Дәстүр Тұрсынхан ерлер арасында конькимен жүгіру спортынан 5000 метрлік сында 17-орыннан көрінді.
«Қытайда өткен чемпионаттарда 1, 2-орындар алып жүрдім. Әзірге негізгі құрамға енбегендіктен үлкен жарыстарға қатыса қоймадым. Дегенмен, алдағы уақытта Қытайдың ұлттық құрамасына кіруге мүмкіндігім бар. Қытайда осы спорт түрінен дайындалып жүрген қазақ бауырларым бар. Әзірге құрамада өзім ғанамын», — деді ол prosport.kz сайтына берген сұхбатында.
2 ақпанда қандасымыз ерлер арасында — 1500 метрлік, ал 4 ақпанда — 10 000 метрлік және 5 ақпан күні топтық қуалауға қатысатын болады. «Атамекенімде медаль алсам, одан үлкен бақыт болмайды, — дейді Дәстүр Тұрсынхан.
Айта кетейік, бүгін Универсиада-2017 додасының екінші күні. Командалық есеп бойынша Қазақстан құрамасы сегіз жүлдемен 2-орында келе жатыр. Ал көш басында 20 жүлдемен ресейлік спортшылар үздік нәтиже көрсетуде. Ал Қытай құрамасы польшалық спортшылардан кейін төртінші орында келе жатыр. Қытайлық спортшылар еншісінде бес жүлде бар.