Тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға өтінішті қалай беруге болады?

Отбасы банк қазақстандықтардың тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға қатысты онлайн өтініштерін қабылдау үшін платформаның функционалдығын пысықтап жатыр. Жұмыс барысын автоматтандыру үшін банк 6 мемлекеттік органның 16 дерекқорымен интеграция жасауы қажет. Сондықтан баспананы жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасы 2022 жылғы мамыр айынан бастап іске қосылады.

Көп балалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар жалдау ақысын субсидиялауға өтініш тапсыра алады. Алайда үміткерлер тұрғын үй алу кезегінде тұруы қажет.

Олардың әрбір отбасы мүшесіне шаққанда кейінгі 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір мөлшерінен аспауға тиіс (2022 жылы 1 КМ – 36 018 теңге).

Мұндай отбасыларға көмек ретінде бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа мемлекет 70 мың қазақстандықтың баспананы жалға алу құнының жартысын субсидиялайды.

Бұл тізімдегілердің дені — 51 мыңға жуығы, көп балалы отбасылар. Тағы 10 мыңы — 1 және 2-топтағы мүгедек жандар, 7 мыңы — мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасылар, 2 мыңы — жетім балалар. Енді бұл азаматтар үшін баспана мәселесі аса өткір болмайды. Олар аталмыш бағдарлама арқылы отбасылық бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік алады. Үнемделген қаражатты тұрмысты жақсартуға бағыттауға болады немесе жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына қатысу үшін қаражат жинақтауға да мүмкіндік бар, — деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Бағдарламаға қатысатын азаматтардың тізімін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасайды. Оны алғаннан кейін Отбасы банк аталмыш бағыттың операторы ретінде жалдау ақысын субсидиялау мүмкіндігі туралы тізімдегі азаматтарға хабар береді. Ізінше үміткер банк филиалына келмей-ақ, Baspana market платформасы арқылы онлайн өтініш бере алады.

Ол үшін қазақстандықтардың ЭЦҚ кілті болуы қажет. Өтініш берушінің кірісі платформада тексерілгеннен кейін ол өзіне қолайлы баспана тауып, оны жалға алу шартына онлайн қол қойып, тіркейді. Содан кейін шот ашып, жалға алу құнының 50%-ін сол жерге аударады. Банк өз тарапынан қалған 50%-ін аударып, жалға алушының төлем тәртібін одан әрі қадағалайды.

Үміткердің жалдау ақысын субсидиялауға онлайн өтініш беру мүмкіндігі болмаса, ол бұл жұмысты Отбасы банкінің бөлімшесінде өз-өзіне қызмет көрсету аймағында істей алады.