Басты бетЖаңалықтарАлматы әкімдігін...

Алматы әкімдігін басып алуға қатысты деген күдіктілер ұсталды

Бас прокуратура мәліметінше, қаңтардағы лаңкестік әрекеттер мен тәртіпсіздіктерге қатысты тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Жекелеген эпизодтар бойынша қылмыстарға қатысы бар күдіктілер анықталып, ұсталды.

2022 жылғы 5 қаңтарға қараған түні Алматыда қала әкімдігінің ғимаратын басып алу кезіндегі тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан екі шетел азаматы анықталды. Олар ғимаратты қорғап жүрген мамандандырылған күзет қызметінің қарусыз қызметкерлеріне қарсы қатыгездікпен күш қолданды. Олар полицейлерге дене жарақаттарын бұрын тартып алынған арнайы құралдармен (қалқандар, таяқшалар) жасаған, — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, қылмыскерлердің жеке басы бейнематериалдарды сәйкестендіру нәтижесінде анықталған. 1 ақпанда олар соттың санкциясымен қамауға алынды. Олардың қылмыстық әрекеттері қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі («Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу»), 380-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтары («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша сараланды.

2022 жылғы 6 қаңтарда қылмыскерлер телеэфир ұйымдастыру мақсатында «Көк төбе» телемұнарасын басып алуды жоспарлап, ол үшін бейбіт тұрғындарды бірлесіп қылмыс жасауға үгіттеген және қылмыскерлер олардың өміріне қауіп төндіргені айтылды.

1992 жылы туған азамат бас тартқан соң қылмыскерлер оған мылтықпен екі рет оқ атқан, нәтижесінде жәбірленуші қолынан және жыныс мүшелері тұсынан жарақат алған. Аталған қылмыстың ұйымдастырушысы ұсталды, ол бұрын сотталған 1983 жылы туған Алматы тұрғыны болып шықты. Оның қылмысқа қатыстылығы куәгерлердің түсініктемелерімен дәлелденеді. Ол 25 қаңтарда соттың санкциясымен қамауға алынды, — делінген хабарламада.