«Болашақ» бойынша техникалық мамандықтарға берілетін грант саны 60% өсті

Конкурстық іріктеу 2022 жылдың 30 мамыр мен 30 қараша аралығында өтеді. 2022 жылы магистратура мен резидентураға 385, докторантураға 60 стипендия бөлінді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі іске қосылды. Техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 60% дейін ұлғайтылды.

Басты назар инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға аударылады:

«Инженерлік жүйелер мен желілер», «Авиация және аэроғарыштық техника. Әуе қозғалысын басқару», «Үлкен деректерді талдау», «Жаңа материалдар технологиясы», «Деректер базасын басқару», «Авиациялық техника және технологиялар», «Машина жасау», «Өнеркәсіптік автоматтандыру» және т.б.

Тізімге инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және өнеркәсіптік инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласындағы 40 жаңа мамандық енгізілді. Олардың 17-сі атауларын кеңейту арқылы бұрыннан бар мамандықтарға енді.

Жалпы биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша басым мамандықтар тізімінде академиялық оқуға 92, тағылымдамадан өтуге 158 мамандық қарастырылған. Басым мамандықтар тізімі техникалық мамандықтармен 30%-ға кеңейтілді.