Тоқаев Жапаровқа бірлесіп ГЭС салу туралы ұсыныс айтты

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз делегациясына ілтипат білдіріп, Садыр Жапаровтың екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамасын  қолдайтынын айтты.

Тәуелсіздік кезеңінен бері қазақ-қырғыз ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келеді. Осы байланысымыз стартегиялық серіктестік және одақтастық рухында нығая түсуде. Бұған қос халыққа ортақ құндылықтардың арқасында қол жеткіздік, – деді Мемлекетіміздің басшысы.

Қазақстан президенті шағын форматта өткен келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын атап өтіп, Қырғызстан президентінің елімізбен арадағы көпжақты серіктестікті тереңдетуге деген ниетін жоғары бағалады.

Мен өз тарапымнан Қазақстанның қазақ-қырғыз қатынастарын достық, тату көршілік және шынайы одақтастық рухында жан-жақты нығайтудың стратегиялық бағытына берік екенін атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айта келе, жоғары деңгейдегі өзара сенімді және белсенді саяси диалогқа, екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және  электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды.

Сонымен қатар мемлекет басшысы әлемдік экономиканың құбылмалы жағдайындағы ықпалдастықтың жаңа формаларына назар аударды.

Қазақстан президенті өзара экспорттық номенклатураны кеңейту, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу мүмкіндігін, соның ішінде кедендік рәсімдерге цифрлық шешімдерді енгізе отырып жақсарту арқылы тауар айналымын ұлғайту мәселелеріне тоқталды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен өңірлер арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте, президент Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірінші өңіраралық ынтымақтастық форумын тез арада ұйымдастырудың маңызды екенін айтты.

Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп және перспективті жобалардың тізімін жасай отырып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғызстанда гидроэнергетикалық нысанды, атап айтқанда Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін.

Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды.

Фото: Akorda.kz