— Айнұр, не себепті Ұлыбританияда оқуды жөн көрдіңіз?

— Негізгі мамандығым — педагогика. Бакалавриатты тәмамдаған соң Ақтаудағы мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Оқушыларға ағылшын тілін Ұлыбританияның көрікті жерлерімен байланыстырып оқытатынбыз. Британ мұражайы, атақты Tower bridge көпірін, Big ben мұнарасын көрсетеміз. Дәріс кезінде сол жерлерді өз көзіммен көргім келді. Әрине, оған қоса білімімді арттырып, кәсіби тұрғыдан өскім келді.

Ал Бристоль университетін  таңдауыма оның дүниежүзінің ең үздік 60 жоғары оқу орны қатарына енуі себеп болды. Сонымен бірге мен «білім беру саласындағы басқару» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Көбі дәл осы бағыт және ғылыми зерттеу жұмысы бойынша Бристоль университетінің мықты екенін мойындайды екен.

— Студенттің кейбірі «Болашақ» бағдарламасы грантын ұтып алуға көбірек мән береді де, оқу процесі қалай болатыны жөнінде ойлана бермейтін сияқты. Мемлекеттік бағдарламамен шетелге оқуға түскен студент не нәрсеге дайын болуы қажет?

— Біріншіден — ағылшын тілін меңгеру. Көбі ағылшын тілін жетік меңгеруді емес, IELTS халықаралық тестінде жеткілікті көрсеткішке ие болуды мақсат етіп жатады. Соның салдарынан IELTS-тан жоғары 6.5-7 балл жинаса да, оқуға келгенде ағылшынша сөйлеуден, профессорлардың ғылыми тілін түсінуден қиналатындарды көреміз. IELTS тілді меңгеруге емес, тестіні жақсы тапсырып шығуға, жоғары балл жинауға ғана екпін қоятынын ұмытпаған жөн. Сол себепті тек тест дайындығына сенбей, күнделікті өмірде ағылшын тілінде сөйлеуді, сөздерді қолдануды, коммуникация орнатуды үйренген абзал.

Екіншіден — сыни ойлау. Бұл — көбіне Орталық Азия студенттерінің ортақ проблемасы. Өкінішке қарай, біз жаттап оқуды әдетке айналдырғанбыз. Қытайдан келген студенттердің де сыни ойлау жүйесі қалыптаспаған. Ал мұнда педагогтар студент кез келген дәрісте сыни ойлау білу керек екенін айтады. Эссе жазсаң да, тақырыпты талдасаң да, сұрақ қойсаң да, анализ жасасаң да, міндетті түрде сыни ойлау арқылы жұмыс істеуіңді талап етеді.

Негізі сыни ойлау тек шетелдегі оқу кезінде емес, жалпы өмірімізде қажет. Сол себепті «Болашақ» гранты арқылы шетелде оқуға дайындалған кезде осы тұсыңызды да дамытқан жөн. Мысалы, өзім бакалавриатта оқығанымда пікірсайысқа қатыстым. Сол жерден сыни ойлау, аргумент дегендерді үйрендім. Басқаларға да пікірсайыс немесе өзге де сыни ойлауды қалыптастыруға көмектесетін курстарға қатысуға кеңес беремін.

Үшіншіден — академиялық жазу. Магистратурада оқып жүрген адам диссертация жазады, ғылыми зерттеу жұмысымен айналысып, ғылымға қадам басады. Ал диссертацияны ауызекі тілде жазуға болмайды. Оның өз тілі, форматы, қолданатын сөзі, нормасы бар. Көбі дәл осы академиялық жазуды білмейді. Сондықтан түрлі ресурстан, Youtube-тан академиялық жазудың не екенін және оны қалай жазу керек екенін үйренген жөн.

Төртіншіден — шыдамды болу. Бәріміз грант ұтып алған соң бәрі жақсы болатынына сеніп келеміз. Дегенмен шет тілінде оқу, профессорлардың қиын терминдерін түсіну бәріне бірден оңайға соқпайды. Мұндай кезде бірден сынып қалмауға тырысу керек. Оқу кезінде болатын күйзеліске мораль тұрғысынан алдын ала дайын болғаны дұрыс.

