Криптовалюта жасауға не түрткі болды?

Мамандығым технологияға жақын болған соң бағдарламалауды білемін, қаржы саласынан білімім бар. Соның арқасында өзіме қызық кез келген тақырыпты зерттеп, қорытынды шығарамын. Криповалютаны толық зерттедім, математикалық модельдерін қарадым. Осыған дейін бұл салаға мен де сенбей келдім. Мұқият зерттеудің арқасында қызыға бастадым. Әуелі P2P трейдингпен айналыстым. P2P трейдинг дегеніміз – фиат ақшаны криптовалютаға айналдыру. АҚШ долларының криптовалюта түрі — Tether-ді сатып алуға көмектестім. Содан комиссия алып, табыс таптым. Сол кезде шотымда күн сайын миллиондаған теңге айналыста болған соң банк ескертпестен бұғаттап тастады. Нағыз қажет кезде шотымдағы ақшамды пайдалана алмадым, біраз уақыт бұғаттаулы болды, ешкім себебін түсіндіре алмады, қатты ашуыма тиді.

Сосын қаржы аударудың банктен басқа тиімді жолдарын іздей бастадым. Осы мәселені шешу үшін көптеген IT-маманға, криптоқауымға жүгіндім. Ешкімнің теңгенің stablecoin-ын жасауға құлқы болмады. Stablecoin «тұрақты монета» дегенді білдіреді. Бұл – криптовалютаның бір түрі, фиат ақшаның баламасы. Оның курсы ешқашан өзгермейді. Биткойн (биткоин) да — сол сияқты криптовалюта, бірақ оның курсы биржада өзгеріп тұрады, сол үшін бұл тұрақты болып есептелмейді.

Бұл мәселе уақыт өте келе тереңдей беретінін түсіндім. Әсіресе, елдегі криптовалюта қолданатын азаматтарға қиын болады. Соның бәріне есептеп, теңгенің криптовалюта түрін шығаруды өзім қолға алдым.

Амангелді Қозыбаев
Амангелді Қозыбаев. Фото: Baribar.kz

Криптавалютаны қалай жасады?

Интернеттен «Криптовалютаны қалай жасайды?» деп іздеп, Ravinder Deol, Thomas Wiesner  лекцияларын тыңдадым. Бұрыннан бар криптовалютаның үстінен өзіңдікін құрастыруға болады. Осылайша, блокчейн бағдарламалауды үйрендім. Кейін оны түрлі сынақтан өткіздім.

Неге QAZAQ деп аталды?

QAZAQ сөзінің мағынасы «еркін» дегенді білдіреді. Біріншіден, криптовалютаға да сондай мағына бергім келді. Оның ешкімге бағынышты болмай, еркін қолданылғанын қаладым. Сосын көп жерде қазақтарды kazakh, елімізді Kazakhstan деп таниды. Бізді халықаралық деңгейде qazaq деп танығанын, осы сөздің көбірек қолданылғанын қалаймын. Сол үшін ойланбастан осы атауды таңдадым.

QAZAQ-тың қызметі қандай? 

QAZAQ – бұл кез келген адам өз активтерін шектеусіз, жылдам және еш қиындықсыз ауыстыруға болатын теңгенің stablecoin-ы, банктің көмегінсіз қаржы алмасу. 

Мысалы, АҚШ долларының криптовалюта түрі Tether болса, теңгенің криптовалюта түрі – QAZAQ (QZQ). 1 Tether 1 АҚШ долларына тең. Сол сияқты 1 QZQ та 1 теңгеге тең. Бұл бағам өзгермейді. Криптовалютаның басқа түрін де осы QAZAQ-пен алмастыруға болады. 

Анықтама: Tether дүниежүзі бойынша ең үлкен үшінші криптожоба. Капиталы — 72 миллиард доллар. Бірінші орында биткойн, капиталы – 600 миллиард доллар, екінші орында эфириум (Ethereum (ETH) тұр. 

