1 миллиард теңге болатын мемориалдық кешеннің құрылысы тоқтатылды

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Түркістан облысы Ордабасы ауданында жалпы құны 1,1 миллиард теңге болатын «Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалдық кешенінің құрылысы» жобасы 511,9 миллион теңге республикалық бюджетті нақтылау үшін ұлттық экономика министрлігіне ұсынылған.

Қазіргі уақытта «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында білім беру нысандарын жаңғырту (мектептерді кеңейту, балабақшалар салу), денсаулық сақтау бойынша (емханаларды жөндеу, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер салу) және басқа да әлеуметтік нысандар басым бағыт саналады. Осылайша нысан жобасын (Түркістан облысындағы мемориалдық кешен) министрлік қолдамады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған кешен құрылысы туралы 2020 жылы хабарланған болатын. Оның құрылысы 2020 жылдың қарашасында басталып, 2021 жылдың қазанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Мемориалдық кешеннің жалпы ауданы жоба бойынша 5 гектар болады. Нысан кітапхана, көрме залы, қонақ үй, асхана, мәжіліс залы, спорт залы, киім ауыстыратын, спортшылардың жуынатын бөлмелері және басқа да қажетті құралдармен жабдықталуы тиіс еді.