Министр мал шаруашылығының дамуын тежеп тұрған факторларды атады

Министр мал шаруашылығы саласының даму қарқыны елдің әлеуетіне сәйкес келмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерінің бірқатары бойынша импортқа тәуелділік сақталған. Атап айтқанда, құс еті, терең қайта өңдеуден өткен ет және сүт өнімдері.

Қолда бар мүмкіндіктер тек өңірде ғана емес, әлем бойынша да ірі экспорттаушы атануға мүмкіндік береді. Талдау көрсеткендей, мал шаруашылығын жедел дамыту мен оның өнімділігін арттырудың басты тежеуші факторы – жемшөп базасының жеткіліксіздігі, — деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің сөзінше, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі таңда ірі азықпен қамтамасыз ету 80%-ті, шырынды азықпен – 40%-ті, құнарлы азықпен қамтамасыз ету 50%-ті құрайды.

Жайылымдық жерлердің өнімділігі бойынша да проблемалар бар. Азық базасының проблемасын шешу мақсатында былтыр министрлік жемшөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Алайда жергілікті жерлерде жол картасының іс-шараларын іске асыру бойынша әлі де жүйелі жұмыс жоқ. Мал шаруашылығын жемшөп базасын есепке алмай дамыту процесі жалғасып жатыр, — деді ведомство басшысы.

Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, тағы бір мәселе – мамандардың тапшылығы. Ол қазіргі таңда өңірлерде ветеринарлардан басқа, зоотехник-технологтар мен зоотехник – селекционерлер тапшы екенін айтты.

Әсіресе өндірістік құс шаруашылығында кадрмен қамтамасыз ету жағдайы күрделі. Сонымен қатар жас мамандарды жергілікті жерлерге бекіту мәселесі өткір күйінде қалып отыр,- деді министр.