Амангелді Қозыбаев
Амангелді Қозыбаев. Фото: Baribar.kz

QAZAQ-ты қазір қанша адам қолданып жүр? Оны қайдан сатып алуға болады?

Qazaq-ты қазір 2 мыңға жуық адам қолданып жүр. 1inch дейтін биржаға шығардым. Бұл биржаның орталығы жоқ, үкіметке де, басқасына да бағынбайды. Адамдар онда Qazaq-ты ешқандай делдалсыз сатып ала алады немесе сатады. 

Анықтама: 1inch Network — бұл орталықтандырылмаған биржа (DEX), оны 2019 жылы ресейлік әзірлеушілер Сергей Кунц пен Антон Буков құрған. 1inch — бұл 2020 жылы іске қосылған Ethereum блокчейніне негізделген 1inch Network желісінің жергілікті белгісі.

АҚШ-та тұратын адам сізге ақша жіберуі керек делік. Бұл үшін ақша жіберудің дәстүрлі жолы – банкке бару. Банктен жіберу үшін комиссия төлеуіңіз керек болады. Ақша жіберудің тағы бір жолы – блокчейн арқылы фиат ақшаны криптовалютамен аудару. Ол үшін 1inch биржасында теңгені QZQ-қа алмастырып, криптоәмиянынан аударады. Мұнда банктегі сияқты көп комиссия ұсталмайды. 

Блокчейн арқылы ақша жіберу қауіпсіз. Себебі ондағы транзакция бір сәтте көп компьютерде сақталады, ол бір ғана ұйымға немесе адамға тиесілі емес.

Әзірше теңгеге байланған QAZAQ-тан басқа stablecoin жоқ. Ондайды кез келген адам істей алады, бірақ блокчейн тек жобаның технологиясын құрастырумен бітпейді. Мұны көп адам мойындауы керек. QAZAQ Chain қауымдастығында 2 мыңға жуық адам бар. Олардың көбі Қазақстанда тұрады, Испаниядан, Ресейден 1-2 адам бар.

QZQ-пен нан сатып ала аламыз ба?

Сатушы криптовалютаны қабылдаса, сатып алуға болады. Нанның ақысын криптоәмияныңыздан сатушының әмиянына аударасыз, бірақ бұл тиімсіз. Жылжымайтын мүлік, көлік сатып алсаңыз, пайдалы болар еді. Өйткені онда банкке ірі көлемде комиссия төлейсіз. Мысалы, нан 200 теңге тұрса, QZQ-пен төлесеңіз, шамамен 30 теңгеңіз комиссияға жұмсалады. QZQ-тың бір минимал транзакциясы 30-100 теңгедей болады.

Амангелді Қозыбаев
Амангелді Қозыбаев. Фото: Абылай Қойшин

Банк пен блокчейннің айырмашылығы неде?

Екеуіне де ортақ функция – реестр жүргізу. Мысалы, Айман банк шотынан Дастанға 1 000 теңге аударса, ол банкте «Айманның шотындағы ақша 1 000 теңгеге азайды», «Дастанның шоты 1 000 теңгеге толықты» деп уақыты жазылып, арихвте сақталады. Бұл үшін банк комиссиясын ұстап қалады.

Блокчейнде де дәл солай әр транзакция сақталады, тек мұнда операциялар банктегіден де жылдам орындалып, лезде шифрленеді, содан блоктар құрылады. Ондағы мәліметті бәрі көре алады, бірақ ешкім өзгерте алмайды. Әр мәлімет шифрленіп, жаңа блок түзілген сайын дүниежүзінің басқа бір шетіндегі майнерлер компьютерінде сақтап, мақұлдайды, сол үшін комиссия алады. Осылай блоктар тізбектеледі, соны блокчейн деп атайды. 

1 миллиард QZQ жіберу үшін ең көп дегенде 100 теңге комиссия төлейсіз. Ал банктерде жалпы соманың 0,3-1%-і ұсталады. 

