Моушн-дизайнер деген кім?
Моушн-дизайн (motion design) — ақпараттық технологияның жаңа бағыты. Мұнда анимация да, дыбыс та, мәтін де бар. Онымен айналысатын адамды «моушн-дизайнер» деп атайды. Моушн-дизайнер адамдарға қысқа ролик арқылы қандай да бір өнім туралы түсінікті, қызық әрі тез ақпарат береді. Бүгінде моушн-дизайн көп салада: ІТ-да, киноиндустрияда, медиада, жарнамада және тағы басқасында қолданылады.
Мысалы, Apple компаниясы жаңа Iphone шығарды делік. Оның функциясын, түр-сипатын көрсету үшін жарнама ретінде көбіне моушн-дизайн пайдаланады.
Бала кезімде компьютерді көп ойнадым. Бір күні «Жай ғана ойнамай, неге осындай ойын жасамасқа?!» деп ойладым. Сөйтіп 3-класта анимация жасауды, 5-класта Photoshop-та жұмыс істеуді үйрендім. 7-класта мектептегі бағдарламалау үйірмесіне жазылдым, түрлі жарысқа қатыстым. Нәтижесінде 9-класта республикалық физика-математика мектебіне қабылдандым. Сол кезде туыстарымның, достарымның презентациясын, логотипін жасадым. 11-классты бітірген соң IT саласын таңдап, Алматыдағы ІТ университетіне құжат тапсыруға бардым. Бір қызығы, сол уақытта олар дизайнер іздеп жүрген екен. ІТ университетіне дизайнер маманы ретінде жұмысқа орналастым, кейін «Есептеу және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығына оқуға түстім. Жұмысым мен оқуым мені моушн-дизайнға алып келді.
Атам, басқа туыстарым да физик-математик, ал әкем суретші әрі мүсінші. Өзімнің де сурет салуға бейімім бар, бірақ математикаға ерекше қызықтым. Сол себепті ІТ саласына оқуға түстім. Дегенмен тек код жазудан жалыға бастадым. Жұмысымның нәтижесін визуал түрде көргім келетін. Осы уақытта моушн-дизайн бағытымен таныстым. Моушн-дизайн шығармашыл қабілетім мен техникалық білімімді біріктіріп, жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
Моушн-дизайнер қандай болуы керек және қанша табыс табады?
Моушн-дизайнмен айналысатын адамда суретшінің, программистің, сценаристің әрі режиссердың, монтажердың, оператордың, фотографтың, дизайнердің қабілеті болғаны абзал. Өйткені моушн-видеода виртуал түсіру тобының жұмысын атқарасыз. Онда сахнамен, жарықпен, камерамен, объектімен жұмыс істейсіз, дыбысты өңдейсіз, музыканы таңдайсыз, монтаж жасайсыз, суретке түсіресіз, код жазасыз, сурет саласыз.
Видеоны жасау көп уақытты талап етеді. 30 секунд немесе 1 минуттық жұмысты жалғыз өзіңіз екі-үш ай, бір топ маманмен бір айда жасауыңыз мүмкін, соған сай табысы да жоғары.
Моушн-дизайнның тағы бір миссиясы — эмоция сыйлау. Мысалы, Nike фирмасының спорт аяқкиімін алайық. Бұдан басқа фирмаларда дәл сол сияқты сапалы, ерекше аяқкиім болуы мүмкін. Дегенмен моушн-дизайнердің видеосы көріп отырған адамға «дәл осы аяқкиім алуға тұрарлық» деген сезім сыйлауға тиіс.
Музыкант ішкі ойын музыка арқылы жеткізсе, мен моушн-дизайн арқылы жеткіземін. Себебі ол менің қиялымдағы концепция немесе идеяны дәлме-дәл көрсетуге мүмкіндік береді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Моушн-дизайнер жұмысын қалай сатады?
Дизайнның отаны — Германия. Батыс елдерінде моушн-дизайн жақсы дамыған. Ірі компанияларның көбі моушн-дизайнерлермен жұмыс істейді. Ал ТМД мемлекеттерінде бұл бағыт енді ғана дамып келеді, сол себепті маман да аз. Қазақстанда нақты моушн-дизайнды университеттер оқытпайды. Көбі курстардан үйренеді.
Өкінішке қарай, бізде көбі моушн-дизайнды анимациямен шатастырады. Ақысы мен жұмыс уақытын естігенде арзандау видео немесе анимация жасатуды жөн көреді. Меніңше, ол кісілер моушн-дизайнның құндылығын толық түсінбейді. Қазақстанда әзірше тек ірі компаниялар мен ұйымдардан сұраныс түседі.
Осыған дейін Lexus International, Lexus Kazakhstan, AlmaTV, Samal суы, Отбасы банкі және тағы басқалармен жұмыс істеп көрдім.
Алғашында бұл бағыт тек хоббиім болды, бірақ кейін табыс көзіне де айналды. Мысалы, бірде Lexus маркасының көлігіне қызығып, оған арнайы видео жасап, әлеуметтік желідегі парақшама салып қойдым. Біраз уақыттан кейін сол көлік маркасының компаниясы жұмысымды байқап, қомақты ақшаға сатып алды. Осылайша моушн-дизайнер ретінде таныла бастадым.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Моушн-дизайнерден кеңес
Моушн-дизайнды енді меңгеріп жатқандарға кеңесім — төзімді болыңыз. Өйткені мұнда әр детальға ерекше мән беруіңіз керек. Кейде компьютер алдында күніне 7-8 сағат отыруыңыз мүмкін. Бір жобаны жасау үшін бірнеше бағдарламамен жұмыс істейсіз, оның барлығының тілін бірден меңгеру оңай емес. Жарты жолдан тастамай, соңына дейін апарыңыз, сонда нәтижеге жетесіз.
Сонымен бірге ізденіс қажет. Моушн-дизайнды жетік білемін деген адамның өзі осы саладағы білімін жаңартып отыруы керек. Себебі күн сайын ІТ саласы, технология дамып жатыр. Мысалы, өзім күнделікті жарты сағат уақытымды дизайнға қатысты видеосабақ көруге, жаңалық оқуға жұмсауды әдетке айналдырдым.
Моушн-дизайн шығармашылықты да талап етеді. Фантазияны, креативті дамытуға басқа бағдарламаларды, авторлардың жұмысын көріп, сараптап, танысу көмектеседі.
Коммерциялық жобалар жасау үшін өте мықты компьютер керек. Ол арзан тұрмайды. Дегенмен бұл моушн-дизайнмен айналыспауға себеп емес. Енді үйреніп жүргендер қолында бар компьютерін, ноутбугымен-ақ бастауына болады. Ең бастысы ынтасы болуы қажет.