және цифрлық активтерді дамыту мәселелеріне де тоқталды.

Біз әлеуетімізді барынша тиімді пайдалануымыз керек. Еліміз криптоактивтерді шығару бойынша екінші орында тұр. Алайда біз тек қана шикізат мәртебесін ұстанып қалмауымыз керек. Осы орайда, үкімет қаржы реттеушілерімен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесе отырып, кешенді цифрлық экожүйені дамыту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиынды қорытындылай келе, АХҚО-ның 2021 жылы атқарған жұмысының жылдық есебін бекітті.