Қоғамда отбасын құрғысы келмейтіндер бар, бірақ олардың бұл шешімі үнемі құрметтеле бермейді. Көпшілік неге жалғызбасты адамға жұп іздеуге құмар келеді және отбасын құруды ғана дұрыс әрекет деп есептейді? Синглизм деген не? Бұрын шыққан материалды қайта жариялап отырмыз.

Синглизм деген не?

Синглизм — жалғызбасты адамдарды шеттету, стигматизациялау. Алғаш бұл терминді 2006 жылы профессор, әлеуметтанушы Белла ДеПауло қолданған. Ол еңбегінде қоғам жұбы жоқ, жалғызбасты адамдарды жеке, мәдени және экономика жағдайында стигматизациялайтынын айтқан.

XXI ғасырда атауы жоқ проблема бар. Мен оны «синглизм» деп атаймын, — деп жазған Белла кітабының алғысөзінде.

Жалғызбасты және отбасылы адамдар туралы мифтер

Ол әлеуметтанушы әріптестерімен бірге осы тақырыпты 10 жылдан астам уақыт зерттеген. Нәтижесінде жалғыз адамдар қоғамда, саясатта, БАҚ-та, жұмысында, дінде және күнделікті өмірде түрлі дискриминацияға ұшырайтынын байқаған. Мысалы, оның жүргізген бір сауалнамасына 950 студент қатысқан. Ұйымдастырушылар олардың жартысынан бойдақтар туралы, енді бір жартысынан үйленгендер туралы пікірін сұраған. Сауалнамаға қатысқандардың 49%-і үйленгендерді, тек 2%-і бойдақтарды «қамқор», «мейірімді», «сенімді» деп сипаттаған екен.

Сонымен бірге профессор Белла ДеПауло жалғызбастыларға қатысты 10 мифті анықтаған. Олар:

№1 миф. Үйленгендер көп нәрсе біледі.

№2 миф. Жалғызбастыларды тек бір дүние қызықтырады, ол — өзіне жұп табу.

№3 миф. Жалғыз болу жағымсыз аураға толы.

№4 миф. Жалғыбастылар бала сияқты, өзін ғана ойлайды, жауапсыз, құндылығы жоқ, ойыннан басқа ісі жоқ.

№5 миф. Жалғызбасты әйелдер — жеңілжүрістілер.

№6 миф.  Жалғызбасты ерлер — жауапсыз, қыдырымпаз немесе гомосексуал.

№7 миф. Жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әке тәрбиелеген баланың тағдыры да құрдымға кетеді.

№8 миф. Жалғыбастылардың өмірі толық емес.

№9 миф. Жалғызбастылар жалғыз өледі, оларды ешкім іздемейді.

№10. Барлық құндылық отбасында.

Адамдар бойдақтарды бақытсыз деп есептеп, олардың өмірі трагедияға толы деп ойлайды. Меніңше, үйленгендерді де, жалғызбастыларды да ешқалай шеттетпеуіміз керек, — деп жазған әлеуметтанушы кітабында.

Иллюстрация: Burninghut.ru

Қоғамдағы синглизм көрінісі

1941-1992 жылдар аралығы КСРО-да бойдақтар мен баласы жоқтарға салық салынды. Олар дәл осы санатқа кіргені үшін ғана жалақысының 5%-ін беруге мәжбүр еді. 2022 жылы Ресейдегі белсенділер осы заңды қайта енгізуге ұсыныс білдірген. Заң қабылданбады, бірақ бұл мәселенің қайта талқылануы халықтың бойдақтарға қатысты көзқарасын көрсетті.

Жапония халқы — қоғам пікіріне қатты мән беретіндердің бірі. Бұл елде кейбірі тіпті жалға отбасы жалдайды. Бұл тәжірибені олар Family Romance деп атайды. Адамдар арнайы әртістерді жалдап, олармен бірге уақыт өткізеді, басқаларға өздерін отбасы деп таныстырады.

Сонымен бірге Жапонияда «паразит-жалғызбастылар» деген түсінік бар. Бұл — ата-анасымен бірге тұратын және солардың есебіне өмір сүретін 20-30 жастағы жалғызбастыларға арналған сөз тіркесі. Кей әлеуметтанушы оларды елдегі туу деңгейінің төмендеуіне, егде жастағы халықтың көп болуына, экономика және әлеуметтік мәселеге кінәлілердің бірі деп біледі.

2007 жылғы қазанда Италияның бұрынғы экономика және қаржы министрі Томмасо Падоа-Скиоппа ата-анасымен бірге тұратын 20 жастағы адамдарды «ересек балалар» деп атаған. Оның бұл сөзі италиялық БАҚ-та қызу талқыға түсті. Жастар министр халықтың әлеуметтік жағдайынан бейхабар екенін айтып, реніш білдірген.

