Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қорын басқарады

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қордың құрылтайшылары «Қазақстан халқына» қорының төрағасы қызметіне мемлекет қайраткері, белгілі қаржыгер Болат Жәмішевті сайлады.

Бақылаушылар кеңесіне денсаулық сақтау мен білім беру салаларының белгілі қайраткерлері, сонымен бірге ҚР қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері кірді.

«Қазақстан халқына» қоры денсаулық сақтау, білім беру, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын әлеуметтік қолдау саласындағы нақты проблемаларды шешумен айналысады. Қордың қызметі қоғамды біріктіруге және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ықпал етеді, — делінген хабарламада.

Қор жеке және мемлекеттен қаржыландырылады, сонымен қатар халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту жоспарда бар.

Үкіметі басшысы Әлихан Смайылов пен премьер-министр кеңсесінің қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын «Қазақстан халқына» қорына аударды.

Үкімет бизнес өкілдерін, ең алдымен, ірі бизнесті әлеуметтік жауапкершілік танытып, қорды қаржыландыруға көмектесуге үндеді.