— Әйгерім, Солтүстік Атлантика шарт ұйымы (НАТО) және басқалары неге бірден Украинаға көмекке ұмтылмай отыр?

— Сұрағыңызға, жалпы бұл тақырыпқа қызыққандарыңызға рақмет! Себебі қазақша ақпарат өте аз деп ойлаймын.

Солтүстік Атлантика шарт ұйымы және басқалар неге Украинаға бірден көмекке ұмтылмайды дегенге келсек, әуелі бұл қандай ұйым, қандай мақсатта құрылды дегенге жауап берейік.  Ұйым 1949 жылы құрылған. Оған 30 мемлекет мүше, штаб-пәтері Брюссельде орналасқан. Кейінгі болып 2017 жылы Черногория кірген. Суық (Қырғиқабақ) соғыстан кейін дүниежүзінде екі күшті мемлекет болса, ол «АҚШ пен Ресей» деп бейресми айтылып келді. Ал Солтүстік Атлантика шарт ұйымы Ресейді әлсірету үшін құрылды. Путиннің өзі ұйымға бұрыннан қарсы, қазір бізде соғыс жоқ, бұл ұйым керек емес деген принципін жылдар бойы айтып келе жатыр, бірақ оны ешкім тыңдамады. Ал қазіргі әрекеті арқылы ұйымның шамына тимекші.

Ең бірінші мынаны ескерген жөн, Ресей де, Украина да ұйымның мүшесі емес, бірақ Ресей Украинаға соғыс ашу арқылы Солтүстік Атлантика шарт ұйымының қандай да бір реакциясын, ашуын көруге мүдделі. Путин үшін Ресейдің дәл осы ұйымға қарсы тұруы  — өзінің күшті екенін дәлелдеуі. Ұйым Ресейге қарсы соғыс ашса, онда бұл үшінші дүниежүзілік соғысқа айналады және Путин тарихта қалады.

Солтүстік Атлантика шарт ұйымы шартының 5-бабы бойынша мүше мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатына қандай да бір әскери қауіп төнгенде ғана жағдайға араласа алады. Құқықтық анықтамасы осылай.

Халықаралық, гуманитарлық құқық тұрғысынан қарасақ, Ұлыбритания, АҚШ сияқты мемлекеттер — Солтүстік Атлантика шарт ұйымының негізгі күші. Ұлыбританиялық саясаткерлерге BBC журналисі дәл осы сұрақты қойған. Олардың жауабы мынадай болды: біріншіден, Украина ұйымға мүше емес, екіншіден, ұйым Украинаның 20 мың әскерін полигонға жинап, жаңа технологияларды, соғыстың кейінгі әрекеттерін үйретіп берді, бар көмек — осы.

Ал АҚШ президенті Джозеф Байден «бұл конфликтіге араласпаймыз», «біз зардап шегіп отырған мемлекетке қару, әскер жағынан да көмектеспейміз, өйткені бұл Еуропадағы үлкен соғыстың басталуына себеп болуы мүмкін», «Украина жанжалды өзара шешсін» деді. Ал Еуропа мемлекеттерінің көбі бұл іске араласпай отыруының себебі, әрине, Ресейдің ықпалы. Ресей арзан газ беріп отыр. Саяси, экономикалық тұрғыдан да, қару-жарақ бойынша да Ресей мықты. Бұл Еуропа мемлекеттерінің cоғыс ашқан елге тәуелді екенін ғана көрсетіп қоймайды, мынадай қауіп бар: Ресейге қарсы қару қолданса, онда бұл соғыс бір Украинаға қатысты болмайды. Еуропадағы ірі, тіпті, үшінші дүниежүзілік соғысқа айналып кетуі мүмкін.

