Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин үш сағат келіссөз жүргізді. Енді кездесу қорытындысы бойынша екі елдің басшылары БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасайды. Қазір соны күтіп тұрмыз, — деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге екі күндік мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысының өзі бұл — қаңтар оқиғасынан, жаңа жылдан кейінгі алғашқы сапары екенін айтты. Алайда Қазақстан президент 3 ақпанда Бейжіңге жұмыс сапарымен барған еді. Ол Бейжің олимпиадасының ашылу салтанатына қатысты және ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз өткізді.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне қаңтар оқиғасында қаза болғандардың көп екені «жанына бататынын» айтты. Ал Владимир Путин Қазақстанды ел ішіндегі күрделі жағдайды пайдаланған қандай-да бір халықаралық бүлікшілердің құрбаны болды деп есептейді.
Кездесу қорытындысы бойынша екі мемлекет президенті 11 құжатқа қол қойды.