Майнерлер неге көп компьютер жинайды?

Майнинг қызметі – транзакцияны мақұлдау. Майнерлердің табысы тек содан түседі. Сол үшін олар көп компьютер жинайды. Ол неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым көп транзакцияны мақұлдап, көп сыйақы алады.

2021 жылы Қазақстан криптовалюта майнингі бойынша дүниежүзінде АҚШ-тан кейінгі екінші орын алды. Майнинг-фермалардың көбі Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстарында орналасқан. 2020 жылы Қазақстан криптовалюта өндіруді заңдастырды. Сол арқылы электр энергиясын сатудан көп табыс тапты. Криптобизнес 2020 жылы Қазақстан бюджетіне 60 миллиард теңге табыс әкелді.

Қандай қауіп бар?

Активті аударатын кезде шот мекенжайынан қателессеңіз, ақша басқа шотқа түседі немесе мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Оны кері қайтару көбіне мүмкін болмайды. Мұндай қауіп әдеттегі банктегі операцияда да болады, бірақ онда активті қайтарып алу ықтималдығы жоғары.  

Амангелді Қозыбаев
Амангелді Қозыбаев. Фото: Baribar.kz

Қазақстанда криптовалютамен төлем жасау, қолдану заңдастырылған ба?

Қазақстанда криптовалюта ресми ақша ретінде қолданылмайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығына Қазақстанда криптовалютаны қолдануды заңдастыруды өтініп хат жаздым. 

Жалпы кез келген заңның даму тенденциясы технологиялық прогресс көшінен қалып жүреді. Заң шығарғанға дейін күтіп отыра алмадым, жобамды бастап кеттім. Дегенмен заң шығып жатса, жобаны бейімдей жатармын.  

Ескерту: Криптовалютаны төлем құралы ретінде қолдану Қазақстан заңнамасына қайшы. Қазақстан Республикасындағы заңды төлем құралы – теңге. Елде криптовалюта ресми ақша ретінде қарастырылмайды және қолданылмайды.

Қай елдер криптовалютаны заңдастырды?

2021 жылы қыркүйекте биткойнды ресми төлем құралы деп таныған алғашқы ел Сальвадор Республикасы болды. Бұл ел былтыр қазаннан бастап криптовалютаны жанартау энергиясының көмегімен өндіре бастады. Екінші болып биткойнды Орталық Африка Республикасы ресми валюта деп таныды. Сонымен бірге Швейцария, АҚШ, Ресей сияқты елдердің орталық банктері халықаралық мәмілелер мен қаржы инфрақұрылымында криптовалютамен есеп айырысуға қарсы емес екенін білдірді. Онда «Цифрлық валюта туралы» заң жобасы ұсынылды. 

Қазір Ресейдің қаржы ұйымдарына санкция қойылды. Сол үшін онда шетелдік валютамен жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан қазір оларға криптовалютаны қолдану тиімді болып отыр.

Қазақстан да әрі кетсе, бес жыл ішінде криптовалютаны ресми мойындайды. Сингапурдың TripleA зерттеу компаниясының мәліметінше, қазір Қазақстан халқының 1,7%-і ғана криптовалютаны қолданады. Бұл – шамамен 300 мыңдай адам. Ал Ресей халқының 12%-і, яғни 17 миллион тұрғыны криптовалютаны қолданады. Меніңше, бізде криптовалюта ұстайтындар саны бес жыл ішінде 10 есе өседі, яғни үлесі 1%-тен 17%-ке дейін артады.

Криптоқауымдастыққа қосылу не үшін маңызды?

Қазір Telegram-дағы чатымызда мыңнан астам адам отырады. Уақыт өте көбейіп келе жатыр. Бұл саланы алғаш бастаған адамда көп сұрақ болады. Өзімнің де білмейтінім көп болды, ізденемін, оқып аламын. Сол үшін қауымдастықтың болуы маңызды болды. Оның қандай болатынын АҚШ-тың жобаларынан көрдім. Солардың моделін Қазақстанда аштым. Ол «сен жалғыз емессің» дегенді білдіреді, мүшелері бір-бірінің сұрақтарына жауап береді. 