Ресей, Украина
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қазір Солтүстік Атлантика шарт ұйымына мүше мемлекеттер Украинамен көршілес Литва, Латвия, Эстония сияқты мемлекеттерде қаруын дайындап отыр. АҚШ та, Ұлыбритания да әскерін қазір Эстония мен Украинаның шекарасында ұстап отыр. Олар ұйымға мүше мемлекетке қандай да бір қауіп төнсе, міндетті түрде Ресейге қарсы шығады. Өйткені олардың келісімінде солай жазылған. Путин мұны жақсы біледі. Солтүстік Атлантика шарт ұйымына мүше емес Украинаға соғыс ашу арқылы бұл ұйымға мүше 30 мемлекетке «Маған ештеңе істей алмайсыңдар» дейтін сес көрсетіп отыр. Бұл Еуропадағы соғыс болғанымен де, дүниежүзінің, өкінішке қарай, кейбір саясаткерлердің тек санкциямен шектеліп қалуы үлкен сынға ұшырап жатыр. Алайда құқық тұрғысынан келсек, Украина ұйымға мүше 30 елден ешқандай көмек күте алмайды. Өкінішке қарай.

— Халықаралық қылмыстық сот неге бірден қозғалмады? Ресей Украинадағы соғысы үшін жазалануы мүмкін бе?

— БҰҰ Хаагтағы (Гаага) халықаралық қылмыстық соты 1998 жылы Рим статуты жазылып, 2002 жылы күшіне енген. Зеленский осы сотқа жүгінді. Украинаға қоса, 39 мемлекет талап-арыз беріп отыр.

Бұл Украинаның Ресейге қарсы бірінші талап-арызы емес. Бұған дейін қылмыстық сотқа Қырымда «нәсілдік кемсітушілік жасады» және Донбастағы жағдай бойынша «халықаралық терроризм құрылымдарын қаржыландырды» деп жүгінген еді. Содан бері бірнеше жыл өтті, бірақ бұл іс бойынша сот шешімі әлі шықпады. Жыл сайын 3-4 реттен тыңдаулар өтіп тұрады — нәтижесі жоқ.

Халықаралық істі қараудағы ең үлкен кемшіліктің бірі — жауапқа тартылатын мемлекет (Ресей) бұл соттың юрисдикциясын, яғни істі қарауға құзіреті бар екенін мойындауы қажет, келісуге тиіс және талқылауларға міндетті түрде қатысуы керек. Ресей қатыспаса, ешқандай реакция білдірмесе, онда сот ештеңе істей алмайды. Бұл кезде сот Ресейдің ішкі ісіне араласып, оған қарсы ешқандай императив мәжбүрлеу саясатын (мысалы, шоттарды бұғаттау) қолдана алмайды. Бұл — халықаралық құқықтың ең әлсіз және көп сынға ұшырайтын тұсы. Осыны түсінуіміз керек. Қырымға қатысты шешімнің шықпау себебі де — осы. Тыңдаулар әлі де болып жатыр. Мұны соттың сайтынан ағылшын және француз тілдерінде көре аламыз. Сол себепті Донбасс пен Қырымға қатысты шықпаған шешім Украинадағы бір апта бұрын басталған соғысқа бүгін-ертең шығады деп ойламаймын.

Халықаралық сот шешімі бойынша халықаралық деп танылған төрт қылмыс бар. Олар: геноцид — этникалық себептермен бір ұлтты екінші ұлттың қырып-жоюы (мысалы, Руандадағы, Мьянмадағы мұсылмандардың қырылуы), адамзатқа қарсы қылмыстар — терроризм, ядро қаруын қолдану және тағы басқа, соғыс кезіндегі қылмыстар және агрессия немесе аннексия. Қырымдағы жағдай аннексияға жатады, бұл — бір мемлекеттің екінші мемлекет аумағын күштеп басып, оккупациялап алуы. Зеленскийдің осы жолы сұрап отырғаны — Ресей геноцид ұғымын асыра пайдаланып, агрессиямен геноцид қылмысын жасады, сондықтан  Украинаға қарсы әскери әрекеттерін шұғыл түрде тоқтатсын деп өтініш берді.

Ресейді кінәлі деп тапты делік, бірақ өзі мұны мойындамаса, БҰҰ соты шешімінің ешқандай заңды күші болмайды, яғни қолданыссыз, танылмай қалады. Ресейдің сот шешіміне қатысты ештеңе істемеуге құқы бар. Мұндай кезде Украинаның алдында тұратын келесі сценарий — БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне Ресейдің үстінен шағымдана алады және кеңестің құрылымын өзгертуді талап ете алады. Өйткені БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты 5, жыл сайын ауысып отыратын тұрақты емес 10 мүшесі бар. Тұрақты мүшенің бірі — Ресей, осы себепті оның «иммунитеті мықты». Ол вето құқығын қорғап, тағы да құтылып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, судан құрғақ шығып кету қаупі басым.  Ұйымның қауіпсіздік кеңесі құрамы өзгермей, Ресейге қарсы қолданылатын шараның бәрі қауқарсыз болып есептеледі.

