Басты бетҚоғамAmanat партиясы...

Amanat партиясы «Бабалар аманаты» айтысын ұйымдастыруды ұсынды

Партияның атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың сөзінше, Amanat биыл ұлттық мәдениет пен өнерді қолдауда бірнеше іс-шараны қолға алады. Соның бірі – айтыс.

Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек биыл «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Партия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зергерлерін қолдайды. Бұдан бөлек, биыл еліміз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл сияқты айтулы даталарды атап өтеді. Осы мерейтойларды атап өтуге партия жан-жақты қолдау көрсетеді, – деді Асхат Оралов.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қазақстанның жас жазушылары мен ақындарына арнайы әдеби сыйлық берілетінін айтты.

Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңызды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы президенттің әдеби сыйлық тағайындалады. Қазір тиісті мемлекеттік органдармен жарлық жобасы әзірленіп жатыр. Оған қоса, биыл министрлік «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» атты конкурс-жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр, – деді министр.

Amanat партиясы
Фото: Аmanatpartiasy.kz

«Қазақ медиа қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқару кеңесінің төрағасы Ербол Азанбек қазақтілді ақпарат құралдары жиі кездесетін проблемалар туралы айтты. Оның сөзінше, бүгінде қазақ тіліндегі сайттардың ірі жарнамалар тапсырысына қолы жетпейді. Қаржы тапшылығының салдарынан білікті маман жалдай алмайды, ал білікті мамансыз сапалы контент өндіру тағы қиындық туғызады.

Мемлекет және әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде бизнес осы мәселеге назар аударса екен. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, түрлі тақырыптағы грант жобалары жасалып, жекелеген журналистер, редакциялар конкурс негізінде гранттарды ұтып алу арқылы контент жасау мүмкіндігіне ие болар еді, – деді Ербол Азанбек.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров БАҚ-тың бәсекеге қабілеттігін одан әрі дамыту бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты.

Сонымен қатар кеңесте Mecenat.kz жобасының әзірлеушілері қазақ қаламгерлерінің шығармаларына арнайы бәйге жариялайтыны айтылды. Олар жүзден жүйрік шыққан жазушыға өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге ниетті.

Жобаны әзірлеуші топтың мүшесі, тележурналист Әйгерім Ағылтаева ұлттық әдебиеттің дамуына одан әрі үлес қосу, әдебиетте жаңа есімдерді таныту, үздік романдарды оқырманға ұсынып, роман жазуды ілгерілету мақсатында қолға алынған жобаға Freedom Holding Gorp. инвестициялық тобының негізін қалаушы, белгілі қаржыгер Тимур Турлов қаржылай қолдау көрсететінін айтты.