2021 жылғы шілдеден бастап Бестөбе кенішінің 1 400-ге жуық қызметкері жұмыссыз қалған. Олар қазір жұмыс істемейді, бірақ орташа жалақы алады. «Алтыналмас» бұл үшін айына 400 миллион теңге ақша жұмсайды. Компания Бестөбе маңындағы байыту фабрикасының өндірісін тоқтауына тұрғындардың талабы себеп болғанын айтып отыр. Мұнан кейін жерасты кенішін шахта суы басып қалды.
Халықты «Бұдан әрі не болады?» деген сұрақ мазалайды.
Оқиға әрі қарай екі түрлі өрбуі мүмкін. Біріншісі — негатив. Екі кәсіпорынды — Бестөбе кенішін және ондаған жылдар бойы жинақталған қалдықтарды өңдейтін байыту фабрикасын толық тоқтату және жабу.
Екіншісі — прогрессив – ескі жерасты өндіру технологиясына (қауіпсіз емес қол еңбегін пайдалану)және мүмкіндігінше ашық алтын өндірудің ірі тоннажды механикаландырылған әдісіне көшіру, бұл өндірісті 10 жылға және одан да көп уақытқа ұзартуы мүмкін.
Даму бағдарламасының алдын ала құны 55 миллион АҚШ долларынан асады, ол бірнеше жылға есептелген. Жерасты кенішін дамыту бойынша жұмыс өндірістің толық тоқтап қалуын екі есеге жуық қысқартады, ал кеніш ұжымының бір бөлігі жұмыспен қамтамасыз етілуі үшін карьердің құрылысы ұсынылды.
Тұрғындардың бір бөлігі бұл ұсыныстарға наразы болды, осы жылдың шілдесінде қоғамдық тыңдауда нақты шешім қабылданады.
Менің әкем кеніште 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеді, өзім де жұмыс істеймін, дәлірек айтқанда жұмыс істедім. Жұмыс тоқтап тұрса да, жалақы төлегені үшін рақмет. Бүгін конструктив диалог өткені жақсы болды, — деді Бестөбе кенішінің қызметкері Максим Кирильченко.
Бестөбеде 90 жыл бойы алтын ашық әдіспен өндірілді, ауылдың көп бөлігі тау-кен аумағында орналасқан. Кен өндіру салдарынан жер астында бос кеңістіктер түзілген. Жүздеген үй осы бос кеңістікке түсіп кетуі мүмкін. Қайғылы жағдай болмауы үшін компания тұрғындардың үйін сатып алуды, Степногорскіге немесе басқа аудан-ауылдарға көшіруді, ал ұжым мүшелерін жұмыспен қамтамасыз ету үшін карьер салуды ойластырып жатыр.