Блокчейн жобаңыздан қандай табыс түседі?

Әзірше ешқандай табыс түспейді. Бар уақытымды, қаржымды осы жобаға құйып жүрмін. Криптожобаның дамуы үшін оның математикасын, бизнес моделін мінсіз етуің керек. Әйтпесе, жоба қаржы пирамидасына айналып кетеді. Қазір ондайлар өте көп. 

Қолында токені бар адам оны «кез келген уақытта жылдам теңгеге айналдыра алады». Қазір айналымда 2,8 миллион QZQ бар.

Амангелді Қозыбаев
Амангелді Қозыбаев. Фото: Baribar.kz

Жобаның болашағы қандай болады?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауабын күтіп жүрмін. Оларға лицензия алу бойынша сұрақтар жіберіп едім. Министрлік комиссия құрып, сұрақтарды қарастыруы керек. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) базасында криптовалютаның биржасын құру және дамыту бойынша пилот жоба іске қосылған. Олар stablecoin жаңа сала болғасын әзірше қиын екенін айтты, бірақ, меніңше, stablecoin эмиссиясын бақылау, биржаға қарағанда әлдеқайда оңай. 

Көлеңкелі экономикада криптовалюта жүретіні рас. Сол үшін QZQ жобасына есірткі, қару, адам саудасына қатысты код енгізіп қойдым. Мемлекеттік орган қандай да бір шоттың сондай қылмысқа қатысы барын хабарласа, шотты оқшаулау, бақылау мүмкіндігі бар. 

Ендігі мақсатым – лицензия алу, қолданушылар ауқымын кеңейту және Қазақстанда орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) қызметін қалыптастыру. Сонда менен кейінгі адамдар мұндай жобаны оңай құра алады. 

Өзі туралы

Өзбекстанда тудым, 2000 жылы отбасымызбен Қостанайға көшіп бардық. Қазір Ақтөбеде тұрамын. Қазақ-түрік лицейінде (қазіргі Білім-инновация лицейі) оқыдым. Кейін Алматы энергетика және байланыс университетін «Энергетика» мамандығында оқыдым. Астанада үш жыл көлемінде инженер болып жұмыс істедім. Екі серіктесіммен осы саладағы компаниямызды аштық, техникалық директоры болдым. Сол компанияда жүргенімде басқа кәсіпкерлер құрылыс-энергетика бағытындағы жобаны ұсынды. Онда да жүрдім. Энергетика саласында консалтинг қызметімен айналыстым. Кейін бұл саладан жалықтым, өзімді мұнай немесе қаржы саласында сынап көргім келді. Қазақстандағы халықаралық компанияларға түйіндемемді жібердім, сынақтарынан өттім. Ақтаудағы мұнай компаниясы мен тұтынушы тауарын сататын трансұлттық компанияға шақырту алдым. Қазір екіншісінің Батыс аймағының филиалын басқарамын. 

Ескерту: Криптовалюта – бұл цифрлық немесе виртуал нысандағы валюта түрі, оның бірлігі ағылшын тілінен «coin» – «монета». Оның ең танымал түрі – биткойн (bitcoin). Қазір интернетте көп блокчейн платформа бар, олардың көмегімен өзіңіздің меншікті криптовалютаңызды жасап, оған өз есіміңізді беруге болады. Алайда Қазақстанда бұл әлі заңдастырылмаған, себебі транзакцияларды өзіңізден басқа ешкім тексере де, бақылай  да алмайды. «Криптовалюта арқылы мол табысқа кенелесің», «Инвестиция құй» дейтіндерге сенбеңіз. Бұл қаржы пирамидасы болуы мүмкін.