— Салтанат ханым, инклюзив мектеп ашу идеясы қайдан келді?

— Өзім 16 жасымнан бері волонтермын. Режиссура, құқық мамандығы бойынша білім алдым. Жинаған білімім мен тәжірибемді қоғамға пайдалы, ерекше салаға арнағым келді. Оған қоса, баламмен бірге үлес қоса алатын кәсіби бағытты іздедім. 2016 жылы инклюзия жобаларымен айналысатын бір топпен таныстым. Олардың бір шарасына қатыстық. Әдетте біз мүгедектігі және дамуында кінәраты бар балалардың ата-анасын «бақытсыз» көреміз, бірақ сол шарада ана-аналар белсенді болғанын көріп таңғалдым. Олардың оптимизмін көріп бірден «сіздермен жұмыс істегім келеді» дедім. Сөйтіп сол топпен бірнеше инклюзия жобаларын жүзеге асырдық. Кейін қауымдастығымыздың мүшесінің көбі Қазақстаннан кетті.

Дегенмен бұл пайдалы іспен айналысуымызға кедергі болмады.  Қазақстанда, оның ішінде Алматыда қалған бірнеше отбасы бірігіп, шағын комьюнити қалыптастырдық. 2018 жылы «Әлеуметтік инклюзив бағдарламалар» қоғамдық қорын құрдық. Мақсатымыз — бірігу және бір-бірімізге көмектесу.

Ата-аналармен «кәдімгі және ерекше балаларға» арналған түрлі қызық іс-шара ұйымдастырдық. Ата-аналар өз қаражатына бөлме, ғимарат жалдап, балалар үшін әртүрлі шығармашылық, спорт конкурсын, инклюзив театр, концерт өткізетін. Бірде курсқа келген балалар «неге бізді кәдімгі мектепке қабылдамайды?» деп сұрағанда біз әлі де екі стандарты бар қоғамда өмір сүріп жатқанымызды түсіндік. Сол сәттен бастап біз ешқандай шаблонсыз толыққанды өмір сүруге, білім алуға мүмкіндік беретін мектеп ашуды жөн көрдік.

Салтанат Мурзалинова-Яковлева
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Бұл мектептің ерекшелігі туралы толығырақ айтып берсеңіз…

— Wunder academy 2021 жылы 1 қыркүйекте ашылды. 6 ай ғана болды. Оқушыларымыздың 70%-і — кәдімгі, 30%-і — «ерекшелігі бар балалар». Мысалы, мектебімізде қант диабетімен ауыратын, буллинке ұшыраған, аутизмі, даун синдромы, гиперактив синдромы және ақыл-ойында кемістігі бар балалар оқиды. 70/30 процент көрсеткіші — дискриминация емес, халықаралық тәжірибе. Сол себепті бұдан артық не кем қабылдамауға тырысамыз. Қазіргі таңда мектепте 163 оқушы оқиды, негізі 216 оқушы қабылдауға мүмкіндігіміз бар.

Мектептің басты мақсаты — инклюзив қауымдастық құру, спорт, шығармашылық, білім және тағы басқа көп салада инклюзияны қалыптастыру.

— Сабақ кәдімгі мектептердегідей өте ме?

— Иә, оқушылар 1-ден 11-класқа дейін білім алады. Барлығы бір материалды бір класта, бір партада меңгереді. Әрине, сабақтан тыс курстар: шығармашылық, спорт, ресурс кабинеттері бар. Балалар сабақтан соң сурет салады, қолөнермен айналысады, шаршаса, арнайы бөлмеде ойнайды, көңіл-көтереді. Сонымен бірге дефектолог және басқа да мамандар балалармен жеке жұмыс істейді.

— Балаларды мектепке қабылдамас бұрын олардың диагнозына мән бересіздер ме?

— Балаларды мектепке қабылдайтын кезде олардың диагнозына байланысты бөліп-жармаймыз. Дегенмен бірнеше нәрсеге мән беруімізге тура келеді. Ең әуелі бала вербал — өзіне қажет жағдайда көмек сұрай алатындай болуы керек. Бала дұрыс сөйлей алмаса, оның жанында қарайтын адамы болуға тиіс.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда мектепте лифтінің болмауына байланысты арбамен ғана жүретін оқушыларды қабылдай алмаймыз.

— Мектептің ашылғанына жарты жыл болды дедіңіз. Балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы туралы не айтасыз?

— Күннен-күнге оқушылардың қарым-қатынасы жақсарып келе жатқанын байқаймыз. Балалар бір-бірін шеттетуді, кемсітуді емес, оларға көмектесуді, бірге қызық уақыт өткізуді, тең дәрежеде араласуды үйреніп келеді. Түрлі диагнозбен келген оқушылар да ашылып, әлеуметтене бастады. Бұл прогресті ешқандай статистикамен көрсете алмаймыз. Оны тек мектеп келіп көруге болады.

Ата-аналардың балаларын біздің мектепте оқытудағы бір мақсаты бар. Олар өз балаларының қоғамда «ерекше адамдардың» бар екенін және оның қалыпты жағдай екенін үйреткісі келеді. Болашақта Wunder academy сияқты бірнеше инклюзив мектеп болады деп үміттенеміз. Онда балалар білім алып қана қоймай, өмір сүрсе, әлеуметтене алса және эмпатия қалыптасса дейміз.