Алматы әуежайында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әуежайдың полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Авиациялық қауіпсіздік қызметі өкілдерімен бірлесіп, металл іздеу құрылғылары арқылы тексеріс жүргізіліп жатыр. Қазір терминалға кіруге тек ұшатын жолаушыларға рұқсат берілген. Жолаушылар мен олардың жүктері тексеріледі, — деді полиция подполковнигі.

Сонымен бірге, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың ҚР көші-қон заңнамасы талаптарын сақтауына бақылау күшейтілгені айтылды.

Қазір елімізде санитарлық-эпидемиология ахуалы жақсармағанын, керісінше, күн сайын СОVІD-19 жұқтырғандар саны артып отырғанын айтқымыз келеді. Сондықтан азаматтарға әуежай мен басқа да қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын сақтауды, жеке қорғану құралдарын қолдануды сұраймыз, — деді Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Талғат Тәліпов.

Талғат Тәліпов жолаушылардан құжаттарды тексеру кезінде полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және оларға көмек көрсетуді сұрады.