Халықаралық заңгер ретінде халықаралық соттың Ресейге қарсы дереу, оған әсер ететіндей, тыңдай қоятындай шешім шығаратынына күмәнім бар. Соғыс үшін сотқа тартатынына тағы сенбеймін. Сот Ресейдің ішкі ісіне араласып, Путинге «президент бола алмайсың» деп оны орнынан тайдыра да алмайды. Бұл халықаралық құқық принциптеріне қайшы болып есептеледі. Тек құжат түрінде, процедуралық сипатта қалады, бірақ мұны Ресей мойындамайды.

Хаагтағы соттан нәтиже шығуы үшін жоғарыда айтқан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты 5 мүшесін ауыстыру қажет. Қай мемлекеттер десек, бұл — сонау екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Ресей. Құрам тым ескірген, мұны ұйымға мүше 193 мемлекет болып өзгертуіміз керек. Сол кезде ғана Ресейді тоқтата алатын шығармыз?! Ал қазір Ресей ұшып келе жатқан комета сияқты, барлығы қорқады, біледі, салдарын сезеді. Оның үстіне, бұл бес мемлекеттің бес құрлықтағы 8 миллиардқа жуық халықтың тағдырын шешуге ешқандай құқы жоқ. Бұл — халықаралық құқықтағы әділетсіздік.

Енді қазір экономистер экономикалық қысым жасау арқылы, мысалы, жеке және заңды тұлғалардың шетелдегі мүліктерін, банктегі шоттарын бұғаттау, виза бермеу, қарапайым Apple өнімдерін сатпау сияқты, қазақ айтпақшы, Ресеймен ат құйрығын кесіп, байланыстың бәрін тоқтату бұл мәселені шешеді деп болжап отыр.

— Халықаралық террор қатаң айыпталатын заманда Путин неге мұндай қадамға барды?

— Халықаралық террор БҰҰ соты шешімімен адамзатқа қарсы төрт қылмысқа жатады, бірақ бұл жердегі негізгі проблема — Ресей өз әрекетін терроризм деп қабылдамауы. Екі түрлі картина бар. Батыс мемлекеттері мұны терроризм деп есептегенімен, Путиннің айтуынша, бұл мүлдем олай емес. «8 жыл бойы құрбан болып отырған халқының бостандығы үшін күрес». Бұл — Путиннің, Ресейдің анықтамасы. Біз әр елдің осындай анықтамасын тыңдай берсек, онда халықаралық құқық болмайды, бірақ халықаралық құқықтағы терроризм түсінігіне Путиннің әрекеттері сай келіп отыр.

Меніңше, Путиннің импералистік идеясы, қандай да бір елге соғыс ашуға талпынған амбициясы бұрыннан белгілі болды. Мұны саясаткерлер кейінгі 5-10 жылда айтып жүр. Оның «ХХ ғасырдағы ең үлкен трагедия — КСРО-ның ыдырауы» деген цитатасы бар. Баяғыда күйреп тынған КСРО-ны күлінен қайта тұтандырып, феникс құсы сияқты жаңғырту оның ойында, мақсатында болды. Ол мұны, меніңше, жасырмады да. Дүниежүзі Путиннің «қазіргі халықаралық құқық нормаларын қабылдамайтынын», «әлі күнге дейін ескі замандағы импералистік дәуірді аңсайтынын» және «сол амбициясы үшін қандай да бір адамдардың өліміне дайын екенін» көрсетіп беріп отырса да, Ресей президенті мұны мойындамай отыр. Меніңше, Путин мораль, этика тұрғысынан бұл соғыста жеңілді. Өз халқы экономикалық қысымнан кейін оған импичмент жарияласа, бұл лайық жаза болар еді.

