Елімізде әуе билеттерінің бағасы өсті

Ақпанның қорытындысы бойынша, әуе билеттерінің бағасы бір жылда Шығыс Қазақстан облысында бірден 45,7%-ке өсті. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында — 43,2% және Түркістан облысында — 34,8%-ке өсті.

Ақпаратқа сәйкес, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында баға өзгермегені, ал Павлодар мен Жамбыл облыстарында 14,2 және 22,2%-ке төмендегені нақтыланды.

Биыл ақпанда елдегі жолаушылар әуекөлігі қызметтерінің бағасы былтырғымен салыстырғанда 17,7%-ке өсті. Сонымен қатар, Ресейге қарсы санкциялар аясында Қазақстанның әуе тасымалы мен логистика секторы өзгереді деп күтіледі. Осылайша, әуе кеңістігін жабуға қатысты қазіргі жағдайға байланысты әуе ағынының бір бөлігі Қара теңіз аймағынан Қазақстан аумағына қайта бағытталды. Елдің аэронавигация жүйесінің мүмкіндігі қосымша әуе қозғалысын шектеусіз қабылдауға мүмкіндік береді, — деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.