Басты бет / Қоғам /
Айназ бен Лалагүл
Айназ бен Лалагүл. Иллюстрация: Бақдәулет Әбдуалы

Айназ бен Лалагүл. Дүниежүзіне танылғысы келетін апалы-сіңлілі теннисшілер

Алматыдағы Қаныш Сәтбаев пен Юрий Гагарин көшелерінің қиылысындағы аллеяға келдік. Мұнда ескі үстел теннисі бар. Дәл осы жерде Айназ спортқа алғаш қадам басқан. Әкесі екеуі мұнда әр келгенінде үстелді сүртіп, тазалап қана ойнауға кіріседі екен. Себебі бұл ескі үстел болғанымен, оларға ерекше ыстық.

7419c35405e8bdb2bbef5c78879aa87e Айназ бен Лалагүл. Дүниежүзіне танылғысы келетін апалы-сіңлілі теннисшілер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
2bb3dd56882d2848c55776e8f7dbc659 Айназ бен Лалагүл. Дүниежүзіне танылғысы келетін апалы-сіңлілі теннисшілер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айназ 9 жасыннан бастап үстел теннисін ойнайды, қазір 12 жаста. Оның спортпен шұғылдануына әкесі себепкер болған және ең бірінші жаттықтырушысы да — сол.

Әкем «Тенниске қызығасың ба, әлде жоқ па?» деп сұрамады. Өзі таңдады, ал мен қарсы болмай, шұғылданып көрдім. Алғашында қиын болды. Допты қағып ала алмайтынмын, тіпті ракетканы дұрыс ұстауды білмедім, кейінірек қызығушылығым артты. Қазір әкемнің сол кездегі таңдауына, шешіміне тек алғыс айтамын, — дейді Айназ.

07831cdbb27f0a8e2ba96e14c78cdae0 Айназ бен Лалагүл. Дүниежүзіне танылғысы келетін апалы-сіңлілі теннисшілер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ал Айназдың әкесі Әділжан қызын спортқа беруінің маңызды бірнеше себебі бар екенін айтты.

Айназ кішкентайында көп ауырды. Ағзасы инфекцияның кез келгенін тез қабылдап алады. Анасы екеуіміз денсаулығына спорттың жақсы әсер ететін түсіндік. Тағы бір ой — біз ауылда еңбек етіп өстік. Ал қаладағы балалар ше? Үйде суық, ыстық су бар, шаңсорғышпен үй жинайды, кір жуғыш машина мен тоңазытқыш істеп тұр. Жағдайдың бәрі бар. Қолы бос баланың назары басқа жаққа ауады. Сол себепті спортпен айналысып, еңбек пен тәртіпті көрсе дедік. Ал не себепті теннис десеңіз, қыздарға жарақат алатын, спорттың ауыр түрімен айналысудың керегі жоқ деп ойладым. Үстел теннисінен ауыр зақым алмайды, баланың шымыр болуына, логикасының артуына, тез шешім қабылдауына көмектеседі. Оған қоса, Айназ арық, талдырмаш. Дене бітіміне де дәл осы спорт түрі лайық көрінді, — дейді әкесі Әділжан.

b93a1c9ce6829da52fd10bd1648e1b4d Айназ бен Лалагүл. Дүниежүзіне танылғысы келетін апалы-сіңлілі теннисшілер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әділжан өзінің кәсіби бапкер емес екенін ескеріп, қызын жеке клубқа береді. Онда Айназ теннистің негізгі техникасын үйреніпті. Дегенмен жаттықтырушылары Айназдың спорттағы ерекше қабілетін байқап, әкесіне оны Алматыдағы үстел теннисі федерациясына апаруға кеңес береді. Бірақ федерация Айназды қабылдамайтынын кесіп айтады.

Бала үстел теннисімен айналысуды жеті-сегіз жасында бастауы керек екен, ал біздің Айназ ол кезде тоғызда еді. Өте кеш келгенімізді айтты. Сонда да Айназдың ойынын бір көруін өтіндім. Олар да келісті. Сол кезде Айназ федерацияда 3-4 жыл жаттығып жүрген қыздарды жеңіп, өзінің икемін көрсетті. Ертеңіне жаттықтырушылар Айназды Алматыдағы үстел теннисі федерациясына қабылдайтынын айтып хабарласты. Федерацияда екі ай жаттықты, кейін карантин басталды. Сол уақытта қызым екеуіміз жаттығуды тоқтатпай, осы саябаққа келіп ойнап жүрдік, — дейді Әділжан Әділгереев.

Айназ спортқа кеш келгеніне қарамастан, қатарластарын қуып жеткен. Республикалық бірнеше жарысқа қатысып, Қазақстан чемпионы атанып үлгерген.

