Тоқаев референдумды қазақ халқы тарихындағы шешуші кезең деп бағалады

Оның айтуына қарағанда, қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келді.

Жаңа Қазақстан, яғни екінші республика – бұл шын мәніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, парламенттің ролі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естіледі. Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым – бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру, – деді Тоқаев Қырғызстандағы БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингіде.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформамен демократияландыру үрдісі аяқталмайтынын, алда ұзақ жол бар екенін еске салды. Президенттің айтуынша, жаңа реформалар жалғаса береді, бүкіл қоғамымыздың жүйесі жаңартылады.

Айта кетейік, Қазақстанда 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтеді. Референдумда халық Конституцияның үштен біріне, 33 бапқа 56 өзгеріс енгізуге дауыс барады.

Үкімет референдум өткізуге бюджеттен 16,4 миллиард теңге қаражат бөледі.