«Алматы – Милан» бағытында аптасына екі рет авиарейс қатынайды

Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Рим қаласында Италияның сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Луиджи Ди Майомен кездесуінде аптасына 2 рет қатынайтын «Алматы – Милан» авиарейсін орындау маңыздылығы туралы сөйлесті.

Тараптар Қазақстан мен Италияның жоғары басшылығы арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын және екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға деген өзара қызығушылықтың артып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар сыртқы саяси ведомстволардың басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуді және стратегиялық әріптестік рухында шарт-құқықтық базаны нығайтуды талқылады. Үкіметаралық және парламентаралық байланыстарды дамытуға барынша жәрдемдесу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Италиялық бизнесмендер Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, машина жасау және жасыл энергетика салаларында өзара тиімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.

«Алматы – Милан» бағыты бойынша аптасына 2 рет жиілікпен тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығы атап өтілді, бұл екі елдің сауда-экономикалық байланысын дамытуға ықпал ететін болады.

Италия Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. ҚР ұлттық банкінің деректері бойынша 2021 жылы Италиядан тікелей шетелдік инвестиция көлемі 122,8 миллион АҚШ долларын құрады. Елдер арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 2021 жылы 9,6 миллиард доллар (экспорт — 8,8 миллиард және импорт — 0,8 миллиард) құрады.