Қазақстанның бірқатар өңірінде газ арзандады

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар мнистрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселен, 2021 жылғы қыркүйек айының соңында «ҚазТранГаз Аймақ» АҚ тарифтік ведомствосының сұрауы бойынша бағаға сараптама жүргізу үшін қажетті құжаттар ұсынған болатын.

Баға сараптамасы аясында, Табиғи монополияларды реттеу комитеті ұсынылған материалдарға мұқият талдау жүргізді, сонымен қатар «ҚазТранГаз Аймақ» АҚ қосымша ұсынған материалдарды зерттеді. Осылайша, баға сараптамасын қарау қорытындысы бойынша, Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚазТранГаз Аймақ» АҚ елдің барлық газдандырылған өңірлеріне жабдықтау үстемесін 15% — дан (Шығыс Қазақстан облысы) 50,63% — ға (Атырау облысы) дейін төмендетті.

Комитет мәліметінше, тұтынушылар үшін газдың бағасы 70-80%-ға Энергетика министрлігі бекітетін көтерме бағаға байланысты, ал табиғи газ бағасының қалған бөлігі тасымалдау қызметтері мен Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттейтін газды өткізу шығындарынан тұрады.

Жабдықтау үстемесін төмендету жұмыстары нәтижесінде комитет тұтынушылар үшін тауарлық газдың түпкілікті шекті бағаларын 0,34-тен 38,96%-ға дейін төмендеткен.

Төмендетілген бағалар 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап күшіне енеді.