Путин неге мұндай қадамға барды дегенге жауап беріп көрсек. Ресей Украинадағы Қырымды өзіне агрессиямен аннексиялап алған кезде дүниежүзінің реакциясын, ешкімнің оған ештеңе істей алмайтынын көрді. Әрине, сол кезде де санкциялар салынды. Ресей мұнымен күресті және санкциялар Путинді тоқтата алмайтынын дәлелдегісі келді. Трамп пен Меркельдің, Байденнің Ресейге, өзіне қарсы комментарийлері дым шешпейтініне көзі жетті, сол себепті мұндай қадамға екінші рет барды деп ойлаймын. Мұны Путиннің ғана емес, халықаралық құқықтағы аналитиктердің де қатесі деп білемін.

Пандора жәшігі дейміз ғой, соның ішінде айдаhар — Путин бар екенін және оның оянғанын 8 жылдан бері көрдік, білдік, бірақ аса бағаламадық. Осындай қауіпті сезсек те, ештеңе істей алмадық. Негізі қазіргі жағдай ешқандай тосынсый емес еді. Саясаткерлер ерте ме, кеш пе, осы соғыстың болатынын білді. Өйткені Украинаны басып алу туралы ой Путиннің бір түнде түсіне кірмеді. Бұл жылдар бойы жоспарлы түрде жасалып келген ең үлкен, ақтауға келмейтін агрессия деп ойлаймын.

Путин, айдаhар
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қазір Путинді Гитлердің әрекетіне талпынғанынан кейін «Путлер» деп айтып жатыр, бірақ біздің бұлай айтуға құқымыз жоқ. Америка ғалымдары 2014-2015 жылғы еңбектерінде Путинді «екінші Сталин», «агрессияның барлық түріне дайын» деп сипаттады. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, марқұм Маргарет Тэтчерден 1990 жылдары «Неліктен Ресей әлі де империяны аңсайды?» деп сұрағанда «ХХ ғасырда дүниежүзінде екі ұлы империя — Ұлыбритания мен Ресей болды. Ұлыбритания халқы импералистік амбицияларынан бас тартты, адам құқығы үшін әркімге өз тәуелсіздігін берді. Ал Ресей мықты империя болғанын өмір бойы аңсап өтеді. ТМД мемлекеттеріне тәуелсіздік берсе де, империялық позицияға әрқашан оралғысы келеді. Өйткені Ресей басшысында, халқында мұндай амбиция бар» деп жауап берген. Путин дәл осы идеяны тағы да дәлелдеп отыр.

— Ресей бұған дейін де Украинаға қысым жасады, бірақ қазіргідей резонанс тудырмады. Батыс неге осы жолы үнсіз қалмады?

— Иә, Украинадағы бұған дейінгі жағдайларда көпшілік шарасыздық танытты. «Путин сенің жеріңді тартып алды, бірақ ештеңе істей алмаймыз» деген реакция болды. Сол жағдай тағы қайталғанда бәрі өзгеріп шықты. Неге? Себебі Украина халқы Путинмен күресуге дайын екенін, қарсы тұра алатынын көрсетті. Батыс бұл халықтың ұлттық рухын көрді.  Ресейдің негізгі идеясы — «Кіреміз де, 2-3 күнде басып аламыз». Алайда Украина бұған жол бермеді. Мұны көрген дүниежүзі оны жақтай бастады. Бұрынғыдай қарап отырмады.

— Қазір кеңінен тарап жатқан «Қырымда орыстарды қырып жатқанда қайда болдыңдар?» деген пропаганда туралы не ойлайсыз?

— «Бұрын қайда болдыңдар?» деген ой империяны аңсайтын бір басшының амбициясын ақтап алуға арналған сөзі сияқты. Себебі 2014 жылы Қырымдағы жағдай ТМД мемлекеттерінің өзіне нақты түсіндірілмеді. Заңгерлердің өзі Ресей мен Қырым арасындағы жағдайды анық айтып бере алмайды. Қазіргідей ерекше күн тәртібінде тұрған мәселе болмады. Соғыс болып, бейбіт тұрғындар өлмеді. Әрине, мұндай фактілер ол кезде де кездесті, бірақ ауқымы қазіргідей болмады.

