Жиналғандар жуырда президентке қол қоюға жіберілген заң жобасы сөз бостандығын шектейтінін айтты және бұған қарсы екенін жеткізді.
Қоғамда дау тудырған «Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының («Сарым-Закиева» түзетулері) кейбір бөлігін сенат алып тастады және 2022 жылғы 14 сәуірде мәжіліске қайтарды. 20 сәуірде мәжіліс құжатқа жоғары палата енгізген өзгерістерді мақұлдады. Кейін президентке қол қоюға жіберілген.
Осыған қарамастан, бейбіт жиын өтті. Ұйымдастырушы, журналист Шыңғыс Уәлихан жобаның әлі де шикі екенін айтты және «мемлекеттің уәжін тыңдадық, митингіге қарсылығымызды, дәлелдерімізді айтуға келдік» деді.
Митингіге шамамен 150-ге жуық адам жиналды.
Заң жобасының авторлары, мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Зәкиева құжат балаларды кибелбуллингіден қорғайтынын айтқан. Алайда бүгінгі митингіге жиналғандар мен сөз сөйлегендер шын мәнінде мұның жай ғана сылтау екенін және заң жобасының түпкі мақсаты интернеттегі, әлеуметтік желідегі билікке ұнамайтын ақпаратты бұғаттау мақсатымен жасалғанын жеткізді. Олардың пікірінше, мұның кесірінен Қазақстанда ақпарат алу және тарату, сөз бостандығы шектелуі мүмкін.
Митингіде құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль журналистер мен авторлар кибербуллинг сылтауымен өшірілген материалы үшін шағым түсіре алуы керек екенін айтты.
Кибербуллингті түрлі амалмен шешуге болады, бірақ бұл қолданушылардың құқығын шектемеуге тиіс. Біз интернетті бақылауды доғаруды талап етеміз. Кибербуллинг анықталған жағдайда интернет-ресурстар мен контент авторларының мемлекеттік орган талаптарына қарсы шағым түсіру мүмкіндігі болуы керек. Кибербуллинг ресурстың бәрін шектеуге негіз болмауға тиіс, — деді ол.
Ал халықаралық құқық маманы Әйгерім Құсайынқызы дамыған мемлекеттер кибербуллингпен Қазақстан билігі сияқты интернетті, әлеуметтік желілерді бұғаттау арқылы емес, басқа әдістермен күресетінін айтып, мысал келтірді.
Осында жиналғанның көпшілігі кибербуллингтің құрбаны болған шығар? Сізді интернетте әлдекім өшпенділік тілін қолданып, қорлаған болуы мүмкін. «Мені қорлаған адамды қайткенде жазалауға болады», «Ар-ожданымды, абыройымды мемлекет қалай қорғайды?» деген сұраққа «Сарым-Зәкиева заңы» әлеуметтік желіні бұғаттау арқылы деп жауап береді. Бұл дамыған, демократиялы мемлекеттердің кибербуллингпен күресудегі қолданатын әдісі емес. Олар кибербуллингпен жасанды интеллект арқылы күреседі. Әрине, кибербуллингтің құрбаны тек балалар емес. Алайда біздің заң «балаларды қорғау» сылтауымен сөз бостандығына тыйым салмақшы, біз осы заңға қарсымыз, — деді заңгер.
Factcheck.kz порталының бас редакторы Думан Смақов президент Қасым-Жомарт Тоқаевты құжатқа вето қоюға үндеді.
Біз, Қазақстан журналистері, Иран, Солтүстік Кореяның, Ресейдің журналистерінің күйін кешкіміз келмейді. Еркін, цензураға жол бермейтін елде өмір сүргіміз келеді. Журналистік зерттеу жасағаннан кейін «бұл материал балаға зиян» деп өшіріп тастағанын, жұмысымызды мемлекет жасанды жолмен шектегенін қаламаймыз. Ақпаратты еркін таратқымыз келеді. Бұл заң алдыңғы редакцияда қабылданса, цензураға жол ашатын үлкен қақпа болушы еді. Конституция бойынша бізде цензураға жол жоқ. Дегенмен кейбір заң сөз бостандығын шектеуге жол ашатынын өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Қазір заңға өзгеріс енгізілді, иә, сенат үмітті жартылай болса да ақтады, бірақ бірнеше сұрақ жауапсыз қалып отыр. Бұл — «ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылатын комиссия қалай жұмыс істейді?» деген сұрақ. Бар үмітіміз Тоқаев мырзада. Ол Қазақстан тарихында алғашқылардың бірі болып бұл заңға вето қойса, нағыз біздің президент екенін көрсетер еді. Президент әкімшілігін осы заңға вето қоюға үндейміз, — деді журналист.
Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт осындай тақырыптардағы бейбіт жиындар өткізудің пайдасы мен нәтижесін көбірек айтты. Оның сөзінше, демократия 25 жыл бойы орнаған мемлекеттегі азаматтардың көбі бай-қуатты өмір сүреді.
Бізде нақты мақсат бар — диктатурада, автократияда өмір сүргіміз келмейді. Біз де демократия принциптері сақталған, дамыған қоғамның азаматтары сияқты болғымыз келеді. Алайда қазіргі саяси режимнің басында жүрген азаматтар мұны қаламайтынын көріп отырмыз. Сол үшін бізде саяси талаптар қойылуы керек. Шынайы реформа болмаса, бізде ештеңе өзгермейді. Бұл тек Сарым мен Зәкиеваға қатысты емес. Шын мәнінде мәселе тереңде жатыр. Біздің саяси режим көрсе де, көргісі келмейтін, естісе де, естігісі келмейтін проблемалар өте көп. Сол үшін бізге бейбіт митингілер өте қажет, — деді Шалқар Нұрсейіт.
Жиында соынмен бірге бала құқығы бойынша сарапшы Халида Әжіғұлова, азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев және бірнеше студент сөз сөйледі.
Жиналғандар «Көз жетпеген жерге сөз жетеді», «Интернетті бұғаттағаннан кибербуллиң тыйылмайды», «Бас кеспек пен тіл кеспекке жол жоқ!», «Аты басқа, заты басқа «заң», «Жаңа Қазақстан сыннан қорықпайды, цензураға жол бермейді және балаларды тасаламайды» (Новый Казахстан не боится критики, не вводит цензуру и не прикрывается детьми!!!), «Ресейдегідей болсын дейсіз бе?» (Вы что, хотите как… в России?, «Абайдағы (ауыл) баланы әлеуметтік желі құтқарды» (Соцсети спасли мальчика из Абая) деген плакаттар ұстап келген.
Ұйымдастырушылар азаматтық позициясын плакат арқылы ерекше етіп жеткізуге тырысқан қатысушыларға кітап дүкені сертификаттарын берді.
Нұрбек Елемес (dudeontheguitar) пен Алмас Мержақыпов «Земляне» тобы орындайтын атақты «Трава у дома» әнінің мақамына салып Қазақстанда интернеттің жиі бұғатталатынын жеткізді.
Жиынды құқық қорғау органы өкілдері сырттай бақылап тұрды. Жиынға қаңтар оқиғасы бойынша қамалғандардың азаматтардың туыстары да қатысты. Олардың қолында жақындарын босатуды талап еткен плакаттар болды.