Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болғандардың көп екені «жанына бататынын» айтты

Қазақстан президенті Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін Ресей басшысы Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Шын мәнінде, бұл жаңа жылдан кейінгі, өкінішке қарай, елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейінгі алғашқы сапарым. Бұл еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен Қазақстанға шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы болды. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың саны өте көп. Бұл менің де жаныма батады. Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айттым. Әрбір жағдай жіті тексеріледі. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады. Елімізге бітімгерлік күштерін жіберу жөніндегі Қазақстанның үндеуіне жылы әрі іскерлікпен қарағаныңыз үшін Сізге тағы да ризашылығымды білдіремін. Бітімгерлік контингент стратегиялық нысандарды күзету тұрғысынан өте маңызды роль атқарды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттер екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың табысты дамуын жоғары бағалап, саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге екі тараптың да мүдделі екенін айтты.

Алдағы келіссөз барысында Қазақстанның және екі елдің де стратегиялық мүдделерін қамтитын бірқатар өзекті мәселе бойынша пікір алмасуды жоспарлап отырмыз. Маңызды келісімге қол қойылды. Жалпы, өзара стратегиялық, одақтастық қарым-қатынастар бойынша нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Саяси ерік-жігер бар, сондықтан нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұдан бұрын да Қазақстан мен Ресейдің Құдай қосқан көрші екенін айтқанбыз. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара да бізге тиесілі. Елдеріміз арасында достық пен ынтымақтастықтан басқа қарым-қатынас болуы мүмкін емес, – деді Қазақстан президенті.