Жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бойынша 1 618 адам көлік алды

Бұл туралы Ranking.kz сайты хабарлады.

Сарапшылардың айтуынша, автокредиттің жаңа бағдарламасы іске қосылғалы екі апта ішінде банктер 24 190 өтініш қабылдап, олардың 9 840-ын мақұлдады.

Мамырдың соңғы аптасында бағдарлама аясында қабылданған өтініштер саны 48,4%-ке өсті. Яғни, 10 мыңға жуық қазақстандық жаңа көліктердің иесі болады. Мақұлданған өтініштер сомасы 72,7 миллиард теңгені құрайды. Осы бағдарлама бойынша қазақстандықтар 1 618 автокөлік алды.

Еске салайық, бағдарламаға экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жетекшілік етеді. Министрлікке қарайтын «Жасыл Даму» АҚ бағдарламаны іске асыруға 100 миллиард теңге бөліп, жұмысты өнеркәсіпті дамыту қорына тапсырған болатын.

Бағдарлама бойынша өтінімдерді ЦентрКредит банкі, Еуразиялық банк, Halyk Bank және Fortе Bank қабылдайды.

Бағдарламаның шарттары:

  • сыйақы мөлшерлемесі – 4%;
  • кредиттеу сомасы – 10 миллион теңгеге дейін;
  • қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін;
  • бастапқы жарна – 0% бастап;
  • көлік құралының құны – 15 миллион теңгеге дейін.