Смайылов Ақтөбедегі мұнайшылардың жалақысын көтеруді тапсырды

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол Ақтөбе облысы еліміздің маңызды өнеркәсіптік және аграрлық өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Мұнда мұнай өңдеу, құрылыс және азық-түлік өнімдері өндірісі белсенді түрде дамып келеді.

Жиын барысында премьер-министр мұнай саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің еңбекақысын арттыруды, Ақтөбеде магистралды газ құбырының үшінші желісінің құрылысын қаржыландыруды тапсырды.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін азық-түлік тапшылығының алдын алу және сауда үстемесін бақылау бойынша жоспарға сай жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті.

Өңірдің экономикасын әртараптандыру – ең өзекті мәселе. Ол үшін биыл өңірде жалпы құны 90 миллиардтан астам теңгені құрайтын 30 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Соның арқасында жаңа өндірістік қуат пайда болып, тұрақты жұмыс орындары құрылады. Аталған жұмысты жалғастыру керек, — деді Смайылов.

2022 жылы республикалық бюджеттің нақтылануын ескере отырып, өңірді дамытуға 150 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталады. Бұл қаражат жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға, газ тасымалдау жүйесін дамытуға, тұрғын үй құрылысына, ТКШ және коммуналдық шаруашылық саласындағы іс-шараларға, денсаулық сақтауды, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, сонымен бірге жергілікті тұрғындарды өнімді жұмыспен қамтуға жұмсалады.

Облыс басшылығының алдында үлкен жауапты істер тұр, олардың жүзеге асырылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал етеді, — деп түйіндеді үкімет басшысы.