2015 жылдан бері «Болашақ» коорпоративтік қоры аутизм және даму барысында басқадай ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзив білім беру «Әр бала мектепке лайық» жобасын жүргізіп келеді. Жоба аясында инклюзив білім беретін ең бірінші кабинет Нұр-Сұлтандағы №71 мектепте ашылды. Бүгінде аутизмі бар балаларды оқытатын жалпы 43 кабинет бар. Мұнда 400-ге жуық бала білім алады. «Әр бала мектепке лайық» жобасының координаторы Жазира Ескендірованың айтуынша, бұл жобаны бастауға бір топ ата-ана түрткі болған екен.

5 жыл бұрын бір топ ата-ана біздің қорға келіп, «Қазақстанда аутизмі бар балалар еш жерде оқи алмайды, тек үйде отырады» деп көмек сұрады. Кейінірек біздің қор осы мәселені қолға алды. Алғаш кабинет ашылған соң басқа ата-аналар да жобамыз туралы естіп, балаларын оқытқысы келетінін айтты. Сонда барып бұл мәселенің өте ауқымды әрі өзекті екенін түсіне бастадық. Жоба кабинет ашумен шектелмей, балаларды оқыту методикасына мән беруді де мақсат етеді. «Болашақ» қоры арнайы мамандарды дайындайды. Әр баламен жеке-жеке жұмыс істейміз, — дейді Жазира Ескендірова.

аутизмі бар балалар
Фото: «Болашақ» коорпоративтік қоры

Инклюзив мектепке балалар 7 жастан бастап қабылданады. Аутизм және басқа ерекшелігі бар балаларға арнайы мамандар жеке методика бойынша дәріс өтеді. Сабақ бағдарламасында да ерекшеліктер бар.

Баланың кейбірі дұрыс отыра алмайды немесе сөйлей алмайды. Кейбірінің мінез-құлқы қиын. Мектеп бағдарламасын толық қамти алмайды. Сол себепті барлық жағынан көмек бере алатын тәсілге жүгінеміз. Әрине, басқа оқушылар өтіп жатқан тақырыпты біздің балалар да оқиды. Тек жеткізу тәсіліміз басқа. Тақырып баланың қабылдауына қиын болса, ең керек бөлігін ғана үйретеміз, — дейді координатор.

Жазира Ескендірованың айтуынша, әр баланың қабылдау деңгейі әртүрлі. Кейбірі мектеп ортасына жылдам бейімделіп, басқа кластың оқушыларымен тез тіл табысып жатады.

Аутизмі бар балалар жоғары функционал және төмен функционал болып бөлінеді. Жоғары функционал баланың тіл дағдылары жақсы дамыған, яғни адамдармен әңгімелесе алады, айтқанды түсінеді. Бірақ мінез-құлқында проблема бар. Ал төмен функционал балалардың тіл дағдылары да дамымаған. Айтылған сөзді мүлдем түсінбеуі мүмкін. Төмен функционал баланың дамуы — өте қиын процесс. Өмір бойы сөйлей алмай өтуі де мүмкін. Бірақ бұл баланы қоғамнан шеттету керек деген сөз емес. Қандай жағдай болмасын, білім алуға құқылы, — дейді ол.

аутизмі бар балалар
Фото: «Болашақ» коорпоративтік қоры

Сарапшы карантин кезінде аутизм және басқадай ерекшелігі бар балаларға қашықтан оқу қиынға соққанын айтады.

Қашықтан оқу кезінде балаларда регресс байқалды. Сол үшін күзде санитария талабын сақтай отырып, мектепте оқытуды немесе қашықтан оқытудың басқа амалын қарастырамыз. Бұл мәселені шешіп жатырмыз, — дейді ол.

Жазира Ескендірова басқа оқушылар аутизмі бар балалармен бірге бір мектепте оқуға дайын емес деген ойды қате деп есептейді. Оның айтуынша, аутизмі бар оқушыларды басқа балалар емес, ересектер шеттетеді.

Кластастары оларға үй тапсырмасын орындауға, түсінбеген тақырыптарын үйретуге көмектеседі. Мысалы, бірде аутизмі бар бірінші класс оқушысы мұғалімін тыңдамай, сабақ оқығысы келмейді, алфавитті жаттамай, қарсылық танытты. Сол кезде оған класындағы оқушы қыз көмектесті. Осыдан кейін әлгі бала көмекке риза болды, сабаққа деген ынтасы да ашылды. Бұл оқиға мамандарға мотивация болды. Мектептегі басқа оқушылардың біздің балалармен қарым-қатынасы жақсы. Кейде тіпті кәсіби маман жасай алмаған іс «ерекше» баланың құрдастарының қолынан келіп жатады. Керісінше, ересектер жағынан проблема бар. Кей ата-ана «Біздің балаларымызбен бірге оқымауы керек» дейді, кей мектеп директоры «Бұлар мектебімнің деңгейін кері тартады» деп наразалығын білдіреді. Әрине, біз мұндай жандармен ұзақ келіссөз жүргізіп, мәселені шешеміз. Қандай жағдай болмасын, олардың айтып жатқаны — заңға қайшы дүние, — дейді координатор.

аутизмі бар балалар
Фото: «Болашақ» коорпоративтік қоры

Жоба өкілі адамдарды тек мектепте ғана емес, жалпы қоғамда аутизм және басқадай ерекшелігі бар балалардың құқығын бұзбауға шақырды.

Балалардың мінез-құлқы құбылмалы. Сауда орталығының дәл ортасында айғайлауы немесе жерге жата қалуы мүмкін. Адамдарды мұндай жайтқа түсіністікпен қарауға шақырамын. Бұл баланың да, ата-анасының да кінәсі емес, — дейді координатор.

Оның айтуынша, келешекте «Болашақ» қоры Қазақстанның әр аумағындағы инклюзив білім беретін кабинеттерді одан әрі дамытқысы келеді. Бірақ оған мемлекет тарапынан үлкен қолдау керек.

Өкінішке қарай, елде инклюзив білім беретін маман тапшы. Балалармен сөйлесе алатындар некен-саяқ. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі нақты бір аймақтағы инклюзив білім беру мәселесіне тікелей жауап бермейді. Оған өңірдің атқарушы органдары ғана жауапты. Сондықтан біз осы ведомство өкілдерімен келіссөз жүргіземіз. Қазақстанның барлық аумағындағы кабинеттерді дамытқымыз келеді. Мемлекет осы екі тұрғыдан көмек көрсетсе жақсы болар еді, — дейді Жазира Ескендірова.