Германияда жұбайлардың бірі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс тапса, ол отбасы басқаларға қарағанда аз салық төлейді.

Қазақстандағы көзқарас

Қазақстанда да жалғызбасты адамдарға қатысты таптаурын бар. Мәселен, 25-тен асқан қыздарды «отырып қалған» деп атайтындар да бар.

29 жастағы Жанар өзінің отбасы құрмауын өзі үшін де, ата-анасы үшін де үлкен проблема деп есептейді. Кейбірі оны отбасын құрмай қалды деп аяғаны себепті ғана жігіттермен таныстыруға тырысады екен.

Теңімді таппай жүрмін. Бәрі жан-жақтан «Қашан?» деп сұрайды. «Дайындала беріңдер» деп әзілмен жауап беремін, бірақ кейде бұл тақырып өзіме ауыр тиеді. Әдейі тұрмыс құрмай жүрген жоқпын ғой. Әлі теңімді таппадым. Кейбірі мені аяп, жігіттермен таныстыруға тырысады. Осы жылы міндетті түрде тұрмысқа шығуым керек. Әр нәрсенің уақыты бар екенін түсінемін. Алайда жылдан-жылға күйзеліске түсіп барамын, — дейді ол.

41 жастағы Айдана да (есімі өзгертілген) тұрмыс құрмаған. Ол өзінің жеке өміріне өзгелердің араласқанын қаламайды, «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақты жиі қоятыны үшін туыстарымен ренжісіп қалған.

Осыдан 10 жыл бұрын ата-анам, туыстарым, таныстарым «қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақты қойып, мазамды алатын. Бір жолы қатты ренжіп, ұрсып тастадым. Содан кейін олар да біраз уақытқа дейін бұл тақырыпты қозғамайтын болды. Қазір жасым 41-де. Үйім, жұмысым бар. Ақыл тоқтатқан жастамын. Болашақта тұрмыс құрамын ба, жоқ па, білмеймін, бірақ менің жеке өміріме өзгелердің араласуын қаламаймын, — дейді ол.

Бойдақтарға салық салу ұсынысы

2010 жылы Қазақстанда да «бойдақтарға салық салу» тақырыбы халық арасында қызу талқыланды. 2014 жылы демографтар үкіметке елде 30-дан асқан үйленбеген азаматтарға салық салу туралы заң шығаруды ұсынған. Бұл мәселе 2019 жылға дейін бірнеше рет көтерілген. Бұған наразылар да болды. Дегенмен бұл заң қарастырылмады.

бойдақ синглизм
Иллюстрация: Уapokupayu.ru

Бала асырап алу

Біреулер жұбын әлі кезіктірмесе, енді біреулер жай ғана үйленгісі келмейді. Дегенмен бұл ата-ана болғысы келмейді дегенді білдірмейді. Қазақстанда тіркелген некесі болмаса, ер азаматтар бала асырай алмайды.

Пәтер жалға алу

Пәтерін жалға беретін үй иелері де жалға алушы іздегенде көбіне отбасылы адамдарға басымдық береді. Оған Olx.kz, Krisha.kz, Market.kz сайттарындағы жарнамалар дәлел.

 

Жұмыс орнындағы дискриминация

Қазақстандағы еңбек құқығы бойынша барлық адамның құқығы бірдей. Адамның бойдақ болуы немесе отбасылы болуы оның жұмысқа қабылдануы, қызметіне, үстеме жұмысына әсер етпеуі керек. Дегенмен іс жүзінде бұл ереже сақтала бермейді.

Мысалы, 23 жастағы Әлия отбасын құрмаған жастарға қалауынсыз үстеме жұмыс беру қалыпты жағдайға айналғанына өкпелі.

Әріптестеріммен қарым-қатынасым жақсы. Тек үстеме жұмыс немесе кешкі уақытта жұмысты бірден бойдақтарға қарай сілтейтіні ұнамайды. Отбасылы адамдар бала-шағасы бар екенін, үйге барып, тамақ жасау керек екенін айтады. Кейбірі «Сені үйде күйеуің, бала-шағаң күтіп отырған жоқ қой» дейді. Олардың жеке өміріне құрметпен қараймын, бірақ менің де уақытыма, өміріме сыйластық танытса деймін. Бойдақ адамның маңызды шаруасы жоқ деген ойдан арылатын уақыт келді, — дейді Әлия.

Қорыта айтқанда, кез келген адам өмірлік статусына, дініне, тіліне, нәсіліне, отбасы жағдайына қарамастан құқығы тең. Олар кез келген формада шеттетуге, кемсітуге, алалауға болмайды.