2014 жылы не болып еді? Путин Қырымға барып, сайлау өткізіп, оның Қара теңіздегі бүкіл бөлігін, флотты Ресей аумағына қосып алды. Ресейдің нұсқасы бойынша ондағы «ұлты орыс және орыс тілінде сөйлейтін азаматтарға дискриминация жасалды, қысым болды». Путин «өз ұлтымды, орыстілді әлемді құтқарып аламын» дегенді желеу етті. Ал дүниежүзінің айтып отырған нұсқасы — «Ресей тарихи тұрғыдан Қырымды әлі өзінікі деп есептейді, бірақ біз олай емес екенін білеміз». Ресейді «екінші мемлекеттің делимитацияланған, демаркацияланған, белгіленген шекарасын бұзды», «халықаралық нормаларды елемеді», «бөтен елдің ішкі ісіне араласып», «бейбітшілігіне қауіп төндірді» деп айыптады. Дүниежүзінің айтуынша, Ресейдің әрекеті — бір мемлекеттің аумағын бұзып, өзіне қосып алуы — халықаралық қылмыс. Бұған қоса, Қырымдағы сайлау заңды өтпеді. Сайлау пунктілерінде Ресей әскері қарумен тұрған кезде халық кімге дауыс беретіні түсінікті еді. Мұнда ешқандай таңдау, сайлау құқығы, демократия, бейбітшілік туралы айтудың керегі жоқ.

Путиннің «8 жыл бұрын, Қырымдағы орыстарға қысым жасалғанда, дүниежүзі, қайда болдыңдар?», «Сол кезде неге орыс ұлтын құтқармадыңдар?» деуін тек ақталуы деп қабылдауға болады. Дүниежүзі ол кезде де Ресейдің қылмыс жасағанын, халықаралық құқық нормаларын бұзғанын, өзінің импералистік идеясын орындау үшін Қырымды күшпен басып алғанын және Украинаның территориялық тұтастығын бұзғанын білді, соған қарамастан, Путиннің осылай сөйлеуі бұл тақырыпты, саланы зерттеп жүрген азаматтардың ар-намысын таптау және заңсыз әрекетін ақтап алудың ең төмен және сапасыз жолы деп ойлаймын.

Украинадағы соғыстың басталғанына дәл бір апта болды. Осыған байланысты аналитика жасамай отырған БАҚ өте аз. Қандай да бір оқиға болғанда сол жердегі ұлттық телеарналар мұны басқаша сипаттайды, дүниежүзі басқаша көрсетеді. Көрші мемлекетте дәл осылай болып жатыр. Кремль Украинаға жасалып жатқан әрекет ешқандай да соғыс емес, бұл «арнайы операция» екені айтты. «Өзінің ұлтын құтқару жолында «бейбітшілікті сүйгіш» Путиннің көрші мемлекеттегі «әділетсіз өлтіріліп жатқан» орыстілді азаматтарды, «ЛНР» мен «ДНР»-ді қорғауы қажет» деген хабарлама тарады. Ресейдегі идеология, пропаганда осындай. Жергілікті, мемлекеттік БАҚ та осыны қайталап жатыр. Олардың айтуынша, бейбіт тұрғындар емес, тек әскерилер өліп жатыр. Өте дөрекі бұрмаланып отыр дер едім.

Ал дүниежүзі көріп отырған картина қандай? «Ресей 30 жыл бұрын тәуелсіздігін алып кеткен елді мойындамай отыр», «Украинаның Еуроодаққа талпынған әдісін қолдамайды», «Грузия сияқты өз бақылауынан толық шығып бара жатқанын біледі». Идеология тұрғысынан айтсақ, Украинаның Ресейді ешқашан мойындамайтынын, олардың жаппай орыс тілінен бас тартқанын, өзінің деколонизациялық тарихи кезеңін басынан кешіріп жатқанын көргенде, әрине, «бізге бағынышты болған ел неге бізден асып кетуі керек» деген түсінік болады.