Айнұр Әбдіғаниева, Болашақ студент
Айнұр Әбдіғаниева. Фото жеке архивінен

— Қазір шетелде «білім беру саласындағы басқару» мамандығын теория жүзінде оқып та, тәжірибе жүзінде көріп те жүрсіз. Қазақстанның білім беру саласындағы саясатына қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

— Білім саласындағы зерттеушілер бір елдің жүйесін екінші елге өзгеріссіз енгізуге болмайтынын айтады. Себебі әр халықтың өз құндылығы, менталитеті, мәдени ерекшелігі  бар. Жүйе осы ерекшеліктермен адаптацияға түсуі қажет. Мысалы, Ұлыбританияда оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынас өте еркін форматта өрбиді. Студент елу-алпыстағы мұғалімін  атымен ғана атай алады. Олар үшін бұл — қалыпты жағдай. Осы қарапайым нәрсе студент пен мұғалім арасындағы тосқауылды бұзып, тығыз байланыс орнатуға көмектесіп отыр, бірақ өзіме үлкен кісіні атымен атау қиын болды. Себебі менің бойыма сіңірген менталитетім оған жол бермеді. Дегенмен қазақстандық ұстаз бен оқушы, студент арасына дәл осы еркіндікті, байланысты басқалай да алып келуге болады. Мәселен, біздің оқытушылар өзін «оқушыдан немесе студенттен бір саты жоғарымын» деген ойдан, диктаторлық басқарудан арылуы керек. Мұғалім саналы түрде оқушыларға еркіндікті өзі ұсынуы керек.

Сонымен бірге баланың мысын басудың орнына мотивация бере білгені жөн. Студент немесе оқушының тапсырмадағы кемшілігін бетіне баспай, әуелі артықшылығын айтып, кейін қатесін қалай түзеуге болатынын, қалай анализ жасау керек екенін, кеңесін айтса, студент өзіне сенімін жоғалтпай тапсырманы келесі жолы одан да жақсы орындауға тырысады.

Бағалау жүйесіне де тоқталғым келеді. Қазақстан ЖОО-ның көбінде емтихандар тест немесе жабық сұрақ күйінде келеді. Сол себепті бала мәліметті түсінуге емес, жаттап алуға әуес, сыни ойлау жүйесі қалыптаспаған. Меніңше, оның орнына форматив және сумматив бағалауға ден қойғаны абзал. Оқытушы оқушыны сумматив бағалау жүйесі арқылы бағалайды, форматив бағалау арқылы онымен кері байланыс орнатады. Жеке басым, мектепте де, университетте де емтихан тапсырған соң мұғалімнен фидбэк алған емеспін. Мұғалімдер емтиханда не себепті осындай балл алғанымды, қай жерден қате кеткенімді келіп түсіндірген емес. Ал Ұлыбританияның мектеп және ЖОО білім жүйесінде кері байланыс — міндетті нәрсе. Оқытушы әр жауабыңа ерінбей талдау жасап, қайдан қате кеткеніңді, неге дұрыс емес екенін түсіндіріп жазып береді. Осы бағалау жүйесін Қазақстандағы мектеп, университет оқытушыларының да қолданғанын көргім келеді.

Қазір елде білім саласына қатысты заңдар өзгеріп жатыр. Педагог мәртебесі артты, магистратура мен доктарантурада оқығандардың жалақысы жоғарылап жатыр. Магистратураға түсуші саны да артып келеді. Ал магистратура мен доктарантура — ғылыммен айналысу. Өкінішке қарай,   қазақстандық көп студент зерттеу жұмысын жүргізуді, зерттеу жұмысының сұрағын құрастыруды, этика формасын білмейді. Сол себепті, меніңше, бакалавриат бағдарламасына ғылыми зерттеу жұмысының не екенін және жазуды үйрететін пән қосу қажет.

— Әңгімеңізге рақмет!