Қаржы пирамидасы: вайнер Мейіржан Төребаев кепілмен босатылды

Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер бас прокурордың орынбасарынан қаржы пирамидасы бойынша вайнерлерді жауапқа тартуға қатысты сұрады.

Mudabarah Capital қаржы пирамидасынан 169-дан астам зардап шеккен адам бар, келтірілген шығын 2 миллиард теңге шамасында. Қылмыстық жауапкершілікке 14 адам тартылып жатыр, олардың арасында танымал вайнерлер, блогерлер бар, — деді ол.

Оның айтуынша, алты адам қамауға алынған, ал вайнер Мейіржан Төребаев кепілмен босатылды.

Әр жағдайда бұлтартпау шарасы жекелей қаралады. Барлық жағдайды ескере отырып, яғни тұрақты тұрғылықты жерінің, кәмелетке толмаған балаларының болуы, оның қылмысты жасаудағы рөлі назарға алынады. Осының бәрін ескеріп, сот оған қатысты кепілмен босату бұлтартпау шарасын таңдады. Күдіктінің қамауда отырмауы жағдайы кейін ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды дегенді білдірмейді. Қазір іс бойынша тергеу аяқталды, яғни таныстыру кезеңі өтіп жатыр. Осы қылмысқа қатысты барлық күдіктінің іс-қимылына баға беріліп, оларға айып тағылды. Бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін, оны прокурорға жолдайды. Өз кезегінде прокурор істі сотқа бағыттайды, — деді бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, бұдан бұрын танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев, Азизжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталды.