Екі ай ішінде балаларды 1-класқа қабылдауға 250 мыңнан аса өтініш түсті

Бұл туралы білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Бірінші класқа өтініштерді қабылдау 2022 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қызмет автоматтандырылды. Құжаттарды қабылдау egov.kz порталы арқылы жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыруға болады.

Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүріп жатыр. Осы ретте құжаттарды тапсыруда ата-аналардың белсенділігін байқауға болады. Биыл мемлекеттік тілде білім алғысы келетін 1-класс балалары көбейді. Қазақ тілінде оқитын кластарға қабылдаудың ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау (91%), Қызылорда (91,5%), Жамбыл (82,2%) және Атырау (80,1%) облыстарында тіркелді, — деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Жаңа оқу жылында 1-класқа барлығы 400 мыңнан астам қазақстандық бала барады деп күтіліп отыр.