Дархан Қыдырәлі. Бас басына би болса…

Осы Көрісу күніне орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Барша Қазақстан халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Жыл мерекелі де берекелі болсын!», – деп көктем мерекесіне ақ тілегін білдірді.

Жыл жақсылығымен келсін дейміз. Алаш ақыл-ойының алыбы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жыл мезгілінің осынау ақжарылқап, ақшуақ кезеңін ерекше мейірбан сезіммен жырға қосқан. Жаңа жыл жаңарудың, жаңғырудың  басы болсын деп қашаннан ақ ниетпен өмір сүретін халқымыз абыздың осы өсиетін жаңару кезеңінде еске алғаны, рухани тұрғыдан ширай түскені дұрыс сияқты. Абай он тоғызыншы қара сөзінде: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік.

Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Елдіктен кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен… Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен… Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық».

Жұрт ішінен жәуанмәрт іздеген ақын ең алдымен ел бастайтын ерін етегінен тартпай, соңынан ере алатын, арқа тұтар азаматын ардақтай білетін ынтымақ-бірлікті үлгі етеді, сонымен бірге ұлы ойшыл ұран тасталғанда ұйыса қалатын елдікті, ұлыстық береке-бірлікті іздеп отыр емес пе? Біз елдік сөз болғанда араздыққа қарамай, өкпені ұмытып, жақсыға ұйып, ар мен намысқа жүгінетін осы асыл қасиетті қайта таба алдық па? Болмаса, басқаны емес, тіпті елдің ынтымағын бүлдіруге әрекет етіп, әсіресаясиланып, хакім айтқандай «Болды да партия, ел іші жарылды» деген кепті киіп қалдық па? Кемеңгер күңіренген «Бас басына би болған» күндестік күйге түсіп, күнде шерулетіп, тым саясиланып кетпедік пе?

Расында, бүгінгі кей замандас сол Абай заманындағы пысықтарға ұқсап, көбік сөзді көпіртіп, дұрысты бұра тартып, дау-шардың қазанын қайнатып, елдің ынтымағы мен тұтастығына ши жүгіртіп, жік түсіретін дақпыртшыл даңғойға айналып бара жатқан  жоқ па?! Күйгелектікпен күйбең күйге түсіп, саясаттың сойылын соға берсек, мына қырық құбылған заманда біздің кәсібіміз бен нәсібімізді кім түгендеп береді?  

Қайсыбір жылы Жазушылар одағының съезінде сөз кезегін алып, сөйлеуге шыққан Социалистік Еңбек Ері, ырысты елдің Ыбекесі – Ыбырай Жақаевты не айтар екен деп, қалың зиялы еңбектің ерен тұлғасының аузын бағады. Мінберге көтерілген Ыбыкең: «Егінші – кетпеніне, қойшы – таяғына, жазушы қаламына ие болсын», деп қысқа қайырған екен.

Осы бір ауыз қысқа сөзде бүтін қоғамның, еңбекқор елдің, адам мен мемлекет бақытының құпиясы жатқандай көрінеді. Әрине, азаматтық қоғам қалыптасуы үшін саяси сана сергек, ояу болуы керек. Бірақ ол бәрі саясатпен айналысуы керек дегенді білдірмесе керек. Классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Әр кезде қоғам тіршілігі өнімсіздікке ұшырап, іштей жұтай бастағанда заман әуеніне қарай не дінге, не саясатқа қамшы басады», деп заманында айтқан сөзі әр уақытта алдымыздан шығады. Өнімсіздікті өркендеуге, жұтауды жаңаруға ұластыратын да жасампаз көктем қуатындай елдің еңбеккерлігі болса керек.

Бізге «Жаңа Қазақстанды» сырттан келіп бөтен біреу құрып бермейді, жауапкершілік жүгін ортақ арқалаймыз. Бұл орайда ұлт ұпайы ұранмен түгенделмесе керек. Айнала төңірегімізге зер салсақ, Алаш арыстары ғасыр бұрын айтқан алыстағы Жапонияны былай қойғанда іргеміздегі өзбектің өзі қызыл сөзді емес, қыруар шаруаны күйттеп, ырысын еселеп жатқаны анық.

«Жаңа Қазақстанды» құру үшін ұлтымыз өткеннен сабақ алып, сабасына түсіп, сапалық жаңа белеске көтерілуге тиіс. Ол үшін енжарлықтан арылып, құрыштай қайнап шынығуы, есесін түгендеп, ырыздығын арттырып, ырысты халыққа айналуы керек.  Бұл орайда тағы да семсер сөзі қазақты серпілтіп, шыңдаған хакім Абайдың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деген қарапайым адамдық қағидаты ойға темірқазық болады.