«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды

Жалпы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен парламент қызметінде орын алып, мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт. Сондықтан парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және президент тапсырмаларын мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құрылғанын ресми түрде жариялаймыз, — деді Еділ Жаңбыршин мәжіліс отырысында.

Депутаттың сөзінше, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға дайын.

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешуге қызмет етеді. Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан әрі тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі, — деді Еділ Жаңбыршин.