Осы жерде Путин мен Зеленскийдің екі планетаның адамы сияқты әрекет етуі емес, олардың адам құқығы, бостандық, бейбітшілік, өмір сияқты құндылықтарға көзқарасы арасындағы алшақтықты көруге болады. 20 жыл бұрын бір-біріне генетика жағынан өте жақын ұлттың болашақта соғысатынын ешкім болжап біле алмады. Алайда осы саланы зерттеп жүрген саясаткерлер арасында Ресей саясатын сонау 2008 жылы Осетия астанасы Цхинвалда болған жағдайдан, Қырымдағы оқиғадан кейін де болжағандар болды. Мысалы, ресейлік саясаткер Борис Немцов, Еуразияны, Орталық Азияны зерттеп жүрген ғалым Эдвард Шварц 2005-2008 жылдары «Ресей империяны қайта құрғысы келеді», «көршілеріне агрессия қолданады», «әскерін күшейтіп жатыр» деді. Ғалымдардың Ресей 9 мамырды екінші дүниежүзілік соғысты, фашизмді жеңген күн деп емес, дүниежүзіне қандай әскері бар екенін көрсеткісі келетіні үшін, «Менде ядро қаруы бар, қорқыңдар, келіспесеңдер, басып аламын» дейтін мақсатта ғана бұл мейрамды қолданып жүр деген болжамы болған еді. Өкінішке қарай, бұл болжам қазір шындыққа айналып отыр.

— Украина қазірдің өзінде Еуроодаққа бір аяғымен кіріп тұрғаны айтылып жатыр…

— Еуроодақ — халықаралық саяси және экономикалық бірлестік. 1952 жылы алты мемлекеттің қатысуымен құрылып еді, қазір мүше 27 ел бар. Жалпы бұл одақтың адам құқықтары, демократия мәселесін көтеру бойынша және дүниежүзіндегі қандай да бір оқиғаға реакциясы жағынан БҰҰ-нан еш кем түспейді. Копенгагиялық принциптерді алға тартатын өте беделді, ең тиімді интеграцияның бірі болып есептеледі.

2009 жылы Ресей, Беларусь, Қазақстан болып құрған Кеден одағының негізі осы Еуроодақтың моделі бойынша қаланып еді. Кейін Кеден одағы 2015 жылы атын өзгертті, интеграция кеңейді, құрамына Армения мен Қырғызстан кірді. Әрине, Еуроодақ пен Еуразиялық одақтың принциптерін мүлдем салыстыруға келмейді. Өйткені екіншісінде Ресейдің гегемониясы басым, дауыс беру үлесі — 87%.

Ал Украинаға келсек, 2022 жылғы 28 ақпанда президент Зеленский Еуроодаққа кіру туралы жедел өтініш берді. Осы кезден бастап бұл ұйым жиі айтыла бастады. Тарихқа көз жүгіртсек, Украинаның ұйымға кіру ниеті сонау 1994 жылы басталған, дәл осы кезден бастап келіссөздер жүргізе бастады. 2007, 2019 жылы Еуроодақ пен Украина арасында визалық режимді жеңілдету мәселесі қарастырылды. 2017 жылы ұйым комиссиясы Украинаға жақсы баға берді. Зеленский президент болғанда электоратқа айтқан үлгі — Еуроодақтың құндылықтарын, принциптерін Украинаға енгізу еді. Қазір Зеленский мұнымен жақсы айналысып жатыр.

Еуроодаққа кіру — өте ұзақ процесс. Менің топшылауым бойынша Украина одаққа биыл да, келесі жылы да кірмеуі мүмкін. Мүше мемлекеттер арасында ұйымға ең аз уақытта кірген ел — Финляндия. Бұл елдің даму деңгейін Украинамен салыстыруға келмейді. Түркия да — Еуроодаққа кіре алмай келе жатқан мемлекет. 2005 жылдан бастап ел басшылығына келген Ердоғанның саясаты басқаша болды, сол себепті   бұл Түркияның бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселе емес. Сириямен кейінгі конфликтілерден кейін болашақта да кіре алмайды.

Еуроодаққа кіру үшін Украинаға қойылатын бірнеше талап бар. Оларды орындауға жеделдетілген режимнің өзінде, ең жақсы сценарий бойынша кем дегенде бір жыл керек. Қандай талаптар бар дегенге тоқталсақ, үміткер мемлекет копенгагиялық прициптерді — адам құқығын, оның ішінде кіші топтардың құқын қорғауды, сөз бостандығын, өмір сапасын жақсартуды, халықтың билікке араласуын, сайлаудағы ашықтықты, еркіндікті, плюрализмді, кейбір әдебиетте айтылатындай, Еуропаны алға жылжытып отырған құндылықтарды бірінші орынға қоюы керек. Бұл қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де орындалуға тиіс.