Негізі Айназды спорт мектебіне де қабылдады. Онда тәулігіне үш уақыт жаттығуы қажет. Тамағы да тегін, бірақ біз бұған келіспедік, өйткені қызымыздың басқа жерге қонып, тамақ ішкенін қаламадық. Оның үстіне, Айназдың тек спортпен айналыспай, білім мен тәрбие алғанын қалаймыз. Сол себепті қарапайым мектепте оқуын жөн көрдік, — дейді Айназдың әкесі.

8f529eb696394e44cb05408f3e3422d4 Айназ бен Лалагүл. Дүниежүзіне танылғысы келетін апалы-сіңлілі теннисшілер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айназ әр минутын тиімді пайдаланады. 06.00-де ұйқысынан оянады, таңғы асын ішіп, 07.30-да федерациядағы жаттығуына барады. 10.30-да үйге оралып, тапсырмаларын орындайды. Мектептен келген соң кешкі асын ішеді де, қайта жаттығады.

Сабағым болған соң федерациядағы жаттығуға үш рет баруға үлгермеймін. Сол себепті қыста ақылы клубта, ал жазда әкеммен бірге осы саябақта жаттығамын. Қазір әлеуметтік желіде каналымызды ашып, балаларға үстел теннисін ойнауды үйрететін видеолар түсіріп жүрміз, — дейді Айназ.

bbc44d5516ccc5445b9b6e1d4ea17411 Айназ бен Лалагүл. Дүниежүзіне танылғысы келетін апалы-сіңлілі теннисшілер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әділжан Әділгереев қызының жаттығуынан қалмауына қатты көңіл бөледі. Айназ 12 жасқа дейін смартфон ұстамаған, бұрынғы телефонының тек қоңырау шалатын және хабарлама жаза алатын функциясы болған.

Бос уақытында интернеттен үстел теннисі туралы қызық, пайдалы ақпарат алуын қадағалаймын, бірақ бала емес пе?! Кейде ерте тұруға қиналады. Бір күні агрессиямен жаттыға бастағанын байқадым. Сол кезде оған «Мұндай көңіл-күймен жаттыққаннан пайда жоқ, теннис ойнауды доғарайық» дедім. Келесі күні таңертең өзі оянып алыпты, жаттыққысы келетінін айтып жылап тұр. Бір жағынан ерекше қуандым. Айназ төзімді болуды, спорттың пайдасын түсінуді үйреніп келеді, — дейді әкесі.

Тынбай еңбек етіп жүрген Айназды үстел теннис федерациясы жыл қорытындысы бойынша «Ең үздік спортшы» деп танып, 250 мың теңге шәкіртақы берген. Ол биыл наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен үстел теннисін де ойнады.

Президентпен теннис ойнағанда қатты қобалжыдым, дегенмен ерекше ойын болды. Оның да бұл спорттан хабары бар екені бірден көрінді. Ол кісі маған қолтаңбасы қойылған ракетка сыйға тартты, ал мен «Әлем чемпионы боламын» деп уәде бердім. Енді сол уәдемді орындау үшін барымды саламын, — дейді спортшы.

Алайда Айназдың әкесі бұл үшін Алматыда жағдай жасалмағанын айтты.

Алматы — ел экономикасын, мәдениетін дамытып отырған мегаполис. Дегенмен Алматыдағы үстел теннисінің жағдайы мәз емес. Оны мойындауымыз қажет. Сол себепті бұл спортқа көп көңіл бөлінгенін қалаймын. Жақында президент жаңадан үстел теннисі орталығын ашып кетті. Бұл — жақсы бастама, — дейді ол.

3cfb97ede8802db7b4468d5d7cb3d6f6 Айназ бен Лалагүл. Дүниежүзіне танылғысы келетін апалы-сіңлілі теннисшілер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әділжан Әділгереевтің төрт қызы бар. Айназ — үйдің үлкені. Айназдан кейінгі 8 жастағы Лалагүл де теннис ойнайды.

Лалагүл де тенниске ерекше қызығып жүр. Жарыстарға да қатыса бастады. Айназ қатаң тәртіпке үйренген. Ал Лалагүл — ерке әрі өте белсенді қыз, энергиясы көп. Менің міндетім — оған энергиясын дұрыс бағытқа жұмсауына көмектесу, — дейді әкесі.

Әділжан екі қызы дүниежүзіне әйгілі апалы-сіңлілі теннисшілер Винус пен Серена Уильямс сияқты болса деп армандайды.

Апалы-сіңлілі Винус пен Серена Уильямс туралы түсірілген «Король Ричард» фильмінің трейлерін көргенде таңғалдым. Солардың жолымен жүріп бара жатқандай сезімде болдым. Фильмде қатал әке екі қызын тенниске баулиды. Нәтижесінде екеуі дүниежүзіне танылды. Біздің де арманымыз асқақ. Төрт қызыма да теннис үйреткім келеді. Cпорт тұғырында төртеуі тіз-қатар тұрғанын қалаймын, — дейді ол.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok