Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының тұрғындарымен қоштасты

Бердібек Сапарбаев тұрғындардан кешірім сұрады, шығарып салуға келгені үшін алғыс айтты.

Мені осылай шығарып саласыздар деп ойлаған жоқ едім. Өзім әр уақытта «Құдайға шүкір, әр облыс мені осылай шығарып салады» деп айтамын. Соңғы облысым  Әулиеата жері болды. Оған да «тәуба», «Құдайға шүкір» деймін. Әулиеата — қасиетті, киелі жер.  Осы жерде аз да болса, жұмыс істедім. Шамам келгенше Әулиеата жері жақсарсын, халықтың жағдайы дұрыс болсын деп жұмыс істедім. Кішкене кемшіліктер болса, кешірерсіздер. Бірақ ең негізгісі қолдағандарыңызға, уақыт бөліп келгендеріңізге мың да бір рақмет, — деді Сапарбаев.

Еске салайық, Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметін 2020 жылғы ақпаннан бері атқарды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 7 сәуірде Бердібек Сапарбаевты әкім лауазымынан босатып, орнына Нұржан Нұржігітовті тағайындады.