Екіншіден, Украина заңнамалары Еуропанікімен гармонизацияланып, адаптациялануы болуы керек. Демек, Украина заңнамаларын Еуропа талаптары бойынша өзгертуіне тура келеді, мұны қайта қарауы қажет. Бұған көп уақыт кетеді, өйткені құқықтық норманы өзгерту екі-үш айда біте қалатын іс емес.

Үшінші талап — қазіргі соғысты міндетті түрде аяқтауы керек. Одан кейін реабилитация кезеңі өтеді. Өйткені қаншама мыңдаған адам босқын ретінде Еуропаға кетті, сол себепті ішкі қауіпсіздік мәселесін қалпына келтіруге тиіс және Еуроодаққа мүше 27 мемлекет Украинаға міндетті түрде «үміткер» деген статус беруі керек, осыдан кейін кем дегенде өте ұзаққа созылатын 20-30 әңгімелесу, талқылау болады. Мысалы, құқық қорғау органдарын реформалау, қаржылық бақылау жүйесін, білім саласын қайта қарау деген сияқты экономикалық, әлеуметтік, саяси, азаматтық, құқықтық салаға тиесілі заңнаманың бәрін өзгерту тез біте қоймайды. Үміткер статусын алып, талқылаулар мен әңгімелесулер біткеннен кейін қалған 27 мемлекет Украинаның одаққа мүше болуына қарсы болмауы керек. Ал үміткер статусы Украинаға әлі берілмеді.

Еуроодақ, Украина
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Кейінгі күндері Украина Еуроодақтың табалдырығында емес, оған қазірдің өзінде бір аяғымен кіріп тұр деген сөздер эмоциямен айтылып жүр. Мұнымен келіспеймін. Себебі 27 мемлекеттің тоғызы (Украинамен көршілес, тарихи жақынырақ елдер) ғана Украинаның қосылуына қарсы емес. Ал қалған 18 мемлекет әзірше қалыс қалды, үнсіз отыр. Олар жағдайды эмоциямен бағалаудан қашып отыр. Меніңше, бұл — дұрыс саясат. Өйткені соғыс болды екен деп, Украинаға бірден жеңілдік жасап, қабылдап жібере алмайды. Неге десеңіз, Еуроодақ — иммидж, репутация, бұл — жоғары өмір сапасы, болашаққа деген кепілдік. Сіздің жарқын болашағыңызды сақтандырады деген керемет армандар. Алайда одан бұрын бұл — қажырлы еңбек, заңнамаларды, күнделікті стандартты, өмір сүру салтын өзгерту. Менің болжамым бойынша Украинаның Еуроодаққа кіруіне кем дегенде бір, көп дегенде үш жыл керек.

— Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты көпке дейін неге ресми позициясын айта алмады?

— Иә, Қазақстан билігі өзінің позициясын бірден айтпады. Біз өзгелерге қарайлап отырдық. Бірден ашық позициямызды айтуымыз керек еді.

Осы жерде тағы бір тарихи дерек еске түседі. 2014 жылы журналист Қазақстан саясаткерінің бірінен «Ресейдің Қырымды басып алуы халықаралық құқыққа қайшы ма?» деп ағылшын тілінде сұраған кезде «Бұл сұраққа жауап беретін ағылшыным өте кедей» деп дипломатиялық тұрғыдан құтылып кеткен еді. Алайда дәл осы жолы, дүниежүзі Қазақстанның позициясына қарайлап отырған кезде «Ресей мен Украинаның бізге қатысы жоқ», «Мұны түсіндіріп беретін тілім тым кедей» деп қашып кете алмаймыз.

Біз позициямызды ашық көрсетуіміз керек еді. «Украинаны қолдаймыз», «Ресейдің әрекетіне, соғысқа қарсымыз» деп анық айтпасақ, Еуропарламентте өткен аптада, осы аптада Қазақстанға қарсы санкция жариялау мәселесі көтеріліп жатыр. Неліктен? Өйткені олар қаңтардағы оқиға кезінде ҰҚШҰ әскері Қазақстанға келіп, көмектескенін біледі. Қазақстанның да Ресейге көмектесу ықтималдығын ешкім жоққа шығарып отырған жоқ.

— Cұхбатыңызға рақмет!