Басты бетЖаңалықтарОномастикалық комиссия...

Ономастикалық комиссия жаңа үш облыстың атауын мақұлдады

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, отырыста жаңа облыстардың атауы мақұлданды. Шараға комиссия мүшелері, оның ішінде сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы, мәжіліс депутаты Мәлік Құлшар, ғылыми және сараптамалық қоғамдастық өкілдері қатысты.

Комиссия отырысы аясында Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары әкімдіктерінің жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарына атаулар беру туралы ұсыныстары қаралды. Сонымен қатар, мемлекет меншігіндегі жекелеген нысандарды, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар қалаларындағы көшелерді қайта атау мәселелері қаралды.

Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында бірқатар әкімшілік-аумақтық өзгерістерді атап өтті. Олардың барлығы терең экономикалық негіздемеге ие, орасан зор мультипликативтік әсері бар. Дегенмен ең бастысы-қоғамдық пікірді ескеру маңызды. Енді Қазақстанда өз  облыс орталықтары бар жаңа облыстар пайда болады. Атап айтқанда, Семей жаңа Абай облысының орталығына, Жезқазған жаңадан құрылған Ұлытау облысының  орталығына айналады, осындай өзгерістер Алматы облысына да қатысты, — деді министр.

Кез келген қаланы, елді мекенді немесе көшені қайта атау ономастика саласын реттейтін заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Комиссия келіп түскен ұсыныстарды қарайды және қорытынды береді. Оң қорытынды болған кезде қайта атау туралы шешім Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен бекітіледі.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері әкімдіктердің ұсынысын мақұлдады. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес одан әрі жұмыс істеу үшін облыстардың әкімдіктеріне жіберілетін болады. Бұған дейін республикалық ономастика комиссиясы Қапшағайды Қонаев деп қайта атау туралы оң қорытынды берген болатын.